» » ЦИФРЛЫҚ КІТАПХАНАНЫҢ ЖАС СӘУЛЕТШІСІ

ЦИФРЛЫҚ КІТАПХАНАНЫҢ ЖАС СӘУЛЕТШІСІ


Қазіргі қоғамда кітапхана тек кітап сақтайтын орын ғана емес, ол – руханият пен технология тоғысқан заманауи орталыққа айналып келеді. Әсіресе цифрландыру дәуірінде кітапханалардың жұмысына жаңа серпін беретін, ақпараттық технологияларды еркін меңгерген жас мамандардың рөлі ерекше. Осындай білімді, ізденімпаз, жаңашыл жастардың бірі – Аббас Сая Абдуахапқызы.
Сая Абдуахапқызы – жаңа заманның талабына бейімделген жас маман. Ол 2020-2024 жылдар аралығында Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлы-техникалық университетінде білім алып, «Ақпараттық технологиялар және жүйелер» мамандығын тәмамдаған. Яғни оның негізгі мамандығы – бағдарламашы. Бүгінде технология тілін меңгерген жастардың қоғамдағы орны ерекше екені анық. Солардың қатарында жүрген Сая өзінің білімін тек жеке пайдасына емес, рухани салаға қызмет етуге бағыттап отыр.
Ал бүгінде ол аудандық кітапхананың «Кітапхана процестерін автоматтандыру» бөлімінде бағдарламашы болып еңбек етеді. Қазіргі заман кітапханасы уақыт көшінен қалмай, цифрлық жүйеге көшуі тиіс. Бұл – ақпаратты сақтау ғана емес, оны заман талабына сай ұсыну, оқырманға ыңғайлы формат қалыптастыру, мәдени мұраны цифрландыру секілді үлкен жауапкершілікті талап етеді. Осы бағытта жүйелі еңбек етіп келе жатқан маман.
Жергілікті ақын-жазушылардың кітаптарын электронды форматқа көшірумен айналысады. Оның астарында ұлт руханиятын сақтау, әдеби мұраны келешек ұрпаққа жеткізу деген үлкен миссия жатыр. Себебі уақыт өткен сайын қағаз кітаптардың тозуы, сирек кездесетін шығармалардың жоғалып кету қаупі арта түседі. Ал оларды электронды форматқа енгізу – сенімді архив қолына негіз қалайды.
Жас маман тек кітаптарды цифрландырумен қатар QR-кодтар жасап, оқырмандарға қолжетімділікті жеңілдетуде. Оқырман QR-кодты сканерлеу арқылы кітап туралы ақпарат алып қана қоймай, электронды нұсқасын да оқи алады. Мұның – әсіресе жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттыруға ықпалы зор.
Сондай-ақ кітапхана жұмысында жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану – Саяның ерекше ізденісінің бірі. Ол түрлі бейнероликтер, суреттер, ақпараттық материалдар әзірлеп, кітапхана қызметін заманауи форматта насихаттауға атсалысуда. Қазіргі уақытта оқырманды тек дәстүрлі әдіспен қызықтыру қиын. Сондықтан әлеуметтік желі, визуалды контент, қысқа видеолар арқылы кітапхана жұмысын жаңаша бағытта көрсету – уақыттың басты талабы. Осы бағытта жас маманның еңбегі айқын байқалады.
Кітапханадағы цифрлық жобалардың елдің интеллектуалды әлеуетін арттыруда әсері үлкен.Сая Абдуахапқызы өзін «кітапқұмармын» деп айтудан тартынғанымен, оның кітапқа деген ішкі құрметі мен рухани жақындығы анық сезіледі. Ол жүрекке жеткен, ерекше әсер қалдырған шығармаларды сүйіп оқитынын айтады. Шын мәнінде, кітапқа деген махаббаттың өлшемі оқылған кітап санымен емес, оның адам жүрегіне қалдырған ізімен өлшенсе керек. Кейде бір ғана кітап адамның өмірге деген көзқарасын өзгертіп, жаңа ой қалыптастырады. Ал жүрекке жеткен шығарма – мәңгілік серікке айналады.
Бүгінгі жастардың арасында технология мен руханиятты қатар алып жүрген азаматтар аз емес. Олардың алдыңғы қатарында цифрлық технологияны меңгерген жас мамандар тұр. Олар кітапханаға жаңа тыныс, жаңа мүмкіндік әкелуде. Болашақта мұндай бастамалар көбейіп, руханият пен технологияның байланысы одан әрі нығая түсері анық.
Өйткені кітап – өткеннің мұрасы ғана емес, болашақтың да бағдары. Ал сол кітапты жаңа дәуірге бейімдеп, оқырманға қолжетімді етіп отырған жастар – руханияттың шынайы жанашырлары.

Әсел РЗАЕВА
03 маусым 2026 ж. 47 0