Өнер көгіндегі жарқын бейне
Қазақ халқының маңдайына біткен шоқ жұлдызының бірі – Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Батырхан Шөкенов. Ол қазақ ұлтының эстрада жанрындағы жобаларын әлемдік деңгейге танытқанымен қатар өзіндік дара репертуарымен халықаралық деңгейде көрсете білген өнер иесі еді. Әнші саз әлеміне өзіндік өрнегін, мәдениет әлемінде ерекше қолтаңбасын қалдырды.
18-мамыр Батырханның туған күніне орай, қызылордалық жерлестері әнші есімін ұлықтап, кең көлемде атап өтті. Әуелі композитордың өнерін бағалаған жерлестері қала ортасынан «Батырхан Шөкенов» атындағы саябақты салтанатты түрде ашты. Оған қоса, Б.Шөкеновтың ескерткіші бой көтеріп, әншінің достары мен құрметті қонақтар саябаққа тал отырғызды.
Сондай-ақ бұл күні Қызылордада ҚР Еңбегі сіңген қайраткері, әнші және композитор Батырхан Шөкенов атындағы "Отан-Ана" ІІ республикалық әншілер конкурсы аяқталды. Айта кету керек, конкурс 16 мен 18 мамыр аралығында өтті. Бірінші күні қатысушылар жеребе алып, орындау реттігін анықтаса, екінші күні - яғни 17 мамырда конкурстың негізгі бөлігі ұйымдастырылды. Онда конкурсанттар 2 ән орындады, оның бірі Батырхан Шөкеновтың репертуарынан болды.
Биыл ән сайысына еліміздің барлық өңірлерінен және Өзбекстан мемлекетінен 25 орындаушы қатысты. Қазылар алқасының құрамында Дильназ Ахмадиева, Ринат Гайсин, Еркеш Шакеев, Олжас Байканов және ҚР Еңбегі сіңген қайраткер Ержан Әбдрахманов бар. Әділ қазы мүшелері орындаушының әрбір әнінің техникасы мен тембріне мән беріп, дауыс күші мен әртістік қабілетін бағалады.
Нәтижесінде Бас жүлде Оңтүстік Қазақстан облысынан келген Ерік Төленовке бұйырды. Бірінші орынды қарағандылық Гүлнар Көшенова, екінші орынды Батыс Қазақстан облысынан келген Айымбек Сартуков және үшінші орынды қызылордалық Индира Баймбетова мен астаналық Күләйім Қайырбаева иеленді. Сондай-ақ, Шөкеновтер отбасының арнайы жүлдесімен алматылық Сырымтай Еңсепов, қала әкімінің арнайы жүлдесімен ақтөбелік Нұртас Омаров және қызылордалық Тұрғанәлі Шарапов марапатталса, Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының арнайы жүлдесі Арайлым Маханбетжановаға бұйырды.
Сонымен қатар, 18 мамыр күні кешкісін Қызылорда қаласының орталық алаңында конкурс жеңімпаздары мен қазақстандық эстрада жұлдыздары Дильназ Ахмадиева, Ринат Гайсин, Әли Оқапов және Рүстем Нұржігіт өнер көрсетіп, гала-концертте Батырхан Шөкеновтың репертуарындағы әндерді орындады.
P.S.: Батырханның жұлдызды ғұмыры Отанға адал қызмет етудің жарқын үлгісі болды. Ол қазақтың ғана емес әлемнің әншісі, мәдениет саласындағы халықтар достығының өкілі еді. Өзге ұлттар мен қазақ музыкасының арасындағы өнер көпірін салып, қазақ атын әлемге танытты. Қазақ мәдениеті мен ән өнерінен ойып тұрып орын алған жұлдыздың аты қазақ тарихында алтын әріптермен қалатыны ақиқат.
Айсұлу АЛДАНАЗАР.