Кітапханашы – мамандықтың асылы

Оқырман залында жағалай қыз-келіншектердің кітапхана қызметін көрсететініне көз үйренген. Себебі кітапханашы мамандығын дәстүрлі түрде нәзік жандылар таңдайтыны рас. Дегенмен ел ішінде сирек те болса осы қызметті шын жүрегімен қалап, белсенді атқарып жүрген ер азаматтар да баршылық. Олар кітапхана жұмысына жаңа леп, тың серпін әкелері рас. Солардың бірі – Жаңақорған ауданы Шалқия кентінің жас та жігерлі кітапханашысы Еркін Мәдіні арнайы әңгімеге тарттық.
Еркін жастайынан кітапқа жақын, білімге құмар болып өскенін айтады. Бала кезінде мектеп кітапханасы мен аудандық орталық кітапхана оның ең сүйікті мекеніне айналған. Сабақтан босаған сәтте ол міндетті түрде кітапханаға келіп, әдеби-танымдық туындыларды қызыға оқиды екен.
Еркіннің кітапқа деген махаббатының бастауында анасы тұр. Анасы кітапханашы болып еңбек еткендіктен, болашақ маман кітап оқу мәдениетін бойға ерте егіп, руханият ордасының тынысына жан-жақты кенеліп өсті. «Анамның ісіне қызығып, әр ұйымдастырылған іс-шараға қатысып жүретінмін. Сол кездерде-ақ кітапханашы болу – мен үшін арманға айналды» – дейді ол.
– Ондағы мақсатым – ақылдың кілті болған кітаппен барынша дос болу еді. Кітапханаға арнайы барып, бірнеше әдеби-танымдық кітапты белгіленген мерзімге алып, олжалы қайтқандай үйге көңілді оралатынмын. Анам зейнетке шыққан соң ол кісінің орнына қызметке келдім. Әрбір саланың өз қызықшылығы мен қиыншылығы болатыны рас. Дегенмен өз мамандығыңды жүрек қалауыңмен атқарсаң ондай жан рахатын өзге ешнәрсеге теңестіре алмайсың. Бұл жайлы алаш қайраткері Жүсіпбек Аймауытовтың «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез-келгеніне икемділік қажет, бұл-жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе» дегені бар. Кітапханашы қызметі сырт көзге қарапайым көрінуі мүмкін. Бірақ кітапханашы – мамандықтың асылы.
Көрнекті жазушы Оралхан Бөкей бір сөзінде: «Адамға ауа қандай қажет болса, кітапхана да сондай қажет» деген еді. Ұлттың рухани азығы болып табылатын асыл мұраларымыз жинақталған кітапхананың бүгінгі қоғамда алар орны ерекше. Иә, қанша жыл, тіпті қанша ғасыр өтсе де, кітап «ақылына ақы сұрамайтын асыл қазына» болып қала бермек. Қай ғасырда болсын, адамзат тек кітап нәрімен сусындап, білім алатыны анық. Еліміздің әр қала, аудан және ауылдық округтерде асыл мұрамызға толы кітапхана саны жетерлік, Олардың тыныс-тіршілігі заманмен бірге жетіліп, жан-жақты цифрландыруға көшуде, – дейді кітапханашы Еркін Мәді.
Еркін 2015 жылы мектепті бітірген соң Қызылорда қаласындағы «Болашақ» университетіне оқуға түсіп, «Есеп және аудит» мамандығын меңгерген екен. Алайда оның рухани әлемге деген сүйіспеншілігі, мәдениет пен өнерге деген қызығушылығы ақыры өз сүрлеу – сорабына бағыттап, 2022 жылы өзі оқитын университетінде «Кітапхана ісі» мамандығын меңгеріпті. Курстағы студенттердің дені қыз балалар еді. Бірақ Еркінге бұл ешқандай кедергі болған жоқ. Керісінше, «арпа ішінде бір бидай» бәрінен беделі биік болғанын айтады.
2020 жылдан бастап Шалқия кенттік кітапханасында қызмет етіп келе жатқан Еркін аз ғана уақыттың ішінде өзін іскер, ұйымдастыру қабілеті жоғары, жаңашыл маман ретінде көрсете білді. Ол тек кітап қорын оқырманға жеткізумен шектелмей, түрлі мәдени шараларды ұйымдастырып, ауыл өмірінің рухани тынысын жандандыруға атсалысып келеді.
Қай жерде де ер азаматтың артықшылығы мекемедегі ауыр жұмыстарды қиналмай еңсеру бір бөлек, жаңа цифрлық жүйелерді енгізу сынды міндеттерде Еркін әріптестеріне сенімді тірек.
– Ер жігіттерді кітапханашы болуға шақырамын. Оның ешқандай сөкеттігі жоқ. Бұл да келешекті тәрбиелеудің тетігі. Өзім балаларды, олармен бірге жұмыс істегенді жақсы көрем. Балалардың кітапханаға күліп кіргенін қалаймын. Қазіргі кітаптардың бұрынғыдан ерекшелігі – иллюстрациясы бай, безендірілуі әсем, сапасы жоғары.
Міне, сондықтан үлкен-кішінің кітапханаға қуанып келуі, жаңа кітаптарды тамсана парақтауы – менің ең үлкен мотивациям, – дейді ол.
Еркін Мәді аз ғана уақытта бірқатар байқаулар мен мүшәйраларда жетістікке жетіп үлгерді: «Қыран елім – Қазақстаным» облыстық патриоттық өлеңдер байқауында III орын, ҚР Тәуелсіздік мерекесіне арналған «Жауқазын ғұмыр» жас ақындар байқауында алғыс хат, «Үздік кітапханашы 2022» байқауында «Шығармашыл кітапханашы» номинациясымен, Кеңес Одағының батыры Әнуар Әбуталиповтің 100 жылдығына арналған «Ерлігі үлгі ұрпаққа» облыстық жазба ақындар мүшәйрасында III орын, Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған «Ұлт ұстазы» аудандық мүшәйрасында III орынды иеленіпті. Бұдан бөлек, бірнеше рет аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталған.
Сонымен қатар 2021 жылы Қызылорда қаласында «Кітапхана қорын цифрландыру» тақырыбында біліктілігін арттырған ол заманауи технологияны жетік меңгерген кітапханашы. Ауыл кітапханасына электронды жүйелерді енгізіп, кітап қорын жаңаша форматта ұсыну жұмыстарын белсенді жүргізіп келеді.
Еркін – тек кітапхана қызметкері ғана емес, отбасында 2 қыз, 2 ұл тәрбиелеп отырған әке. Отбасындағы татулық, балалардың тәрбиесі – оның басты өмірлік құндылығы. Жұмысы мен отбасын қатар алып жүруде ол ауыл жастарына үлгі бола білген азамат.
Еркін Мәді өз еңбегімен кітапхана ісіне жаңа серпін беріп, ауыл мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосып келеді.
Әсел РЗАЕВА



