Қоқыс өңдеу – өнімді табыстың көзі

Қазір әлеуметтік желінің алаңы кез келген елдің ішкі нарығын, өнеркәсібін, жалпы шағын бизнесін таразылап отыр. Оның ішінде, тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу ісі бойынша Қытай, Жапония және Үндістан секілді елдер керемет нәтижелерімен көзге түсіп отыр. Бұл біріншіден, экологияны реттейді, екіншіден, өнім өндіру ісін ілгерілетеді және қазынаға әжептеуір табыс әкеледі. Сыр өңірінде шыны зауыты бар, өзге де өндіріс қалдықтарының түрі жетіп артылады. Осы мәселені шешу жолында біздің елде де үлкен шешімдер қабылдануда. Яғни, 2029 жылға дейін қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу деңгейін 40%-ға дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Инвесторлардың ынтасы болса, шикізат мәселесіне алаңдамасақ та болады. Бүгін біз осы тақырып бойынша таразылап, елдегі ахуалды зерделеп көруді жөн көрдік.
Иә, ХХІ ғасырдың әлем алдында тұрған ең күрделі мәселесі – қатты тұрмыстық қалдықтар жайы. Дүниежүзінде әрбір тұрғын шамамен жылына 300 келіге жуық қоқыс шығарады екен. Бұған зауыттар мен фабрикалар секілді ірі өнеркәсіптерден бастап, қоғамдық тамақтану орындары мен коммерциялық нысандарды қоссаңыз, тау болып үйілген қоқыс полигондарын көз алдыңызға елестете беріңіз. ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев осы мақсатта жалпы құны 345 млрд теңгеге бағаланатын 67 жоба әзірленіп жатқанын жеткізген. Оның ішінде 14 жобаға 52 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінген. Бұл бастамалар қатты қалдықтарды тиімді басқаруға, қоршаған ортаға зиянды азайтуға және еліміздің экологиялық қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.
Жобалардың 41-і тікелей қайта өңдеу саласына арналса, басты назар қағаз, пластик және әйнек қалдықтарына бөлініп отыр. Себебі, елімізде осы үш материал қалдықтарының көлемі өте жоғары. Қазіргі уақытта елімізде қалдықтарды қайта өңдеу деңгейі 25,8% шамасында. Жобалар аясында жаңа өңдеу кәсіпорындарын іске қосу, бар инфрақұрылымды жаңарту және қалдықтарды жинау мен сұрыптау жүйесін жетілдіру көзделуде. Министрдің сөзінше, жыл соңына дейін барлық 67 жоба жүзеге асырыла бастайды.
Тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеуге Қызылорда аймағы да қызу кірісті. Жуырда аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтің Швейцарияға жұмыс сапарымен барғанын білеміз. Сол сапарда экономикалық және өзге де әріптестік нығайып, біршама мәселелер талқыланды. Соның ішінде, біз көтеріп отырған қайта өңдеу жобасы да бар. Арнайы барған делегация мүшелері Kanadevia Inova компаниясының Орталық Азия бойынша президенті Александр Силинмен кездесті. Онда тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеу және энергия көзі ретінде пайдалану бағытындағы бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктері қаралды.
Қазір өңірде 15 кәсіпорын тұрмыстық қалдықтарды жинау және қайта өңдеумен айналысады. Кореялық With You E&C компаниясы жылына 300 мың тонна қалдықты сұрыптау және қайта өңдеу зауытының құрылысын бастады. Швейцарияға жұмыс сапары агроөнеркәсіп, экологиялық технологиялар және инвестициялық ынтымақтастық салаларында жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Енді Сыр жұрты қалдықтарды өртеп немесе өзге өңірлерге өткізбей, өзімізде өндіруге мүмкіндік алады. Бұған дейін, қағаздар мен өзге қолданыстан шыққан кәдеге жарамдысы сұрыпталып, көршілес өңірлерге пұлдап келді. Шымкент шаһарына жөнелтілетін тауарлар ары қарай шетел асып, бірер айдан соң өзімізге тауар ретінде келіп жатыр.
Ауданға оралайық, Жаңақорғанда өңдеу өнеркәсібінің салынуы екіталай, дегенмен сұрыптау кәсібінде бәсекелестік бар. Кент орталығында екі кәсіпкер қағаз, шыны адыстары мен пластикалық қалдықтарды жинап өткізетін болса, тағы бір кәсіп иесі осы істі мықтап қолға алған секілді. Жаңарықта тұратын ағамыз әлеуметтік желі арқылы қағаз қалдықтарын қабылдайтынын жеткізді. Кент орталығында отбасылық кәсіппен нәпақасын тауып отырған Мурзаевтар отбасы бұдан түсетін табыстың қомақты екенін де жасырып қалмады. Жақында жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, мемлекеттен де көмек алсақ деген жоспары бар. Кәсіпкер ағамыз балаларын осы кәсіпке икемдепті. Өзімен бірге жүріп, аудандағы үлкен сауда орталықтарынан дайындап қойған қоқысты көлікпен тиеп әкетеді.
– Алланың берген екі ұлым бар. Былтыр мемлекеттен бөлінген 1 200 000 теңге грантты бір ұлым алып, қажетімізге жұмсадық. Одан бөлек зауыттармен келісім-шартқа отырып, жұмыс қарқынын кеңейтудеміз. Алдағы уақытта 2-3 адамды жұмыспен қамту ойда бар. Наурыз айында Қызылорда қаласында шыны зауыты ашылса, сол жаққа өткіземіз, әзірге Шымкент қаласындағы «Boom prom» заводына кардондар, салафандар мен бөтелкелерді өткізудеміз, – дейді ағамыз.
Статистикаға зер салсақ, Қазақстанда жылына 31 млрд тоннадан астам қалдық шығарылады. Одан 120 млн тоннаға жуық қатты тұрмыстық және 2,5 млрд тонна қауіпті қалдық жиналады. Бұл көрсеткіш қоқысты кәдеге жаратудың қажеттілігін аңғартады. Әлбетте, қоқыспен күрес – жалғыз бізді ғана емес, дүниежүзі елдерін толғандырған жаһандық мәселе. Химиялық қалдықтар өңір келбетін бұзып қана қоймайды, қоршаған ортаға үлкен зиян келтіреді. Қоқыс пен қалдықтар ыдыраған кезде пайда болатын заттар атмосфералық ауаны ластайды. Айталық, табиғи жағдайда қарапайым қағаз 2 жылда ыдырайды. Химиялық жолмен өндірілген өзге де тұрмыстық қатты қалдықтар ше? Мәселен, ғалымдар металл консерві банкалары табиғи процеспен жойылуға 90 жыл кететінін, ал шыны банкаларға – 1000 жыл қажет екенін алға тартады. Сол секілді қаңылтырға – 90 жыл, әйнекке – 1000 жыл уақыт керек екен.
Кент келбеті ең бірінші тазалығынан көрінетіні анық. Күнделікті қолданыстағы тұрмыстық қалдықтарды жерге тастамай, ауламызды ластамай, Насырла мырзаның кәсібіне қолдау білдірсек қоқыс өңдеуден де түсетін кіріс көп.
Әли ТЕМІРБЕК




