«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » АУЫЛДАҒЫ БИЗНЕС: ҚОЛДАУ БАР, НӘТИЖЕ ЖОҚ. НЕГЕ?

АУЫЛДАҒЫ БИЗНЕС: ҚОЛДАУ БАР, НӘТИЖЕ ЖОҚ. НЕГЕ?


Сенбі күні «сом темірге балға бар» дейтіндей кәсіпкерлік саласына қатысты базына жілік-жілікке бөлініп, талданды. Бұл жәй жиын болмады, келешек ұрпақ үшін маңызы жоғары еді. Ауыл әкімдерінің тұрғындарды заманға сай кәсіпке тарту көрсеткіші төмендігінен өңірдің кәсіпкерлік саласына кері әсерін тигізіп жатқаны әкімдікте өткен алқалы жиында сөз болды. Міне, осы мәселені дер кезінде дөп басқан облыс әкімі Қырымбек Көшербаев мүдделі мемлекеттік органдар мен қаржы институттары өкілдерінің басын қосып, томаға тұйық санаға түбегейлі сілкініс жасады.
Жиын басында аймақ басшысы ел дамуына кедергі келтіретін, жұмысына салғырт қарайтын жауапты тұлғалардың мәселесін май шаммен қарайтынын қадап айтты. Қажет болса, нәтижесіз жұмыс жасағандығы үшін қызметінен босату жайын қыркүйек айында дәл осы жиынның жалғасында күн тәртібіне қоятынын жеткізді. Енді насихаттау һәм түсіндірме жұмысы тәмам. Тек нәтиже керек. Бұл әкімнің талабы. «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» деп айта бергеннен гөрі, нақты қанша кәсіпкерге не оған ынталы қанша азаматқа қолдау көрсетілді? Міне, облыс әкімінің талабы осындай өзекті мәселенің шырмауынан шығып, өңірдің экономикасын оздыру, тұрақты жұмыс орындарын ашып, салық базасын ұлғайту, сол арқылы қоғамда тұрақтылықты қамтамасыз ету. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде алғаш болып аудан әкімі Ғалым Әміреев мінберге көтерілді.
Бес айдың қорытындысы бойынша бизнес саласында бағындырған белестерді баяндады. Ә-дегеннен бүгінге дейін тіркелген кәсіпкерлердің саны бойынша облыстық көрсеткіште екінші тұрғаны белгілі болды. Ал, жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субьектілер бойынша облыста көш басында екенбіз.
– Аудан бойынша 256 жоба нақтыланып, бүгінгі таңға 208,5 млн. теңгенің 70 жобасы бойынша несие алынып, 286,5 млн. теңгенің 91 жобасы мақұлданып отыр. Ал, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеберінде жыл басынан бері 40,0 млн. теңгенің 2 жобасы мақұлданды. Қосымша 3 жоба екінші деңгейлі банктерде қаралу үстінде, 3 жоба бойынша жоба жетекшілерімен бірлесіп жұмыс жасаудамыз. Сондай-ақ, облыстық бюджеттен бөлінген қайтарымсыз 200 млн. теңге несиеге ауданнан 75 жоба ұсынылып, оның 19 жобасы 21 млн. 126 мың теңгенің жеңімпазы атанды, – деген аудан басшысы ауданда кәсіпкерліктің қай бағытына басымдық беріп жатқанын тарқата айтты.
Атап айтқанда, ауданда кәсіпкерлікті дамытудың оңтайлы жолы – агроөнеркәсіп кешені екенін жеткізді. Әрі аймақта алғаш болып, өткен жылы кент орталығынан агро-индустриялық аймақ ашқанын тілге тиек етті. Соның негізінде 12 кәсіпкер мен 50 адам жұмыспен қамтылғанын жеткізген аудан әкімі биыл 6 ауылдық округте осы тәжірибені енгізіп, агро-аймақ ашқанын айтты. Оған қоса, саланы ғылыммен ұштастыру мақсатында «Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен» іскерлік байланыс орнатқанын баяндамаға арқау етті. Бұл өз кезегінде диқандарды үздік тұқым сортымен қамтамасыз етіп, мол өнім алуға даңғыл жол ашатыны белгілі.
– Бұдан бөлек Қырғыз Республикасының Бішкек облысымен тәжірибе алмасып, ауыл шаруашылығы саласындағы тың әдістерімен таныстық. Негізінен картоп және көкөніс, бақша өнімдерімен егумен айналысатын қырғыз диқандары өнімнің басым бөлігін Ресей нарқына экспорттайды. Біз әсіресе, өнімді сақтайтын қоймаларын зерттедік. Мұндай сапар Өзбекстанның Ташкент қаласына да жасалды. Онда жылыжай кешенін дамыту жолдарын сараладық. Әрі осы бағытта биыл кәсіпкерлікпен айналысуға ниетті азаматтарға «Агро экспресс» оқыту курсын ұйымдастырып, кәсіби біліктілігін арттырдық, – деді Ғалым Әміреев.
Мұнан кейін хабарлама соңында аудан әкімі инновациялық гранттардан өзге идеясы мықты жұмыссыз және кәсіпкерлікке ниетті жастарды тарту мақсатында жүзеге асырылып жатқан «Zhas Project» жобасы бойынша нәтижелі жұмыс атқарылып жатқанын жеткізді. Жобаны жан-жақты түсіндіру мақсатында 15 ауылдық округке арнайы барып, жастар қауымымен жүздескенін тілге тиек етті. Нәтижесінде бүгінгі таңда аудан бойынша тіркеу базасына 85 жоба енгізіліп, 1 млн. теңгеге дейінгі грантқа ие болу мүмкіндігі мол. Сондай-ақ жалпы жобаға 500 жас қатысып жатқаны белгілі болды.
Жаңақорғанда атқарылып жатқан жұмыс барысын тыңдаған облыс әкімі кәсіпкерлер мен жауапты лауазым тұлғаларын әуелі ынталандырып алды. Жыл қорытындысымен биыл кәсібін бастаған әр аудан мен облыс орталығындағы үздік стартап-кәсіпкерлерді, үздік аудан әкімі мен жауапты лауазымды тұлғаны 1 млн. теңге көлемінде сыйақымен марапаттау туралы шешім қабылдағанын сөз етті аймақ басшысы.
Одан әрі облыстық кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының басшысы мен аудандық кәсіпкерлік палатасының директоры хабарлама жасады. Орталықта бизнес ашуға ниетті әрбір адам мамандардың тегін кеңесі мен мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдау қаржыға қалай қол жеткізуге болатындығы жөнінде ақпарат алатыны белгілі болды. Және де кәсіпкерлерге «бір терезе қағидатымен» рұқсат құжаттарын алуға кеңес беріліп, нақты қандай көмек көрсетілетіні тізбектелді. Қос мекеменің жұмысын тыңдаған облыс әкімі әлі де болса, жұмысты жандандыру керектігі жөнінде тапсырма берді.
Көшпелі жиын бел ортасына тақағанда аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев кәсіпкерлік саласы бойынша «көштен қалған» жекелеген ауыл әкімдерінен мәселенің барысын сұрағанды жөн санады. Олардың қатарында: Келінтөбе ауылы әкімі Ж.Абилхайров, Қосүйеңкі ауылы әкімінің Ж.Жанпейсов, М.Нәлібаев ауылы әкімі Ө.Ильясов, Қожакент ауылы әкімі А.Айтжанов, Байкенже ауылы әкімі Н.Оспанов, Көктөбе ауылы әкімі Б.Абуов, Өзгент ауылы әкімі Ж.Байзақов, Шалқия кенті әкімі М.Ауанов бар. Әкімдермен бірге жауапты кураторлары бірге шықты. Өздеріңізге белгілі, облыс әкімдігі жанында Ахуалдық орталық жұмыс жасайды. Онда макроэкономикалық көрсеткіштерді болжамдау, әлеуметтік-экономикалық даму барысын мониторингтеу, талдау және болжау жұмысын жүргізеді. Міне, осы ахуалдық орталық өңірдегі 264 елді мекенге мониторингтік талдау жасауда. Осы негізбен Қырымбек Елеуұлы ауыл әкімдерін бір сілкіп алды.
– Мемлекеттік грантқа бизнес-жоба ұсынбаған. Қаржы институттарынан несие алмаған. «Бастау-бизнес» жобасы бойынша тұрғын оқымаған. Кәсіпкерлікке тіркеліп, зейнетақы қорына аударым аударылмаған. Осы нәтижеге өздеріңіз қанағаттанасыздар ма? Неге бұлай болуы тиіс? Әлде жұмысты ұйымдастыра алмайсыздар ма? — деген облыс әкімінің сауалы ауыл әкімдерін қамшылап алғандай болды.
«Бармасқа көп сылтау, бермеске жоқ сылтау» демекші, «ұсындық», «жоба қаралу үстінде» деген сөздермен құтылғысы келген ауыл әкімдері мен жауапты кураторларына өңір басшысы соңғы мүмкіндік «балапанды күзде санайтынын» жеткізді. Қыркүйекте аталған кемшіліктер қайта күн тәртібіне қойылып, егер нәтиже болмаған жағдайда шара көріледі. Бұл әкімнің сөзі. Енді екі жарым ай уақыт бар. Нәтижелі жұмыс жасайды, не қызметінен қош айтысады.
Иә, түйіндей айтқанда ауыл-аймақта кәсіпкерлік саласының қарқынды дамуына не кедергі? Қиын сауал. Әрине, озған – мұрат, қалған – ұят. Тек, белсенді қарекет керек.

Әбдісамат ӘБДІШ.
19 маусым 2018 ж. 666 0