Бексұлтанның әні қалықтады
«Туған өлке тұлғалары» жобасы аясында белгілі сазгер Бексұлтан Байкенжеевтің туғанына 75 жыл толуына орай «Зерек» мектебінде рухани кеш өтті. «Әуелеп ұшқан ән-ғұмыр» атты шығармашылық кешке сазгердің ұлы Әбсұлтан Байкенжеев пен әнші Рыскүл Ұлықпанов арнайы қонақ ретінде шақырылып, мектеп оқушыларымен керемет кедесу өткізді. Есті естеліктерімен бөлісіп, әуезді әндерді шырқаған қонақтарға құрмет көрсетіліп, оқушылар да өз өнерлерін ортаға салды.
Алдымен өнер кешін Асхан атындағы «Зерек» білім ордасы директорының міндетін атқарушы Бақтиярбек Тоқтыбаев ашып, қадірлі қонақтарды төрге оздырды. Одан әрі 3-сынып оқушылары «Гүлденген Жаңақорған» әуенін шырқады. Келесі кезекте Бексұлтан Байкенжеевтің өмір тарихы туралы баяндалды. Алтынның сынығы, тұлпардың тұяғы болған перзенті, мәдениет саласының үздігі, өнердің майталманы Әбсұлтан ағамыз әкесінің қара баянын қолына алып, әндерін қалықтатты. «Ақшолпан», «Ақбаян» әндері шырқалды.
Керемет көңіл-күйді әрі қарай Бүкілодақтық конкурстың лауреаты, «Ерен еңбегі» медалінің иегері Рыскүл Ұлықпанова әнмен әрлеп, көрермендерді серпілтіп тастады. Көрермендер Адырбек Сопыбеков атындағы аудандық кітапхананың көшпелі көрмесін тамашалады. Кітапхана қызметкерлері де ықыласты-лебіздерін ортаға салып, ыстық ықыластарын білдірді. Кеш соңы сазгердің соңғы әуені «Сағынып жүрші» әнімен түйінделді.
Мағыналы кездесу соңын мектеп құрылтайшысы Нұрхан Иниятханұлы қорытындылап, арнайы қонақтарға сый-құрмет көрсетіп, алғысын білдірді.
Фарида МАХАНОВА,
тәлімгер