» » Қалауын тапса, қоқыс та кіріс әкеледі

Қалауын тапса, қоқыс та кіріс әкеледі


Қолданылған тұрмыстағы қалдықтарды қайта өңдеп, тіршілік айналымына енгізу әлем елдерінің басты бағытына айналды. Ол да елдің ішкі нарығына, өнім өндіруіне, тіпті экономикасына оң әсерін тигізуде. Ең бастысы, экологиялық залалдан тазарып, тазалықты тұрақтандырады. Әрі табыстың көзі. Біздің елде бұл кәсіп енді ғана еңсе көтеріп келеді. Шымкент қаласындағы шағын зауыт қағаз, шыны ыдыстары мен баклашкаларды қайта өңдеуге ден қойған. Ал, оған шикізат жеткізіп беруде біздің қос жаңақорғандық кәсіпкер бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келеді. Соның бірі – Насырла Мурзаев. Шағын шаруасын отбасылық бизнеске айналдырған ағамыздың кәсібін көруге арнайы барып, сұхбаттасып қайттық.


Иә, полигондарда үйіліп жатқан қоқыс үйінділерін сұрыптап, жаңа өнім шығаруға болатынын сіз білесіз бе? Бұл үлкен саланың бірі. Қоқыс саласы бизнес көзіне айналуы үшін қомақты қаражатты, дұрыс дайындықты талап етеді. «Қоқыс қалдықтарын қайта өңдеу» өзекті проблемалардың бірі. Әлемдегі жетекші елдердің тәжірибесі көрсеткендей, бұл мәселені оңтайлы шешуге толық мүмкіндік бар.
– Тіршілік барда қоқыс ешуақытта таусылмайды. 10 жылдан астам уақыт қажетсіз қалдықтарды жинап, Шымкент қаласындағы зауытқа өткізуді қолға алдым. Отбасым қолғабыс болса, қарамағымда тағы 2-3 жұмысшы бар. Күнделікті жұмыста макулатура, бөтелке, шыны, баклашка, салафан пакеттерді жинап, сұрыптаймыз. Тұрмыстық қатты заттарды теріп, сұрыптап, арнайы зауытқа өткізіп, табыс тауып жүрген жайымыз бар. Бір ай бойы жиналған қоқысты сұрыптап, ретке келтіреміз. Былтырғы жылға қарағанда биыл жұмыс жақсы жүруде. Өткен жылы 2-3 айда бір өткізетінмін. Биыл ай сайын 10-15 тоннадан кем өткізіп жатқанымыз жоқ. Тұрғындар да, тазалық мекемелері де үйренді. Күнделікті жиналған қоқыстарды өткізіп тұрады. Тіпті, Байкенже, Сунақ ата, Шалқия, Бірлік сынды ауыл тұрғындары да бізге үйренді. Жинап қойған заттарын айына бір рет барып жинап кетеміз, – дейді кәсіп иесі.
Отбасылық кәсіппен нәпақасын тауып отырған Мурзаевтар отбасы кәзіргі таңда айлық табысының да жақсы екенін жасырып қалмады. Жақында жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, мемлекеттен көмек алуға мүдделі. Ағамыз балаларын осы кәсіпке икемдепті. Өзімен бірге жүріп, аудандағы үлкен сауда орталықтарынан дайындап қойған қоқысты көлікпен тиеп әкетеді.
– Алланың берген екі ұлым бар. Былтыр мемлекеттен бөлінген 1 200 000 теңге грантты бір ұлым алып, қажетімізге жұмсадық. Одан бөлек зауыттармен келісім-шартқа отырып, жұмыс қарқынынын кеңейтудеміз. Алдағы уақытта 2-3 адамды жұмыспен қамту ойда бар. Наурыз айында Қызылорда қаласында шыны зауыты ашылса, сол жаққа өткіземіз, әзірге Шымкент қаласындағы «Boom prom» заводына кардондар, салафандар мен бөтелкелерді өткізудеміз, – дейді кейіпкеріміз.
Бала кезімізде алдыңғы буын ағаларымыз темір-терсек, шыны ыдстарды өткізіп пұлдайтын. Үйден емес, сырттан теріп, теңге табатын. Қазір үйден шыққан қалдықты апарып өткізуге жеткіншектер жиіркенетінін ағамыз тартты. Әйтпесе, қажетсіз қағаз бен баклашкадан әжептеуір табыс табуға болады. Кейбір құжаты жарамсыз мекемелер қағазды өртемей осында өткізеді екен. Бұл да жақсы жүйе ғой. Керек болса кәсіпкер кез келген орталықтан тауарды қаржысын төлеп алуға дайын. Келісін есептеп, қажетін алып кетеді. Бірақ бұған біз дайын болмай жатқан жайымыз бар.
Статистикаға зер салсақ, Қазақстанда жылына 31 млрд тоннадан астам қалдық шығарылады. Одан 120 млн тоннаға жуық қатты тұрмыстық және 2,5 млрд тонна қауіпті қалдық жиналады. Бұл сандар қоқысты кәдеге жаратудың қажеттілігі тұрғанынан хабар береді. Әлбетте, қоқыспен күрес – жалғыз бізді ғана емес, дүниежүзі елдерін толғандырған жаһандық мәселе. Химиялық қалдықтар өңір келбетін бұзып қана қоймайды, қоршаған ортаға үлкен зиян келтіреді. Жердегі қоқыстар мен қалдықтар ыдыраған кезде пайда болатын заттар атмосфералық ауаны ластайды. Айталық, табиғи жағдайда қарапайым қағаз 2 жылда ыдырайды. Химиялық жолмен өндірілген өзге де тұрмыстық қатты қалдықтар ше? Мәселен, ғалымдар металл консерві банкалары табиғи процеспен жойылуға 90 жыл кететінін, ал, шыны банкаларға – 1000 жыл қажет екенін алға тартады. Сол секілді қаңылтырға – 90 жыл, әйнекке – 1000 жыл уақыт керек екен.
Мұнымен айтпағымыз кенттің келбеті ең бірінші тазалығынан көрінетіні анық. Күнделікті қолданыстағы тұрмыстық қалдықтарды жерге тастамай, ауламызды ластамай, өз денсаулығымызға, ортамызға зиянды әдеттен құтылып Насырла мырзаның кәсібіне қолдау білдіріп, қоқыстан ақша тауып әрі тазалыққа бет бұрсақ нұр үстіне нұр емес пе? Қоқыс қалауын тапса кіріс әкеледі деген сөздің астарын түсінген жанға тек пайда алып келері анық.

Ботагөз БЕКМАХАНОВА
27 ақпан 2023 ж. 262 0