ЖАҢАҚОРҒАНДА ЕГІНГЕ АЛҒАШҚЫ ОРАҚ ТҮСТІ

Жаңақорған ауданында биылғы егін ору науқаны басталды. Қаратөбе ауылдық округіндегі «Сұңқар» шаруа қожалығының егіс алқабында «Дала күні – 2026» шарасы өтіп, оған аудан әкімі Жарқынбек Ғалымжан, зиялы қауым өкілдері, ауылдық округ әкімдері мен шаруа қожалықтарының жетекшілері қатысты.
Шара барысында аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Талғат Зейдалиев ауданның биылғы егін шаруашылығының барысы туралы баяндап, ауыл шаруашылығы өнімдері мен техникалардың көрмесін көпшілік назарына ұсынды.
Алғашқы орақтың басталуымен еңбеккерлерді құттықтаған аудан басшысы атқарылған жұмыстарға тоқталып, биылғы егін көлемінің артқанын атап өтті.
- «Баршаңызды бүгінгі «Дала күні – 2026» шарасымен және егінге алғашқы орақ түсуімен шын жүректен құттықтаймын! Биыл аудан бойынша 38 мың 232 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 мың 155 гектарға артық. Яғни, егістік көлемі ұлғайып, шаруаларымыздың өндірістік мүмкіндігі кеңейіп келеді.
Биыл су үнемдеу технологияларын пайдалану арқылы 2 мың 370 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Су тапшылығының алдын алу мақсатында облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлының тапсырмасына сәйкес «Р» санатындағы негізгі 15 каналға бетондау жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Қазіргі таңда 6 канал бойынша жобалық құжаттар әзірленді. Жоба толық жүзеге асқан жағдайда 16 314 гектар суармалы жерді тұрақты сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік туады», – деді аудан басшысы.
Салтанатты шарада дала төсінде тынымсыз еңбек етіп, ел ырысын еселеуге үлес қосқан бірқатар еңбек адамдары аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Биылғы «Дала күні – 2026» шарасында ауыл шаруашылығы саласына елеулі үлес қосқан еңбек ардагерлерінің өнегелі жолы насихатталды. Бар ғұмырын елдің ауыл шаруашылығын дамытуға арнаған ардақты азамат Машбек Нәлібаевтың туғанына биыл 100 жыл толып отыр.
Шара аясында Машбек Нәлібаевтың еңбек жолы кеңінен насихатталып, оның ауыл шаруашылығы саласына қосқан үлесі мен кейінгі ұрпаққа қалдырған өнегесі атап өтілді.
Жиын барысында Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы Молдахмет Ибрагимов ақ батасын беріп, ақжолтай тілегін жеткізді.
Сонымен қатар шара аясында ауыл шаруашылығы техникаларының көрмесі ұйымдастырылып, ауыл тіршілігі мен дала еңбегін бейнелейтін мәдени қойылымдар көпшілік назарына ұсынылды.




