№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ілімнің негізі – бастауышта

Ілімнің негізі – бастауышта


Келешек қияларға қанат қағып, небір асуларды бағындыратын балақанның басынан сипап, тәртіпке, талапқа бейімдейтін, небір қиямпұрыл қылығын кешіріп, анасындай мәпелейтін, ақыры адам етіп шығаратын сол бастауыш сыныптың мұғалимасы. Сондықтан ба, шәкірт жүрегінде жүз жыл өтсін мейлі, алғашқы ұстазының бейнесі мәңгілік сақталып қалады. Өз басым, әлі күнге бізге Әліппені жаттатқан, әріптердің бәрін оқып-танып, хат жазуға жараған күні, «алыстағы аға-апаларымызға хат жазамыз, қане» деп тапсырма беріп, одан қағазымызды жинап алып, сауатымызға баға берген, сөйтіп көңілін демдеп, алдында жәудіреп отырған жеткіншектерін жанарына жас ала отырып екінші тәлімгерге тапсырып, кластан шығып кете барған (сол күйі келмеді, ержете келе түйсінгенім, тұрмысқа ұзатылған екен ғой) шашы желкесіне түйілген, өзі аппақ, мойылдай қара көзді Жамал апайымның бейнесі сол күйі санамда тұр. Жамал Қаримбаева. Қайда жүр екенсіз?
№89 орталау мектептің бастауыш сынып мұғалімі Ұлсара Оразбековамен сұхбаттасып отырғанда мен осы Жамал апайымды еске алдым. Ұлсара замандасымның да талай өреннің көкірегіне гүл егіп, анасынан кейінгі аяулысына айналып кеткеніне еш шәк келтіре алмаймын.
Ұлсараның ұстаздық етіп келе жатқанына отыз жылға жуықтапты. Ауылдағы мектепте тәлім алып, одан әрі орта мектепті тәмамдаған соң Түркістандағы мұғалімдер даярлайтын училищеде оқып, бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша туған жердегі білім ошағына оралады. Алдында екі жыл ауылда шаруашылықта қара жұмыс атқарып, қоғамдық қызметте белсенді комсомол келе мектептің оқу-тәрбие ісі жөніндегі меңгерушісі қызметіне тағайындалады.
Кейін үй болып, ана атанған соң отбасы міндетінің жауапкершілігі басшылық қызметке салмағын түсірмеуін көздеп, өзінің төл мамандығы – бастауыш сынып мұғалімдігіне біржолата ден қойған Ұлсара содан бері қаншама шәкірттерді қанаттандырып ұшырды. Оның тәрбиелеген шәкірттері сауаттылық деңгейі, логикалық ойлау жүйесінің озықтығымен танылып, түрлі облыстық, аудандық деңгейде өтетін байқауларда, көркем сөз оқу шеберлерінің сайыстарында алдыңғы қатардан таныла білді. Соңғы жетістіктеріне тоқталсақ, шәкірті Батырбек Нұрхат ғылыми жобада Түркістандағы «Қожа Ахмет Иассауи» тарихынан тақырыпты қорғап, жүлдені иеленді. Ұстаздың өзі Алматыда өткен семинарда әріптестерімен «Тәрбие басы – тал бесіктен» деп аталатын тәжірибе алаңын бөлісіп, жоғары бағаға ие болды. Ұлағатты ұстазға өз іс тәжірибесімен бөлісуді өтінген едік.
– Жас өренге бәсекеге сай білім беру үшін жаңартылған білім мазмұнына біртіндеп көшіп келеміз, – дейді ол.
Оқытудың қандай әдіс-тәсілін қолданып болсын баланы толыққанды біліммен қаруландыруда бізге ең үлкен қорған – ата-ана. Ата-анамен тығыз байланыс орнатып, түрлі тренинг ұйымдастырып келемін. Отбасы мен білім ордасының бірлігін бекемдеу ұстаздық еткен бірінші күннен бастап дағдым. Өйтпейінше жұмысымызда мән, ісімізде береке болмайды деп түсінемін.
Қазірде пәндердің барлығын байланыстыра, сабақтастықта өткізу міндеттеліп отыр. Бұл орайда озық технологияның орны айрықша. Мектеп басшылығы осы бағытта жұмыс жасап жатыр. Ауыл баласы мен қала баласы арасындағы білім деңгейіндегі айырмашылықты жою – басты мақсатымыз, – дейді ол.

Баян ҮСЕЙІНОВА.
08 қыркүйек 2018 ж. 1 095 0