№69 (8983) 12

12 қыркүйек 2026 ж.

№68 (8982) 8

08 қыркүйек 2026 ж.

№67 (8981) 5

05 қыркүйек 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930 
» » Алып тіршілік аялы алақанда тіктеледі

Алып тіршілік аялы алақанда тіктеледі

Егіс науқанында өз арнасымен ағып жатқан өзен-көлдердің суы мың сан қашыртқыларға бұрылып, аңқасы кепкен аңызақты нәрлендірері анық. Тек дарияның аузы қашыртқыға құйылар тұста терең суда тайдай тулап, жосындай жүзген балықтардың бауыры лайқаға тайып, шабақтар құрғаққа шығып қалатындықтан мың-мыңдап қырылып қалатыны жанға батады.



Табиғат жанашырларының қамқорлығы осы тұста ауадай қажет. Аузын ашып, ауа қарманып бұлқынған титімдей тіршілік иелерінің адамзаттан көмек тілейтіні де осы кез. Ауданымызда осы бағытта қандай жұмыстар бар?
Өңіріміз бойынша 256 өзен-көл тіркелген. Облыс әкімінің орынба­сары Бақыт Жақановтың «Балық шабақтарын құтқару» тапсырмасына орай құмбыл іске кіріскен кәсіпкерлер қатарында «Өзгент» көлінің иесі Орынбек Асылбаевпен тілдесіп, осы бағыттағы жоспарларымен бөліскен едік.
Әскери саланың ардагері, бұрын тергеу, криминалистика саласында қызмет атқарған полиция подполковнигінің табиғат танудағы тың ізденістері қызықтырғандықтан өздеріңізбен бөлісуді жөн көрдік.
– 150 га аумақты алатын меншігімдегі Өзгент көлінде тәжірибе шыңдағаныма он жылдай уақыт өте шығыпты. Содан бері су асты әлемінің құпиясынан білгенім, түйгенім бастауыш сынып баласының біліміндей ғана. Біздің елде бұл салада арнайы оқу орны, мамандар тапшы. Бірақ кәсіппен айналыса келе көп нәрсенің сырына қаныға түсесің. Тек бұл іске шын құмарлық қажет, – дейді ол.
Ең бастысы, көлдің иелері қарауындағы халықтың дәулетінің ортаймауын, су қорының жалпы тазалығын, құрамының қалыпты сақталуын басты назарда ұстауы тиіс. Бұл бағытта тек жанашырлық аз, ғылыми ізденістердің өте өзекті екеніне сұхбаттасымыздың төмендегі тұжырымдары дәлел.
– Көл иелері қарауымыздағы су айдындарында табиғат қорын қадағалап, бас-көз болуға тырысамыз. Бұл бағытта табиғатты қорғау бюросынан ақылы түрде арнайы мамандарды шақыртып, прогноз түзіп, жүйелі айналымның сақталуына мүдделіміз. Олар судың табиғи құрамы мен судағы балық қорегінің көлемін анықтап береді.
Жабайы табиғатта балықтың уылдырығы судағы жыртқыштардың жеміне айналып, қалған бір ғана бөлігіне тіршілік бұйырары белгілі. Ал қолда қорғалатын жағдайда 85 пайыз шабақты аман алып қалуға болады. Сондықтан бар ынтамды осы мақсатқа арнап, арнайы тоғанда балық өсірумен айналысып келемін. Ол үшін не істеу керек?
Кәсібімді алғаш бастаған 2016 жылы Қарағанды, Атырау, Шымкент қалаларына барып кәнігі мамандармен кездестім. Өзіміздің Аралда­ғы Қамбаштың қарт балықшыларының тәжірибесі дәрістің үлкені болды. Ал Астанада кездестірген орыстың қарапайым қариясынан көрген әдіс-тәсілді шынайы іске асырып келемін. Кәнігі балықшы заң адамдарын ұнатпайды екен, алғашында органда істегенімді естігенде жақтырмай, жолатқысы келмеп еді, көңіл сүйген кәсіпте мүдденің алға шығатыны себепті әңгімеміз жарасып кетті. Ол маған «Тәжірибемді бір-ақ рет көрсетем, ұқсаң ұқтың, болмаса маған өкпелеме» деді де, балықтың мыйшығын жарып домалақ түйіршекті (ұрыққа нұсқау беретін ағза көрінеді) ерітіндіге салып араластырып питомниктердегі дәу балықтардың желбезегіне егуді көрсетіп берді. Мен осы тәсілді меңгердім. Балықтардың аталығына бір бөлек, аналығына бір бөлек жекелеп осы дәріні шприцпен егемін. Мемлекеттен 174 мың теңгеге сатып алатын флакондағы дәріңіз осы. Веес деген аппарат сатып алдым. Уылдырықты өте жұмсақ түрде құстың қанатымен жарты сағаттай шайқайсыз, жылы температурада екі жарым тәулікте шабақ шығады. Сүйекке сіңді сарапшылық дағдыма басып сағаттарымды қиып тапжылмай отырамын. Сәті таянғанда уылдырықтың сары түсі қараға боялады. Бажайлап қарасаңыз, балықтың алдымен көзі жарып шығады да, жіпке тізілген маржандай тіршілікке самсап жан біте бастайды, саусағыңыз тисе тітіркеніп қашады. Жаратылыстың ғажайыбын тамашалаудың өзі жанға шуақ құяды. Қолда ұрықтандыратын мұндай тәсілді өңірімізде Қамбаштың питомнигінде ғана кездестірдім.
Табиғатта инелік деген жәндік бар. Алты жыл өмір сүреді. Инедей болса да жыртқыштың үлкені. Су түбінде жаралып, жіпке тізілген титімдей тіршіліктің көзін ашпай жатып жеп тауысатын жауыз жәндігіңіз осы инелік.
Балықтың ұрығын қауіпсіз ортада көбейтудің маңыздылығы осында. Есік алды тоғанда уылдырығынан өсіп-өнген шабақтарға қол­дан сарқырама жасап, қоректендіріп, көбейтіп, жетілгендерін сатып алушылардың кислородты қапшықтарына салып береміз. Ваннаға жіберілген төрт-бес балықтың өзінен миллиондаған шабақ тіршілігін жалғап, өсіп-өніп жатса біздің бұл әрекетімізден туған жер азық-түлік әлеуетіне үлкен демеу, үлкен қор қаланбақ. Сондықтан міндетті жұмысымызға барынша жауапкершілікпен қарауға тырысамыз, – дейді әуесқой балықшы-ихтиолог.
«Қазіргідей күздің алғашқы күндері қандай жұмыстарды атап айта аласыз?» деген сауалымызға Орынбек Асылбаев былай деп жауап берді:
– Балық шабақтарын құтқару іс-шарасына сәйкес Машбек ауылының күріштік алқаптарындағы қашыртқылардан 9500 сазан, 10500 ақ амур, 1000-дай майда шабақтар құтқарылып, Өзгент көліне жіберілді.
Шабақты құтқаруға үш техникасымен «Жаңақорған орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі қызметкерлері белсене атсалысты. Жекелеп айтар болсам, балық маманы Ғалымжан Жұмағұлов, орманшы-шебер Бектөре Қасымбеков, орманшы инспектор Данияр Қалқожаев, орманшы инспектор Октябрь Шерниязов және табиғат жанашыры Исахан Жайсаңбаевтар қажырлы еңбегімен үлес қосты.

Баян Үсейінова
12 қыркүйек 2026 ж. 78 0