Шымкентте жаңа жылдық безендіруге қазынадан 70 млн теңге бөлінген
Шымкентте жаңа жылдық безендіруге бюджет қаржысынан 70 млн теңге бөлініп отыр. Бұл туралы жуырда ғана Орталық коммуникациялар қызметінде журналистерге Шымкент әкімі мәлімдеді деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.
Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың сөзінше, алып шаһар үшін 70 млн теңге көп қаржы емес.
"Мен ойлаймын үлкен қала үшін 70 млн теңге көп ақша емес. Құрметті журналистер, бұл мәселеге түсініктікпен қарауларыңызды сұраймын. Лондон мен Парижді, Мәскеуді қараңыз. Қазір бәрі қалай жасалынып жатыр?! Кез келген адам өмірді "вау" деп сүргісі келеді. Әйел азаматтары неге боянады? Біз неге әдемі киіп сатып аламыз? Неге сыйлық жасаймыз? Себебі "вау" болу үшін", - деген Әбдірахымов
"Егер тұрғындар жаңа жылдық безендіру қажет емес деп шешсе, оны жасамай түнерген қалада өмір сүрейік онда", - деп қосты ол.
Еске сала кетейік, былтыр Шымкентті жаңа жылға орай сәндеу жұмыстарына қазына қаржысынан 49 млн теңге бөлінген болатын.
Ал биыл жаңа жылдық шырша жуырда ғана пайдалануға берілген "періштелі" Арбатқа тәуелсіздік мерекесінен кейін, яғни 18 желтоқсанда қойылмақ.