Естімеген елде көп: Магистр атанған ит
Америкалық университеттердің бірінде ит магистр дәрежесін алды, - деп жазды «Жаңақорған тынысы» сайты массагет.кз порталына сілтеме жасап.
25 жастағы Бриттани Хоули есімді азаматша АҚШ-тағы Кларксон университетін тәмамдап, магистр дәрежесін алды. Диплом табыстау салтанатты шарасында дәл осындай атақ оның итіне де берілді. Ретриверді қожайыны Гриффин деп атайды екен. Университеттің Қамқоршылар кеңесі итті "тынымсыз еңбегі мен адалдығы" үшін марапаттау туралы шешім қабылдаған. Бриттани мүгедектер арбасымен қозғалады. Гриффин сабаққа дейін де, кейін де, тіпті, лекция-семинар уақытында да онымен үнемі бірге жүрген. Негізгі міндеттері есік ашу, жарықты қосу, қожайыны арнайы лазер арқылы көрсеткен түрлі заттарды апарып беру болған. Оған қоса, Бриттаниге тағылымдамадан өтуге де көмектескен. Бриттанидің өз-өзін ауырсынуы үнемі мазасыздық, қорқыныш пен депрессияға алып келеді. Гриффин бұл жағдайды жеңуге тырысып, оның айналасындағы атмосфераны жайлы әрі қауіпсіз етуге талпынып жүреді. Қожайынының айтуынша, Гриффин екеуі оқудың алғашқы күнінен бастап бәрін бірге жасаған. Олар Солтүстік Каролинада тәжірибеден өтіп, онда тірек-қимыл аппараты мен психоәлеуметтік ауытқуларға шалдыққан сарбаздарға көмектескен.