«АДАЛ ҰРПАҚ – ЖЕМҚОРЛЫҚСЫЗ ҚОҒАМНЫҢ НЕГІЗІ» ТАҚЫРЫБЫНДА ДЕБАТ ТУРНИРІ ӨТТІ

«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында "Руханият" орталығында жастардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыру және құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында «Адал ұрпақ – жемқорлықсыз қоғамның негізі» тақырыбында дебат турнирі өтті.
Пікірсайысқа ауданның білім беру ұйымдарынан 20 белсенді жас қатысып, қоғамдық маңызы бар мәселелер бойынша өз ойларын ортаға салды. Қатысушылар өз ұстанымдарын нақты дәлелдермен жеткізіп, қарсы тараптың пікіріне жауап беру арқылы білімдері мен шешендік қабілеттерін танытты.
Дебаттың негізгі мақсаты – жастардың сыни ойлау қабілетін дамыту, адалдық пен жауапкершілік құндылықтарын дәріптеу.
Іс-шара барысында аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Әбілғазы Төлегенов сөз сөйлеп, жастар арасында адалдық қағидаттарын қалыптастырудың және сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда жастардың белсенділігін арттырудың маңыздылығына тоқталды.
– Адалдық пен әділдік – әр азаматтың бойында қалыптасуы тиіс басты құндылықтардың бірі. Жемқорлықсыз қоғам құру тек мемлекеттік органдардың ғана емес, баршамыздың ортақ міндетіміз. Сондықтан сіздер секілді жастардың осындай пікірсайыс алаңдарында белсенділік танытып, өз ойларын ашық жеткізуі маңызды, – деді Әбілғазы Берденұлы.
Пікірсайыс нәтижесінде:
І орын – №125 орта мектебі;
ІІ орын – №289 орта мектебі;
ІІІ орын – №184 орта мектебі иеленді.
Турнирдің барлық қатысушылары аудандық қоғамдық даму бөлімі басшысының Алғыс хаттарымен марапатталды. Ал жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Айта кетейік, аталған іс-шара аудан әкімдігінің қолдауымен, аудандық қоғамдық даму бөлімінің әлеуметтік жобасы аясында «Жалынды жастар» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткізілді.



