БАҚЫТТЫ БАЛА – БЕРЕКЕЛІ БОЛАШАҚ

«Prime Park» орталық саябағында ұйымдастырылған «Балалық – бақыт мекені» атты мерекелік шара бүлдіршіндерге көтеріңкі көңіл күй
сыйлап, аудан тұрғындарын бір алаңға тоғыстырды. Елең-алаңнан саябақ маңы ерекше мерекелік кейіпке еніп, түрлі-түсті безендірулер мен балаларға арналған көрнекіліктер келушілердің назарын аударды. Әсем әуен мен шат күлкіге толы мерекелік кеш әрбір жанның көңілін серпілтіп, балалық шақтың ғажап әлеміне жетелегендей әсер қалдырды.
Мерекелік алаңның кіреберісінен бастап аудан мектептері мен балабақша ұжымдары, аудандық кітапхана қызметкерлері, өнер және
спорт мектебінің шәкірттері өздерінің шығармашылық жұмыстарын ұсынып, түрлі көрмелер ұйымдастырды.
Балалардың қолынан шыққан туындылар, ұлттық өнер мен заманауи шығармашылықты ұштастырған жұмыстар олардың таланты мен
ізденісін айқын көрсетті. Әрбір көрме бүлдіршіндердің қиялы мен шығармашылық әлеуетін аңғартып тұр.
Мерекелік шараға аудан әкімі Мәжит Самитов арнайы қатысып, көрмелерді аралап көрді. Балалардың жетістіктерімен танысып, ұйымдастырылған жұмыстарға жоғары бағасын беріп, бүлдіршіндерді мерекемен құттықтады.
Аудандық мәдениет үйінің ұйымдастырумен бастау алған концерттік бағдарлама «Балалық әлемі» атты театрландырылған-композициялық
прологпен басталды. Сахна төрінде өнерлі оқушылар Нұртілек Мұхамеджан, Нұрқанат Әйтбек және Заңғар Әділхан Бәкір Тәжібаевтың «Ақбұлақ» әнін орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Бұдан кейін дарынды балалардан құралған бишілер тобы
мың бұрала би билеп, жас әншілер әсем әннен шашу шашты. Олардың өнері мерекенің көркін қыздырып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Шындығында, бүгінгі таңда мемлекет тарапынан балалардың жан-жақты дамуына айрықша көңіл бөлініп келеді. Әрбір баланың талабын ұштап, дарынын ашуды көздейтін түрлі іс-шаралар жүзеге асырылуда. Мемлекет жылдан жылға бұл бағыттағы
жұмысты күшейте түседі. Өйткені, жас ұрпақтың мықты азамат болып өсуі еліміздің тұрақты дамуына және баянды болашағына жол ашады.
Айсұлу АЛДАНАЗАР



