Хәлің қалай, қазақ тілі?

Қазақтың тілі – қазақтың жаны. Халқымыздың тарихы да, тағдыры да тіліміздің тағдырына байланған. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де тіліміздің тамыран нәр алады. Мемлекеттік мәртебесін алған қазақ тілінің бүгінгі хәлі қандай? Осы тақырып төңірегінде қалам тербеп көрген едік.
Ұлттың ұлттық болмысын айғақтайтын негізгі құндылықтарының бірі – оның ана тілі. Тілінің әуелгі саф, таза қалпын бұзбай сақтаған ұлттың ділі де, дүниетаным, философиялық пайымы да бұзылмайды. Осыны ертеден-ақ сезген, қапысыз білген отарлаушы ұлттар табаны тиген жердегі ұлыстар мен ұлттардың ең әуелі тілін жоюға әрекет еткенін тарихтың өзі бедерлеп берді. Қазақ ұлты да мұндай озбырлықтан шет қалған жоқ. Ең өкініштісі – тәуелсіздіктен кейін ана тіліміздің жағдайы бірден оңала қоймады. Тәуелсіздігімізді жариялағаннан кейін көп кешікпей тіліміздің мәртебесін нақтылайтын заң қабылданды. Соңғы он жылда тіл саясаты қанатын кеңге жая бастады. Президент Қ.Тоқаев билікке келгеннен кейін де мемлекеттік тілдің мәселесі өзектілігін жойған жоқ. Президент 2019 жылғы алғашқы жолдауында: «Қазақ тілі ұлтаралық қатынас тілі болатын кезең келіп жетті» деген сөз айтты. Өңірімізде қазақ тілінің қолданыс аясы 98 пайызды құрайды. Аудан төңірегінде 17 ұлттар мен ұлыстар мекен етсе, тұрмыс жағдайында өзге тілде қарым-қатынас жасаушылар 498 адам. Бір ғана мектепте орыс сыныптары болса, 3 балабақша орыс топтары ашылған. Бір қарағанда аудан төңірегінде тіл мәселесі мүлдем жоқтай сезілгенімен көңіл бөлуге тиіс бірқатар мәселелер бар. Алдымен, кенттің төрт қапталындағы кіреберіс маңдайшалардағы жазуларға тоқталсақ, «Жаңақорған» сөзінің әр түрлі қәріптермен берілгеніне көз де үйренді. Бір тұста «janakorgan» десек, енді бір тұста «zhanakorgan» деп жазулы тұр. Ал билборд беттерінде «zhanakorqan» деп жазылған. Әлеуметтік желі қолданушылардың парақшаларында да әр түрлі латынша жазылған атаулардын көз сүрінеді. Бұны бір деп қойыңыз. Екіншіден, кәсіпкерлік бағыттағы жарнамалар мен брендтер бетімен кетіп бара жатқандай. Орыс тіліндегі жарнамалардан тікелей аударылған мәтіндердің қатесін айтып өтсек, «Сатылымға шықты» дегенше «Сатылады», «Жеңілдетілген» деген сөзді «қолжетімді» деп кәдемізге жаратсақ қалай болар еді?! Соңғы бес жылда ашылған тамақтану орындарының атауы ағылшын тілінде берілуі де ойландырады. Мысалы «Newcastle» мейрамханасының қазақша мағынасы «Жаңақорған» екенін бірі білсе бірі білмес. Себебі халықтың көбі ағылшын тілін меңгермен. Жастардың жиі басқосар орталықтары «WOW» мен «Laim» да қазақ атауынан ада. Әрине, біздің мақсатымыз кәсіпкерлікке тіл тигізу емес, бәріміз бірауыздан мемлекеттік тілдің мәртебесін көтерсек игі. Сондай-ақ, «Цонға барамыз», "Райсобес"-ке барамыз. "Акиматқа" барамыз. "Магазинге" барамыз. "Банкоматқа" барамыз. "Больницаға" барамыз деп жүргендер өзіміз емес пе?
ТІЛ АТА-АНАДАН БАЛАҒА БЕРІЛСЕ, ӨМІРШЕҢ БОЛАДЫ
Аудандағы бір қатар тіл мәселелерін назарында ұстап, әр кәсіпкерлермен жүйелі жұмыс жасап отырған Жаңақорған ауданы бойынша мемлекеттік тіл оқытушысы Айгүл Әділханқызының пікірін білдік. – Қазір мемлекеттік тілді қайтсек ғылымның тіліне айналдыра аламыз, осы саладағы кедергілер және оны шешудің жолы қандай деген сияқты сұрақтар жиі қойылады. Бұл сауалға жауап беруден бұрын «тілдің өміршеңдігі немен өлшенеді» деген сұраққа жауап берейік. БҰҰ зерттеушілерінің айтуынша, тіл ата-анадан балаға берілсе, өміршең болады екен. Сол секілді елдегі ғылым салаларында, ғылыми мекемелерде ақпарат алмасу мемлекеттік тілде жүретін болса, мемлекеттік тіл ғылым тілі ретінде толыққанды жұмыс істер еді. Қазіргі кезде ғылым және жоғары білім министрлігі әзірлеп жатқан «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң қазақ тілінің дамуына тың серпін беріп, алдағы онжылдықтарда қазақ тілінің Қазақстан ғылымында берік орын алуы үшін іргетасқа айналатынына сенеміз», – деді маман.
«ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ДАМЫСА, ҚАЗАҚ ТІЛІ ДЕ ДАМИДЫ»
Жуырда ауданның тіл жанашырлары басқосқан жиында Жастар ресурстық орталығының маманы Бекзат Өмірзақовтың пікірі төмендегіше өрілді. – Қазақстан халқы жақында ғана 20 миллионға жетті. Осыған сәйкес қазақ тілінде сөйлейтін, қазақ тілінде ақпарат алатындардың саны да күн санап артуда. Адамдардың көбі қазақ тілінде оқып, қазақ тілінде ақпарат алғысы келеді. Өздеріңіз байқасаңыздар, осы үрдіске орай әлеуметтік желіде қазақ тіліндегі ақпараттар көбейе бастады. Мұндай жағдайлар жасанды интеллектінің де жанданып, қазақы ортаға ойысуын тездетті. Жасанды интеллект қазақ тіліндегі ақпараттарды іздеу, өңдеу, табу жөнінен айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді. Сондай-ақ біз жасаған жүйе сіздің аудио дауысыңызды сөйлеп отырған сәтте-ақ мәтінге айналдыра алады. Сонымен қоса, сіз көлік жүргізіп келе жатырсыз дейік, кітап оқи алмайсыз, әлгі кітапты синтезге салып, аудио түрінде тыңдай бересіз. Ал егер сіз ағылшынша білмесеңіз, онда қазақша айтасыз сол сөзді, сізге ағылшынша дауыстап айтып береді. Мұның дауысты дауысқа аударып беру деген де түрі бар: Сіздің қазақ тілінде айтқаныңызды әлемнің кез келген тіліне аударып береді. Сол арқылы сіз шетелдік азаматтармен еркін сөйлесіп, пікір алмаса аласыз, – деген еді. Бүгінде ChatGPT қосымшасы шығарма жазуға көмектеседі. Осының бәрі жасанды интеллектінің пайдасы. Бұл ғана емес, сіз бен біз қолданып жүрген компьютердегі бағдарламаны қазақ тілінде жасау да жасанды интеллектінің еңбегі. Yandex, Google секілді платформаларда жазылып жатқан қазақша ақпараттардың кейбірінің тілін түсіну қиынға соғатыны анық. Өзге тілден тікелей аударылыған мәтіннен бірнеше мысал келтіруге болады. Тілге томпақ тиетіні «Болып табылады», «Тәуекелге бару», «Өз кезегінде», «Қатысуымен» деген сөздері ретсіз қолданып келеміз.
«АНА ТІЛІҢДІ ӨЗІҢ СЫЙЛАМАСАҢ, КІМ СЫЙЛАЙДЫ?»
Ауданда алғаш рет мәдениет және тілдер бөлімі ашылған сәтте осы саланың тізгінін ұстаған Пахмадин Айнақожаевтың да айтар ойы бар. – Қазақ тілінің мәртебесін көтеру мақсатында 2006 жылдары әр аймақтарда бөлімдер құрылып жатты. Сол бөлімшеге келгенде мемлекеттік құжаттамаларды қазақ тілінде қабылдау талап етіле бастады. Сондай-ақ, әлемнің үздік 100 кітабы қазақ тіліне аударылып, ғылыми жобалар қазақ тілінде қорғала бастады. Біздің ауданда да мектеп құжаттары, әкімшілік үкімдер мен қаулылар қазақ тіліне көшті. Жасыратыны жоқ, әскери бөлімдерден келген орысша хаттарды аударатын азаматтар аз еді. Сол жылдары тіл жанашырлары жиі басқосып, өзекті мәселелерге көңіл бөліп, мемлекеттік құжаттамалардың қазақ тілінде жүргізілуін қадағалады. Біз де арнайы комиссия құрып, әр мекемеге арнайы барып, қазақ тілінің қанат жаюына еңбек еттік, – деді ардагер. Рас, ауданда түрлі ұлт өкілдері тұрғандықтан арагідік орысша сөйлесетіндер табылады. Статистикаға жүгінсек, орыс сыныптарына баратын оқушылардың 78 пайызы өзіміздің қандасымыз екен. Түрік этносының өкілі Равшан Нематұлының отбасы тек ғана қазақ тілінде сөйлеседі. Мемлекеттік тілде қызмет көрсетеді. Балалары да қазақ сыныбында білім алып жүр. «Мен осы елде туылдым, осы жерде тамырымды тереңге жайып келемін. Қазақ тілі – менің мемлекетімнің тілі. Сондықтан құрметпен қарап, қолданыс тіліне айналдырдық, – дейді ол.
ТҮЙІН. Алғаш студент болып қалаға келгенімде жатахананың қасындағы «Көлік жуу» дегеннің алғашқы «К» дыбысы түсіп қалып біраз уақыт солай тұрғанын көзім көрген. Ал, ол сөздің қалай өзгеріп кеткенін өздеріңіз бағамдай беріңіздер...Сонда аңғалдығым, өлік жуатын жерде болады екен ғой деп те ойлағаным рас. Ол ол ма? Жақын арада «балкондар мен лоджияларды жылжыту және әрлеу, өз ісінің шекелеріне сенім артыңыз!» деген сөздерге де көзім түсті. Кәне, ұғып көр. Қалай десек те, тәуелсіз қазақ елінің ана тілі әлі де өрескел тілдік қателердің қамытынан босай алмай тұр. Осы орайда, «Қатесі болса қайтеді, мінсіз адам жоқ қой» деп білгішсінетіндер де табылады. Рас мінсіз адам жоқ, бірақ мінсіз сөз жазылуы керек. Бұл –Заң. Бір дыбыс өзгерсе, сөз өзгереді. Сөз өзгеріске ұшыраса, сөйлем бұрмаланады. Ал, сөйлем ойды, ой бүкіл сананы бұрмалауы мүмкін. Ұлт руханиятының өміршеңдігін, мемлекетінің мәңгілік елдігін ойлайтын жұрт ең әуелі ана тілінің мәртебесіне мән берсе керек-ті. «Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деп, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айып кеткендей, ана тіліміздің тынысын кеңейту еліміздің жайқалып өсуіне тікелей әсерін тигізбек. Қорытындылай келе, тіл тазалығы – маңызды мәселе екенін ескеріп, өз ана тілімізді өзіміз ғана биікке көтере алатынымызды еске салғым келеді.
Мақпал МАРҚАБАЙ




