Кедергісіз келешек
“AMANAT” партиясы Жаңақорған аудандық филиалының төрағасы Арман Әбілпейісұлы және депутаттық фракция жетекшісі Бибасарова Лаура Өзгент ауылдық округінде партияның “Кедергісіз келешек” жобасы аясында халықтың әлеуметтік осал топтарын жұмыспен қамтудың 4% квотасы бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, мониторинг жасады.Мониторингтің басты мақсаты – мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту бағытындағы заң талаптарының орындалуын бақылау және еңбек ұжымдарында инклюзивті орта қалыптастыруды талдау болды.
Бақылау барысында мекемелер мен ұйымдарда мүгедектігі бар азаматтарға арналған жұмыс орындарының үлесі, еңбек жағдайлары мен әлеуметтік инфрақұрылымның қолжетімділігі қаралды. Сонымен қатар, жұмыс берушілермен әңгімелесу өткізіліп, “халықтың әлеуметтік осал топтарын жұмыспен қамтудың 4% квотасы” бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Мамандардың айтуынша, мұндай мониторинг жұмыстары аудан көлемінде жүйелі түрде өткізіліп келеді. Бұл өз кезегінде ерекше күтімді қажет ететін азаматтардың қоғам өміріне белсенді араласуына және еңбек нарығына тең дәрежеде қатысуына мүмкіндік береді.
“AMANAT” партиясы жүзеге асырып отырған “Кедергісіз келешек” жобасының негізгі мақсаты – әлеуметтік әділдік қағидатын нығайту, кедергісіз орта қалыптастыру және әрбір азаматтың еңбек ету құқығын қамтамасыз ету.



