» » «ЖАҢАҚОРҒАН ТЫНЫСЫ» 2018 ЖЫЛДЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАДЫ

«ЖАҢАҚОРҒАН ТЫНЫСЫ» 2018 ЖЫЛДЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАДЫ



   Биыл Жаңақорған ауданының үнжариясына, жаршысына айналған «Жаңақорған тынысы» газетінің ақпарат айдынында шыққанына 85 жыл толды. Мерейтой аясында жоспарлы мәдени-рухани шаралар ұйымдастырылып, оқырманның ықылас-пейіліне бөленді. Сонымен, жыл аяқталуға санаулы күн қалды. Осы ретте, мерейтой аясында қандай бастамалар атқарылды? Олар қандай деңгейде өткізілді? Газеттің көтерген тақырыптық ауқымы қадай болды? Басылым көтерген мәселелер шешімін тапты ма? Таралымы артты ма? Осы сұрақтардың жауабын 2018 жылды қортындылаған жиында білдік.

         
   Шара басында жыл бойы өткізілген шаралар жайында дайындалған ролик көрсетілді. Онда басылымның байырғы редакторлары Айдархан Бибасарұлы, Алмас Бекжігітов, Қаныбек Әбдуовтың қатысуымен өткен "Сөздің салмағын оқырман таразылайды" кездесуі, Баян Үсейінованың "Сара сөзден іржу терген" атты шығармашылық кеші, "Қоғамдық сананы қалыптастыруда төл басылымның рөлі" атты аймақтық семинар және т.б. арқау болды. Сонымен қатар, өңір-өңірлердегі журналистердің "Жаңақорған тынысына" деген ықылас-ниеті арқау болған ролик көрсетілді.
Алқалы жиынды газеттің бас редакторы Нұрлат Байгенже ашып, әріптестерін жылды абыройлы аяқтауымен құттықтады.
  Жиынға арнайы шақырылған аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әбілғазы Төлегенов пен «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірініші орынбасары Мәжит Балқожаев ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен рухани-мәдени көкжиегін ақпараттандырып, билік пен халықтың арасында дәнекер болып жүрген тілшілерге алғыс білдірді.
   Әрі аудан әкімдігінің өкілі Әбілғазы Берденұлы басылым бас редакторының орынбасары, қарымды қаламгер Баян Үсейіноваға Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Руслан Рүстемовтің «Алғыс хатын» табыстады. Сондай-ақ, аудандық газеттің жауапты хатшы Әбдісамат Әбдішке Жаңақорған ауданы әкімінің «Құрмет грамотасын» берді. Ал, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының бірінші орынбасары Мәжит Балқожаев өзінің «Алғыс хатын» тілші Айсұлу Алданазарға беріп, шығармашылық тұрғыда биіктерден көріне беруге тілектестігін жеткізді.
   Жиын барысында Әбдісамат Оңғарұлы журналистердің газет өндірісіне атсалысу деңгейін саралап, сараптап, арнайы беттердің газет мазмұнын арттырудағы орнына тоқталды. Әрі, газеттің жұмысын жүйелі жүруіне атсалысып жүрген редакция ұжымы өкілдерінің алған марапаттарына тоқталды. Одан әрі, бас маман Ғазиза Сәулебекова жарнамадан түскен қаржы жөніне тоқталып, алдағы уақытта жарнамадан түсетін қаражатты көбейту туралы ұсынысын білдірді.

   Баспасөзге жазылу – жауапты науқан. Кез-келген газеттің бедел деңгейі оқырмандар санымен көрініп жататыны шындық. Сондықтан басылымның баспасөз маманы Орынбай Әбжалелов газетке жазылу науқаны жөнінде баяндап, соңғы үш жылдағы газетке жазылу деңгейін талдады, әрі шығармашылықта қандай ұжымдарға басымдық беруге болатынын айтты.

Жиын соңында ұжымның аға буыны Ерубай Қалдыбек пен Баян Үсейінова шығармашылық жұмыста өнімді жұмыс жасап, жауапкершілік танытып жүрген әріптестеріне жылды жүйелі қорытындылауымен құттықтап, кез-келген жетістікке жетудің жолы – ауызбіршілікте екенін сөз етті.

  Басқосуды қорытындылаған басылым басшысы Нұрлат Айтжанұлы 2019 жылы атқарылатын жұмыстарға да тоқталды. Яғни, Ерубай Қалдыбектің шығармашылығын арқау ететін кітап шығару, Жастар жылына байланысты газет жастарының концертін ұйымдастыру, дойбыдан Құдайберген Ертасов пен Оразалы Мұсабековтың турнирі мен Адырбек Сопыбековты еске алуға арналған ақындар мүшайрасын жалғастыру жайы айтылды.

                                                                                                        Айсұлу АЛДАНАЗАР.
           



     
26 желтоқсан 2018 ж. 1 454 0