спорттық сайыс өтті

Жаңақорған аудандық қоғамдық даму бөлімі мен “Асыл мұра-Орда” қоғамдық қорының ұйымдастыруымен 2026 жылдың 19 мамыр күні Құрбан айт мерекесіне орай аудан көлемінде тіркелген діни бірлестіктерге келушілер (жамағат) мен ҚМДБ-ға қарасты аудан мешіттерінің имамдары арасында спорттық сайыстар ұйымдастырылды.
Аталған шараның мақсаты – дін қызметкерлері мен жамағат арасындағы өзара байланысты нығайту, зайырлылық қағидаттарын насихаттау, ауызбіршілік пен салауатты өмір салтын дәріптеу.
Спорттық сайысқа аудан көлеміндегі мешіт жамағаттары белсенді қатысып, спорттың кеңінен танымал 5 түрі бойынша өзара бақ сынасты. Атап айтқанда: дойбы, шахмат, кіші футбол, қол күрес және үстел теннисі ойындары өткізілді.
Сайыс барысында қатысушылар жоғары белсенділік танытып, достық пен татулықтың үлгісін көрсетті. Әр спорт түрі бойынша әділ төрешілер жеңімпаздарды анықтап, нәтижесінде үздік командалар І, ІІ және ІІІ орындармен марапатталды.
Жеңімпаз командаларға арнайы кубоктар, алғыс хаттар және қаржылай сыйақылар табысталды. Сонымен қатар сайысқа белсенді қатысқан жекелеген қатысушылар мен ынталандыру иегерлері де арнайы марапаттарға ие болды.
Шара соңында ұйымдастырушылар мұндай спорттық кездесулер қоғамдағы ынтымақты арттырып, жастар мен жамағат арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға оң ықпал ететінін атап өтті.




