Open Air: Қызылорда облысы полиция департаменті 20 мыңнан астам көрерменнің қауіпсіздігін қамтамасыз етті

«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Қызылорда қаласының орталық алаңында өткен Open Air ашық аспан астындағы концертке 20 мыңнан астам тұрғын мен қала қонақтары қатысты.
Іс-шара барысында қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Қызылорда облысы Полиция департаментінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының және Төтенше жағдайлар департаментінің 500-ге жуық қызметкері күшейтілген режимде қызмет атқарды.
Концерт басталар алдында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жұмылдырылған жеке құрамның қатысуымен гарнизондық саптық жиын өткізіліп, қызметкерлерге нақты міндеттер жүктелді.
Концерт барысында полиция қызметкерлері адамдар көп шоғырланған аумақтарды үздіксіз бақылауда ұстап, құқық бұзушылықтардың алдын алу, жол қозғалысын реттеу және кез келген төтенше жағдайға жедел ден қою бағытында қызмет атқарды.
Сонымен қатар, іс-шара кезінде ата-анасынан адасып қалған 80-ге жуық бала полиция қызметкерлерінің жедел әрекетінің нәтижесінде дер кезінде табылып, аман-есен ата-аналарына қайтарылды.
Полиция қызметкерлерінің үйлесімді әрі кәсіби жұмысының нәтижесінде концерт жоғары деңгейде өтіп, қоғамдық тәртіп бұзылмай, тұрғындар мен қала қонақтарының қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілді.
Кештің шарықтау сәтінде 500-ден астам дронның қатысуымен ұйымдастырылған әсерлі жарық шоуы көрермендерге ерекше әсер сыйлап, мерекелік кештің жарқын қорытындысына айналды.
Заң мен тәртіп – қауіпсіз қоғамның және әрбір азаматтың тыныштығының берік кепілі.

