№94 (8908) 9

09 желтоқсан 2025 ж.

№93 (8907) 6

06 желтоқсан 2025 ж.

№92 (8906) 2

02 желтоқсан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
» » «Startup Project»: Өнертапқыштар байқауы

«Startup Project»: Өнертапқыштар байқауы


Қазір мектеп бағдарламасына «Кәсіпкерлік негіздері» пәнінің қосылғанын білеміз. Бұл пән оқушыларды еңбекке баулумен қатар, болашағына бағдар түзейтін бастама деуге негіз бар. Яғни жас өскін ертеңгі кәсібін мектеп қабырғасында жүріп-ақ қалыптастыра алады. Қандай бизнес түрін таңдаймын десе – өз еркі. Бұл жерде ұстаздың ақыл-кеңесі, бағыт-бағдары да маңызды. Жақында №286 мектепте жас кәсіп иелері мен ғылымға құштар оқушылар арасында «Startup Project» стартап жобалар байқауы өтті. Байқаудың мақсаты – білімгерлердің креативті ойлауын дамытып, инновациялық идеяларды өмірге әкелуге мүмкіндік беру, сондай-ақ кәсіпкерлік дағдыларын қалыптастыру.


Осы орайда әлем елдерінің тәжірибесіне сүйеніп көрейік. Қазірде дамыған елдер, оның ішінде Жапония, Қытай, тіпті Түркия мемлекетінде жоғары сынып оқушылары өздеріне ыңғайлы кәсіп түрін ерте таңдайды. Сол білім ордасында жүріп болашағына инвестиция салып үлгереді. Қолынан қандай өнер келеді, қандай кәсіпке икемі бар, соларды іске асыруына мүмкіндік қарастырылған. Әркім өскенде өзінің жеке брендін қалыптастырады. Біреуі дайын шикізаттан өнім шығарса, енді бірі сол шикізатты қолдан өңдеп, оны кейін өндіріске айналдырады. Енді бірі ғылымға бет бұрып, өнімдерінің негізін кітапқа немесе оқулыққа енгізеді. Осылайша шағын кәсіптің көкжиегін кеңейтіп, ел экономикасының өсуіне әжептеуір үлесін қосады. Міне, осы бағыт бізге де келді.
Енді байқауға оралайық. Қазылар құрамында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Жаңа­қорған аудандық филиалының директоры Асылжан Жолдас­баев, Жастар ресурстық орталығының директоры Наурызбай Орынбасаров пен мектеп директоры Ләззат Нәлібаевалар ұсынылған жобаларға өз бағасын берді. Біз бұл байқауда түрлі кәсіп түрлерін көрдік. Ауылды туризм орталығына айналдыру, қалдықтарды қайта өңдеу, электр жарығын алу, сервистік қызмет түрлері мен нәзікжандыларға арналған бағыттар да бар. Бүгінгі ЖИ-дің дәуірінде смартфондардың рөлі өте зор. Ұлттық құндылықтарға негізделген «iPad-тың» болашақтағы түрін де тамашаладық. Осы жобаға ерекше тоқталуға болады. Бұл ұялы байланысқа байланған балаларға тың қызығушылық сыйлайды. Оған қазақша атаулар арқылы ұлттық құндылық, оның ішінде, салт-дәстүр, ойындар мен қазақша әліпбилерді үйрету сынды құрылғы орнатуға болады. Ең бастысы, ҰБТ-ға дайындыққа арнайы құрылғыны енгізу қаралыпты. Еңлік пен Айкөркемнің бұл жобасын ерекше деуге болады.
– Біз бұл бастаманы қолға алып, келешекте үлкен деңгейде өткізуге ниеттіміз. Әзірге 11 қатысушы бақ сынап көруде. Мектепішілік болғаннан кейін қатысушы саны шектелді. Байқауға экологиялық шешімдер, цифрландыру бағытындағы бастамалар, смарт құрылғылар, әлеуметтік жобалар және заманауи білім беру құралдары бойынша тың идеялар ұсынылды. Қазылар алқасы жобалардың өзектілігіне, жаңашылдығына, тиімділігіне және іске асыру мүмкіндігіне баға берді. Бұйырса, бұл жобаларды ары қарай дамытуға сынып жетекшілерімен бірге ізденетін боламыз, – дейді ұйымдастырушы, «Кәсіпкерлік негіздері» пәнінің мұғалімі Ерлан Райымбекұлы.
Сонымен, 11 оқушының ішінен үш жеңімпаз анықталды. Қаратау бөктерінен демалыс орнын ашып, «Жаманбай батыр» ауылдық округін туризм аймағына айналдыру жобасын әзірлеген Арайлым Асанбай 1-орыннан көрінсе, тоқпен жүретін робот жасап, келешекте өрт сөндіруге бағыттауға ниетті Нұрислам Ерғали 2-орынды жеңіп алды. Үздік үштікті Үсембек Ахмет түйіндеді.
– «Жас бизнесмендердің» жобалары көңілден шықты. Өнерін нарыққа шығаруға әрекеттенген оқушыларға ал­ғыс айтамын. Мүмкіндік болса, ауданда өтетін кәсіпкерлер көрмесіне кейбір жобаларды ұсынуға болады. Дарын иелері бойындағы өндіріске икемін тоқтатпауы керек. Олардың келешекте үлкен кәсіп иесі атанып, тіпті ғалым ретінде танылуы да ғажап емес. Сондықтан бүгінгі шараға бастамашы болған ұйымдастырушыларға алғыс айтамыз, – деді А.Жолдасбаев.
Мектеп басшылығы байқауға қатысушылардың еңбегіне табыс тіледі. Осындай байқаулар жас ұрпақтың шығармашылық әлеуетін арттырып қана қоймай, жаңа технологияларды меңгеруге, өз идеясын қорғауға және қоғам игілігі үшін жұмыс істей алатын тұлға болуға тәрбиелейді. Біз бұны тек бастамасы деп қабылдадық. Сөз соңында бұл жұмыстардың жемісінде директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлнар Әлібекованың және мұғалім Ерлан Абрасиловтың еңбегі жатыр.

Әли ТЕМІРБЕК
09 желтоқсан 2025 ж. 68 0