Қасым-Жомарт Тоқаев өндірістік Deep-Tech жобаларды ілгерілету және мықты технологиялық командалар жасақтау өте маңызды деп санайды

Оның айтуынша, индустриялық міндеттерді орындайтын мұндай команда құрамына ғылыми қауымдастық, технологиялық компаниялар мен стартаптар экожүйесінің өкілдері енуі қажет.
– Сонымен қатар AI Challenge механизмін қолданған жөн. Бұл іске «цифрлық көшпелілер» мен талантты жастарды тартуға болады. Формат әр тапсырманың ерекшелігіне қарай бейімделуге тиіс. Яғни команданы ашық іріктеу мен міндеттерді айқындаудан бастап, ізденіс нәтижелерін шынайы өндірісте сынауға дейін икемді болғаны жөн. Деректер, есептеу ресурстары және өндіріс инфрақұрылымы командаларға қолжетімді болуға тиіс. Бұл ретте тапсырыс беруші тысқары қалмай, үдерістің әр кезеңіне қатысуы қажет. Әйтсе де ЖИ және DeepTech санатындағы өнеркәсіп жобаларына, әсіресе, технологиялық тәуекелдері көп, коммерциялық тиімділігі дәлелденбеген бастапқы кезеңде уақыт пен ресурс керек екенін мойындаған жөн. Үкімет бастапқы тәуекелдерді азайтуға көмектесіп, жеке капиталды тартуға жағдай жасауы керек. Кейінірек перспективті жобалар, негізінен, нарықтық ортада дамуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.




