ҰБТ алдағы жылдан бастап 4 рет өткізіледі
ҰБТ – білімгерлердің мектеп бағдарламасын игеру деңгейін саралайтын мүмкіндік. Соңғы уақытта тестілеудің нәтижесімен мектептердің рейтингісі айқындалатын болды. Сондықтан, бүгінде ҰБТ-ға дайындаудың түрлі әдіс-тәсілдері қалыптасты. Тіпті, 2019 жылдан бастап ҰБТ жылына 4 рет өткізілмек. Соны білмекке Ұлттық тест орталығы Жаңақорған филиалының басшысы Мақсат Сәрсенбайды әңгімеге тарттық.

– Иә, ол рас. Бірақ оның үшеуі ақылы негізде болса, біреуі мемлекеттік грантқа үміткерлерге арналады. Яғни, мемлекеттік грантқа үміткерлер жылдағыдай маусым және шілде айында ҰБТ тапсырады. Ал, 2019 жылдың 15-20 қаңтар аралығында алғашқы ҰБТ бастау алады. Оған өтініш қабылдау 1-15 желтоқсан аралығында жүргізіліп жатыр. Сонымен қоса, наурыз айының 24-29 аралығында өтетін тестке 1-15 ақпан аралығында өтініш қабылданады. 20 маусым мен 1 шілдеде өтетін тестілеуге өтініш қабылдау 10 наурыз бен 10 мамыр аралығында жүргізілсе, соңғы сынақ тамыздың 17-20 күндері өтеді. Қаңтар, наурыз, маусым және тамыз айындағы әр тестілеуге кіру құны – 2242 теңге.
Мақсат Бағдатұлының айтуынша, облыс бойынша қаңтар айындағы тестілеу Қызылорда қаласы, Әйтеке би кенті және Жанақорған кентінде ұйымдастырылады. ҰБТ- ға қатысуға ниетті оқушы жергілікті ҰБТӨП-ке өтініш беріп, тестілеуге ақы төлеп құжаттарын тапсырады. Нақтырақ айта кетсек, қажет құжаттарға 3*4 көлеміндегі 2 сурет, жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі (жасы 16-ға толмағандар туу туралы куәлігінің көшірмесін), өзі білім алатын орта білім беру ұйымынан 2 дана анықтама және тестілеуге ақы төлегені үшін түбіртек тапсыруы қажет.
– Алдағы тестілеуге қатысқан оқушы маусым айында өтетін ҰБТ-ға қатыса ала ма?
– Қаңтар және наурыз айында ҰБТ-ға қатысқан оқушы маусым айында өтетін ҰБТ-ға және мемлекеттік білім беру гранттарының тағайындау конкурсына катысу мүмкіндігінен айрылмайды. Оқушы ол тестке де қатысып, грантқа түсу мүмкіндігіне ие.
– Ағымдағы жылы өтетін ҰБТ-ның форматында қандай өзгерістер бар?
– Алдағы ҰБТ тапсыру форматында өзгеріс жоқ. Оқушы 5 пән бойынша, яғни, математиқалық сауаттылық, оқу сауаттылығын, Қазақстан тарихы және мамандық таңдауына сәйкес 2 бейіндік пән бойынша тест тапсырады. Жалпы тест 120 сұрақтан тұрады. Максималды балл – 140. Шекті балл – 50. Тест уақыты – 3 сағат 50 минут.
Оның сөзінше, бүгінде ауданда 880-нен астам түлек мектеп қабырғасымен қоштасқалы отыр. Қазіргі уақытта жалпы білім беретін мектептерде филиал басшысымен қатар мұғалімдер, сарапшы ата-аналар, оқушыларға ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Қазіргі ақпараттық техналогия заманында ҰБТ-ға дайындықтың ең тиімді түрі онлайн бақылау сынағын тапсыру. Сондықтан, оқушылардың дайындықтарын зерделей түсуі үшін онлайн байқау сынақтарын тапсырған абзал. Бір рет онлайн бақылау сынағын тапсыру ақысы – 260 теңге.
Айта кететіні, биыл ағылшын тілін меңгергендігін растайтын халықаралық сертификаты бар тұлғалар үшін «Шет тілі» пәні бойынша ҰБТ-дан босату туралы ереже енгізіледі.
Айсұлу АЛДАНАЗАР.
Пікір 1