» » Журналистикадағы жаңа бетбұрыстар: БІЗ ОҒАН ҚАНШАЛЫҚТЫ ДАЙЫНБЫЗ?

Журналистикадағы жаңа бетбұрыстар: БІЗ ОҒАН ҚАНШАЛЫҚТЫ ДАЙЫНБЫЗ?

       Сыр өңірі аудандық газеттердің өкілдерімен бірге Мәскеуді бағытқа алдық. Ондағы мақсат – халықаралық конференцияға қатысып, ақ­параттық нарықтың бағыт-бағдарын бағамдап, медиаға сандық технологияны енгізудің артықшылығын біліп, тәжірибе алмасу.
   Сонымен, 24 – қазан сағат 7.20-де Ресейдің «Аэ­рофлот» компаниясының «Airbus A320» ұша­ғымен әуеге көтерілдік...
Қызылордадан алыстаған сайын бір-бірімен жарысқан бұлттардың арасына еніп, көкке көтеріліп келеміз. Құдайдың құдіретінде шек бар ма?! Аспан кеңістігі... «Бұлттар, бұлттар, ар­ғымақтар көктегі, Кімнен озбақ, неден озбақ жүйрігің?..» дегендей бұйра-бұйра бұлттарды бағындырып, ашық кеңістікке көтерілдік...

Өз биігіне көтеріліп батысты бетке алған ұшақ ішіндегі жолаушылардың кейбірі «жанар майын құйса ұшады, қонады» ұстанымымен қауіпсіздік ережелерін де сақтамай, алшаңдай басып арлы-берлі ойқастайды. Ал, енді біреулері ұйқыға ерік беріп, күндізін түнге айналдырып, жолды қысқартып әлек. Енді біреулер пысыр-пысыр әңгіме ағызып, біреуді мақтап, біреуді даттап отыр. Осындай көріністі бағдарлап отырғанда ұшақ Мәскеу аспанына да ілініпті. Қаланың солтүстік-батысындағы Химкинск су қоймасының үстімен өтіп, Шере­метьево халықаралық әуежайына төмендеп келеді. Ұшақ тастақ жолға түсіп, арбадай солқылдай жөнелгенде қасымдағы әріптесім орындықтың жақтауынан тас қып ұстап алғанын байқадым. Бір сәтте экипаж жетекшісі сәтті қонғаны жайлы хабарлағанда ол терең дем алып, жан-жағына қарады...
...«Қорқыт» секілді екі қабатты аядай ғана емес, Шереметьевоның аэропорттардан көп өзгешелігі бар, ерекше бір көріністі аңғартты. Сандаған ұшақ келіп қонып, сол мезетте әлденеше ұшақ әуеге көтерілуде. Біз қонған аэропорттың алаңында он шақты ұшақ іркес-тіркес ұшып жатты. Самолеттердің бірі үлкен, бірі кіші.
Олай болмағанда ше? 1953 жылы 1 қыркүйекте әскери аэродром ретінде негізі қаланды. 1959 жылдың 30 шілдесінен аза­маттық әуежай ретінде жұмысын бастаса, 11 тамызда алғашқы «Ту-104» ұшақ Ленинградтан келіп қонады. Содан бері әуежай дамыл тапқан емес...
Әуежай ішінде адам қарасы көп. Адам­дардың қозғалысы асығыс-үсігіс. Бір-біріне қарайтын уақыты да жоқ. Мұндай әрекеттің мәнін Мәскеуге енгенде түсіндік. Бұл жөнінде сәл кейінірек...
Таксиге отырып Химки қаласы мен Мәс­кеуді жалғайтын 19 шақырымдық Ленинград шоссесіне түстік. Жол қысқарсын дегендіктен болар, көлікті тізгіндеуші таксист тарихи көшенің өткені мен бүгіні жайлы қаузады. 1720 жылы Петр патша Мәскеу мен Петербургтың арасын жалғайтын көшенің түсуіне бастамашыл болады. ХІХ ғасырдың басында фран­цуз инженері Пьера Трезаге қайта жаң­ғырту жұмыстарын жүргізеді. 1930 жылдан Мәскеу мен Химки ауданын байланыстыратын негізгі жолға айналады. Шоссе Лининград проспектісімен жалғасып, діттеген жерге де жеттік.
Алдын ала түзілген бағдарламаға сай Әлия Молдағұлова атындағы №402 мектепке қарай аяндадық. Қаланың шығыс жағында орын тепкен Ә.Молдағұлова көшесінің бойында орналасқан білім ордасы еңселі екен. Мектеп директоры Юлия Литвинова күтіп алып, білім ордасымен таныстыра бастады. Алдымен Ұлы Отан соғысының батыры Әлия Молдағұловаға қойылған ескерткішке гүл шоқтарын қойдық.
– 2005 жылы ескерткіш-бюст Ұлы Отан соғысының 60 жылдығы мен Әлия Молда­ғұлованың 80 жылдығына орай қойылды. Ашылу салтанатына сол кездегі елші Қырымбек Көшербаев арнайы келіп, біздің жауынгерлердің ерлігі мен бауырластығын есте сақтайтын кешен болады дегені есте қалды. Батырдың туған күні мен Ұлы жеңіс күні оның рухын асқақтатып, рухани-мәдени шаралар жасап, ескерткіш алдына гүл шоқтарын қою дәстүрге айналған, – деді директор Юлия Сергеевна.
Мектептің ауласында бір қылау жоқ, айнадай тап-таза. Ұстаздары да, оқушылары да ілтипатты, кішіпейіл. Жоғары сынып оқушылары пәндік олимпиадаларға дайын­дықты күшейте түсіпті. Бізді қызықтырғаны, мектептің «Вестник гимназий» газеті мен «Алия» студиясы. Яғни, білім ордасының тыныс-тіршілігін толығымен қамтитын газет шығады және роликтер дайындалады. Әрі интернет ресурсы да мектеп жаңалықтарын таратуда икемдепті. Яғни, сайтта білім ордасының кешегісі мен бүгіні, онда атқарылып жатқан шаралар түгел қамтылған...
Білім ордасындағы мұражайға енгенде Ә.Молдағұлованың рухын сезінгендей болдық. Батырдың ондаған суреті мұражайдан лайықты орын тауыпты. Қазақ халқының болмыс-бітімі мен таным-түсінігін айшықтайтын жәдігерлер де қойылған. Қазақстаннан әр жылдары келген қонақтардың мұражай қорына табыстаған заттары да көзге ыстық басылды. Екінші дүние жүзілік соғыста пайдаланған қару-жарақтар мен снарядтарға да орын берілген екен.
Бізге 1-сыныптың оқушылары Әлия Мол­дағұлова мен Қазақстан жайлы оқыған-білгені жайлы кезек-кезек баяндады. Сынып жетекшісі Наталья Николаевна қазақ қы­зының ерліктерін тамсана айтып, алаш ұлты­ның Екінші дүние жүзілік соғыста отан қорғаудағы ерліктеріне тоқталды. Әрі Әлия Молдағұловамен мақтанатынын жеткізді.
Мектеп мұражайымен мұқият танысып бол­ғаннан кейін Сыр өңірінен алып келген кәде сыйлар мен кітаптарды табыстадық.
Одан кейін көрнекті қоғам қайраткері, қазақ халқының біртуар перзенті, ағартушы-демократ Ғани Мұратбаевтың жамбасы тиген «Ваганьковско» қорымына барып, рухына Құран бағыштадық. Әрі тарихи тұлғаның азаматтық, қайраткерлік істерін еске алдық...

САНДЫҚ ТЕХНОЛОГИЯ – ДАМУДЫҢ ЖАҢА ЖОЛЫ

Екінші күн. Таңғы сағат 7.00-ден әрекет жасадық. Олай болмаса, 4-5 шақырым қашық­тықтағы Михаил Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне жету қиын...
Мәскеу көшелерінің тарихы жылдар емес, әлденеше ғасырлармен өлшеніп, мөл­шерленеді. Тіпті, ХVІІ-ХVІІІ ғасырда негізі қаланған көшелер сақталған. Сондықтан Ресей астанасының тарихын білген, білгір маман есебінде сөйлемей, тек қана көргенімді айтумен тұжыра отырмақпын...
Расында, мәскеуліктер асығыс. Бір-біріне қарайтын уақыты жоқ. Жұмыстан көп кешігетін маманның пайдасы аз. Бұл – нарықтың заңдылығы. Ал, Мәскеуде жұмыссыз өмір сүру мүмкін емес. Сол себепті артық жоспар құрмай-ақ, уақытылы жұмысқа барып-қайту маңызды. Көшедегі асығыстықтың себебі осы.
Қатынас құралы – метро. Ал, көліктің жылдамдығын кептелістер тежейді. Сон­дықтан, олар бірнеше шақырым жолды жаяу бағындыруға әдеттенген. Біз де көлік кептелісінен қашып, мәскеуліктермен жаяу жарысу дұрыс деп шештік...
Газеттің №81 (8202) нөмірінде «Мәскеу төріндегі мәжіліс» мақаласында конференция жөнінде жазғандықтан кеңірек тоқталмай-ақ, ресейлік және шетелдік ғалымдар мен сапаршылардың негізгі пікірлерін сараласақ.
Халықаралық конференцияға Италияның Перуджи университетінің профессоры Паоло Манчини эхо-камераның медиа кеңіс­тікке әсеріне тоқталды. Финляндияның Хельсин университетінің профессоры Ханну Ниеминен бұқаралық ақпарат құралдарының құзыреттілігі, диалог және құпиялылықты сақтау секілді әлемдік БАҚ саясатына жаңа қағидалар енгізу қажет дегенді алға тартты. Англиядан келген Массимо Рагнед, германиялық Андреас Хепп, Венгрия азаматы Пал Тамаш цифрлық технологияның БАҚ саласын дамытудағы орнын айтты. Олар жаңа медианың проблемалары мен перспективаларына тоқтала келіп, жаһандану жағдайында жаңалық таратудың тиімді әрі жалғыз жолы сандық технологияда екенін дәлелдеп бақты.
Мұндай артықшылықты университет сту­денттері қолданып, жаңа медианы пайдалану аясын кеңейте түсіпті. Студенттік «Моховая 9» телеарнасы университет қабырғасындағы жаңалықтардың жаршысы. Онда ақпарат таратумен қатар бағдарламалар түсіріледі. Халықаралық конференция барысында студенттер шетелдік ғалымдардан сұхбат алып, youtube каналында және университетте қойылған мониторларда көрсетіп жатқаны соның дәлелі. Студенттік телеарнаның жетістіктері де жоқ емес. Мәселен, бүкіл­ресейлік медиа жобалар байқауында «Үздік бейнеролик» номинациясы бойынша марапатталыпты.
Талапкердің практикалық дағдысын да­мытуда «Моховая 9» радиосы, «Журналист» газеті мен «Онлайн журналист» сайты, «Лаборатория» ғылыми журналының септігі мол. Бәрінен бұрын, «Медиа орталықта» сту­денттердің бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына барлық мүмкіндіктер жасалған.  

Әрине, мұндай мүмкіндіктерді біздің жоғары оқу орындарынан таба бермейміз. Осыдан-ақ, біздің қандай кадрлар дайындап жатқанымызды бағамдауға болатындай...
Енді конференцияға қайта келсек. Екі күнге созылған ғылыми шарада жаңа медианың даму динамикасы және оны мультимедиялық элементтер арқылы дамыту жолын білдік. Заманауи БАҚ-тың құндылықтары, мазмұны мен миссиясы және қалыптастырудағы өзекті мәселелерді зерделедік. Аймақтық және ұлттық дәстүрлі басылымдардың бүгіні мен келешегін бағамдадық. Бәрінен бұрын, ресейліктер жылтыраққа қарағанда, сапаға мән беретіні байқалды. Бізде шетелден қо­нақтар келетін шараларда ұзыннан-ұзақ алашалар төсеп, қызыл-жасыл шарлар іліп, ескі жиһаздарды алмастырып, әуре-сарсаңға түсіп жүретініне көз үйренген. Шетелден ондаған ғалым келсе де ғылыми шаралар қарапайым аудиторияларда өрбіді...
Жалпы, «Элиталық газет», «Цифрлы жас­тар», «Лонгрид», «Фейк» және т.б терминдер журналистикаға еніпті, әр салаға серпін бере бастапты. Біз соны ұқтық...

ЖАСТАРДЫҢ ЖАНАРЫНДА ОТ ЖАНҒАН

Үшінші күн. Түске дейін конференцияның секциялық жұмыстарына қатысып, түстен кейін Мәскеу ұлттық технологиялық зерттеу университетіне асықтық. Онда Ресейде оқитын қызылордалық жастармен кездесу болды.
2014 жылы Қызылорда облысы әкімдігі мен Ресейдің озық жоғары мектептері арасында меморандумға отырды. Мақсат – түлектерді елдің дамытуға қажетті мамандық түрлері бойынша дайындау.
Бүгінде 436 талапкер А.Тимирязов атын­дағы Ресей мемлекеттік аграрлық университеті, Санкт-Петербург мемлекеттік өндірістік тех­нология және дизайн университеті және Мәс­кеу ұлттық технологиялық зерттеу университетінде аймақ экономикасының сұра­нысына сай мамандықтар бойынша білім алуда.
Болашақта ІТ, тау-кен, металлургия, мұ­най, күрделі қосылымдар, құрылыс, ауыл шаруа­шылығы өнімдерін өңдеу және т.б салада облыста индустриалды-инновациялық жобалардың сәтті іске асуына, экономиканың өркендеуіне үлесін қосатын болады.
Биылдың өзінде 74 түлек бітіріп, оның 13-і түрлі сала бойынша жұмысқа орналасса, 42-і магистратурада білімін шыңдауда.
Кездесуге 70-тен астам қызылордалық жастар келді. Бәрінің көзінде от, бойында жігер байқалады. Елге деген сағыныштарын да жасырмады. Ойларын ашық білдіре алатын жастардың білімге деген құштарлығы көзге ұрып тұрды. Әрбірінің ойында елге қайтып, өркендеу өрісіне үлес қоссам деген мұрат бар.
Алдымен облыс әкімінің кеңесшісі Динара Бисембина кездесуге келген жастарға ал­ғысын білдіріп: – Сіздерге әркімнің бағына бұйыра бермейтін бақ қонды. Әрине, облыс әкімі мұндай мүмкіндікті жасаудағы бірден-бір себеп, өңір экономикасы дамуына дем беретін жастарды дайындау. Қазақстан бойынша Ресей Үкіметінің есебімен білім алып жатқан қызылордалық жастар ғана... – деді.
Ал, «Сыр медиа» ЖШС бас директорының орынбасары Қаныбек Әбдуов облыстың амандығын арқалап келгендіктен, қазақ жастарымен кездеспей кету мүмкін еместігін айтып, елден алып келген дәмнен ауыз тиюге шақырды.
Ресейдегі қазақ студенттері көшбас­шы­сының бірі Айсана Қанатқызы: – облыс әкімі Қырымбек Көшербаевқа Ресейдің озық университеттерінде білім алуға мүмкіндік бергеніне алғыс білдіремін. Біз облыс бас­шылығы мен ата-анамыздың сенімін ақтау мақсатында сапалы білім алуға бар күшімізді салудамыз. Біздің жастар бір-бірімен жақсы араласып, демеу болып жүреді. Қызылордалық жастар белсенділігін «Орда» ұйымы аясында көрсетуде, – деп ағынан жарылды.
Кездесуде журналистер ауылдастарын көріп, мәре-сәре әңгіме-дүкен құрып, сұх­баттасты. Мәскеуде білім алушылардың ішінде жаңақорғандық Анастасия Балясникова да бар екен. Онымен құрған сұхбатты алдағы газеттің нөмірінен оқи аласыздар.

ТҮЙІН. Мәскеудегі конференция бары­сында журналистика жаңа бетбұрыстар ал­дында тұрғанын, жаңашылдықты сандық технологиядан іздестіріп жатқанын зерделедік. Олай болса, цифрландыруды салаға тиімді үйлестірмесек, ақпараттық майданда мем­лекеттілік мүддені қорғай алмайтынымыз ақи­қат. Ендеше...
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ.
Жаңақорған-Қызылорда-Мәскеу-Қызылорда-Жаңақорған.
30 қазан 2018 ж. 2 082 0