БАР ЖАҚСЫЛЫҚ БАЛАЛАРҒА

Жаздың алғашқы күнімен тұспа-тұс келген бұл мейрамды асыға күткен балдырғандар орталық саябаққа көптеп жиналды. Алдымен аудан әкімінің орынбасары Бектас Нуридинов бастаған зиялы қауым өкілдері білім беру ұйымдарының дайындаған көрмелері мен қойылымдарын аралап, тамашалады.
Осыдан кейін мерекелік бағдарлама аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әзірлеген “Ертегілер әлеміне саяхат” атты театрландырылған көрініспен басталды. Кішкентай көрермендер ертегі кейіпкерлерімен бірге ғажайып әлемге сапар шегіп, жарқын әсерге бөленді. Балалар сән үлгілерін паш етті, аниматорлар мен ертегі кейіпкерлері бүлдіршіндердің көңілін көтеріп, ерекше атмосфера сыйлады.
Салтанатты ашылу рәсімінде сөз алған аудан әкімінің орынбасары Бектас Нұридинов балаларды мерекелерімен құттықтап, алдағы жазғы демалыс маусымында олардың жақсы демалуына барлық жағдай жасалатынын атап өтті.
– Баршаңызды жайма-шуақ жазбен қатар келген 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнімен шын жүректен құттықтаймын! Биылғы жазда ауданымызда балалар үшін жағымды жаңалықтар жетерлік. “Тау самалы” мен “Талдысу” тынығу лагерьлерінде 590-нан астам бала тегін демалмақ. Сонымен қатар, күндізгі лагерлерде 7500-ден астам бала жазғы демалысты қызықты әрі пайдалы өткізетін болады. Алдағы уақытта оқушыларымыз туған өлкеміздің тарихи және мәдени орындарына саяхат жасап, елдің тағылымды тарихымен терең таныса алады, – деді ол.
Мерекелік көңіл күй аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты. Сонымен қатар, балаларға арналған спорттық жарыстар, көңілді ойындар мен сайыстар ұйымдастырылып, түрлі жүлделер мен сыйлықтар табыс етілді.
Жаздың шуақты күнінде өткен бұл мерекелік шара – балаларға қуаныш сыйлап, олардың жүзінде күлкі, жүрегінде шаттық ұялатқан ерекше күн болды.