Соңғы жаңалықтар

№20 (8934) 17

17 наурыз 2026 ж.

№19 (8933) 14

14 наурыз 2026 ж.

№18 (8932) 7

07 наурыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Адам жанына араша болған абзал жан

Адам жанына араша болған абзал жан

Адам өмірінде өз жолын дұрыс таңдау – үлкен жауапкершілік. Ал сол жолды адалдықпен, табандылықпен жүріп өту – нағыз ерлікке пара-пар. Осындай жауапты да мәртебелі мамандықтың иесі – мейірбике. Бұл – тек кәсіп емес, бұл – жүрек қалауы, жан жылуы мен адамға деген шынайы қамқорлықтың көрінісі. Осындай қасиеттерді бойына сіңірген жандардың бірі – Накипова Жазира Өмірбековна.
Жазира Өмірбекқызы 1989 жылдың 6 тамызында Қызылорда қаласында дүниеге келген. Жастайынан адам жанына араша болуды, көмек көрсетуді мақсат еткен ол өз болашағын медицина саласымен байланыстыруды шешеді. Бұл таңдауы – оның өмірлік миссиясына айналды.
2008 жылы Қызылорда медицина колледжіне оқуға түсіп, 2011 жылы аталған оқу орнын үздік дипломмен тәмамдайды. Білімге деген құштарлығы мен еңбекқорлығының арқасында оқу барысында өзін тек жауапты студент қана емес, болашағынан зор үміт күттіретін маман ретінде таныта білді.
Жас маман ретінде алғашқы еңбек жолын 2011 жылы Президент жолдамасы негізінде бастап, Қызылорда қаласындағы №5 қалалық емханада аймақтық мейірбике қызметін атқарады. Бұл кезең – оның кәсіби тұрғыда шыңдалып, тәжірибе жинақтаған маңызды белесі болды. Науқастармен тіл табысу, олардың жағдайына бейжай қарамау, әрбіріне жанашырлықпен қарау – оның күнделікті қызметінің басты қағидасына айналды.
2014 жылы отбасылық өмірге қадам басып, Жаңақорған ауданына қоныс аударады. 2015 жылдың 1 қазанынан бастап Жаңақорған аудандық көпбейінді орталық ауруханасының балалар бөлімінде мейірбике болып қызмет атқарып келеді. Балалар – ерекше күтімді, мейірімділікті қажет ететін жандар. Сондықтан бұл бөлімде қызмет ету – үлкен жауапкершілік пен сабырды талап етеді.
Жазира Өмірбекқызы өз ісіне деген адалдығының арқасында ата-аналардың алғысына бөленіп, әріптестері арасында құрметке ие болып отыр. Оның әрбір науқас балаға аналық мейіріммен қарап, жылы сөз айтып, қамқорлық көрсетуі – шынайы кәсіби шеберліктің белгісі.
Мейірбике – дәрігердің сенімді көмекшісі ғана емес, науқастың ең жақын жанашыры. Осындай маңызды міндетті абыроймен атқарып жүрген Жазира Өмірбекқызы – өз мамандығына адал, жүрегі мейірімге толы жан. Оның еңбек жолы – жас мамандарға үлгі, ал адамгершілік қасиеттері – көпке өнеге.
Адам өміріне араша болу – үлкен жауапкершілік. Ал сол жауапкершілікті жүрекпен сезініп, күн сайын адал еңбекпен дәлелдеп жүрген жандар – қоғамның шынайы батырлары. Жазира Өмірбекқызы – сондай ақ халатты абзал жандардың бірі.

Әсел РЗАЕВА

21 наурыз 2026 ж. 62 0