Соңғы жаңалықтар

№92 (8906) 2

02 желтоқсан 2025 ж.

№91 (8905) 29

29 қараша 2025 ж.

№90 (8904) 25

25 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
» » Күзгі тұмау: Балалар денсаулығына сақтық қажет

Күзгі тұмау: Балалар денсаулығына сақтық қажет


Күз мезгілі келген сайын балалар арасында тұмау мен тыныс жолдары аурулары жиілейтіні белгілі. Әсіресе мектеп пен балабақшаға баратын жасөспірімдер арасында тез тарап жатыр. Соңғы апталарда еліміз бойынша балалар арасында тұмаумен сырқаттану деректері күрт артқаны кәдімгідей алаңдаушылық тудырып отыр. Күзгі маусымда ауа райының тұрақсыздығын, қарапайым суық тиюдің өзі асқынып, бронхитке, тіпті өкпе қабынуына әкеліп соғуы мүмкін екенін алға тартады.


Біз өз ауданымыздағы жағдайды саралап көрген едік. Соңғы күндері тіркелген 3 пен 12 жас аралығындағы балалар да дене қызуының көтерілуі, жөтел, тамақтың қызаруы, мұрын бітелу және әлсіздік байқалып отыр. Содан болар, емхана мен ауруханада тұмауға қарсы алдын алу жұмыстары күшейтілген. Профилактикалық екпелер жүргізіліп, күн тәртібінің күшейтілген режимге көшкенін білдік. Бұл жөнінде аудандық емхананың бас балалар дәрігері Ұлжан Үрінбаевамен сөйлесіп, мәселенің мән-жайын білуге тырыстық.
– Бүгінгі таңда тұмауға қарсы вакцинация егілуде. Әсіресе тәуекел тобына жататын – яғни жиі ауыратын, созылмалы ауруы бар және мектепке дейінгі балаларға екпе салдыру өте маңызды. Бұл – аурудың асқынуына жол бермейтін ең тиімді әдіс. Қазірде балалар арасында жоғарғы және төменгі тыныс алу жүйесі ауруларының күрт өсуіне байланысты, балалар емхана мен ауруханаға өте көп түсуде. Осы ретте айта кетейін, 5 жасқа дейінгі балалар арасында 4 қауіпті белгі бар. Осы белгілердің бірі байқалатын болса дереу жедел жәрдем шақыру керек. Егер бала емшек еме алмай қалса, әр емген сайын немесе су ішкен сайын құса берсе, құрысу және есінен тану болса, уақыт оздырмай ауруханаға бару керек.
– Бұл сырқаттың ерекшелігі, жалпы сипаттары жөнінде не айтуға болады?
– Биылғы жылы тұмау ауруының асқынуы ауа райына байланысты. Бүлдіршіндер көп жағдайда, ауруды балабақшадан жұқтырып алып жатады. Таңертең, кешке баланың аузын тұзды сумен жиі-жиі шайып, сұйықтықты көп ішкізу қажет. Күз бен көктем айларында ауырмаған болса қалың киіндірмей суыққа үйреткен абзал. Ал жаңа туған сәбиді таза ауаға шығарып тұрған дұрыс. Кейде ата-аналар баланы тым қорғаштап, стирильді түрде ұстап жатады. Ондай кезде бала қоршаған ортаға төзімсіз болып өседі. Ешқайда шығармай, бірден бала-бақшаға апарған кезде бүлдіршіннің иммунитеті вирусқа қарсы тұра алмай, бала әлсіреп, ауыра береді. Сонымен қатар, жиі кездесетін тамақ ауруы мен тұмаудан сақтану үшін екпені уақытылы алып тұрған дұрыс. Естеріңізде болсын, баланың иммунитетін көтеретін дәрі болмайды. Ауырып қалса, балаға бірден антибиотик бермей, денсаулығын 3 күн бақылау керек. Антибиотик инфекциямен қатар, иммунитетті, яғни сау клеткаларды да өлтіреді, сосын ауырып қалған жағдайда антибиотиксіз жазылмайтын болады. Әрине, кей жағдайларда антибиотиктің көмегі бар. Дегенмен оны ауырған сайын үнемі беріп отырудың қажеті жоқ. Мұрынға инфекция түскенде, ағза су бөліп, мұрыннанан су ағады да, инфекцияны сыртқа шығарады. Дене қызуы жоғарылағанда, инфекцияны өлтіреді, өлген инфекция қақырыққа айналады, оны шығару үшін бала жөтеледі, асқазанға инфекция барғанда құсып, іші өтіп шығарып тастайды. Ал біз осы табиғи құбылысқа кедергі жасаймыз, ыстығын тез түсіріп тастаймыз, жөтелге қарсы дәрі беріп, мұрнындағы суды тоқтатып, құсқанын, іші өткенін басатын дәрі береміз, «тамақты же» деп аузына нығыздаймыз. Мұның бәрі дұрыс емес. Ең бастысы, баланы жіті қадағалап, сұйықтықты жиі-жиі беріп отырса, көп сырқаттың алдын алуға болады, – дейді.
Күз айлары – жедел респираторлық вирустық инфекцияның өршитін мезгілі. Сонымен қатар, ауруханаға жедел-ішек инфекциясымен түсетін науқастар да бар. Учаскелік медбикелер күн сайын үй-үйді аралап, үй жағдайында науқастанып жатқан балаларды да анықтауда. Қандай жағдайда болмасын өз бетінше ем алуға болмайтынын, балалар ауырса дереу учаскелік дәрігер шақырту қажеттігін ескертеміз. Себебі, ауруды асқындырып алу жедел ем қабылдауға айтарлықтай кесірін тигізеді. Емханаға келуші көпшіліктің шағымына келсек, балалардың тамақ ішпей, дене қызуының көтерілуі. Оған қоса, жөтелдің жиілігі, өкпедегі сырыл – бұл науқас балаларға ортақ ауру белгілері.
Одан әрі аудандық жұқпалы аулар бөлімінің бөлімінің дәрігері Әсел Сейіловамен тілдестік.
– Қазіргі уақытта ауруханада 108 науқас ем алып жатыр. Оның 83-і балалар. Шыны керек, ауруханада науқастар сыймай, дәлізде жатыр. Қазіргі таңда вирустық инфекцияның маусымдық түрі белең алуда. Көптеген балалар жоғары температура, жөтел, мұрынның бітелуі және әлсіздік белгілерімен емханаға жүгінуде. Кей жағдайларда бронхит пен ангинаға ұласқан күрделі түрлері де кездесуде. Балалардың арасында лорингит өте көп. Бірақ, ауа райы ылғалды емес, құрғақ. Бұл аурудың өршитін уақыты емес. Соған қарамастан, ауруханаға түсіп жатқан балалардың басым көпшілігі лорингитпен ауыруда. Қазір «маусымдық» деген ұғым жоғалды. Бұрын қыста тұмау, жазда жұқпалы ішек аурулары болса, бүгінде вирустың түрлері мезгіл талғамай ауа арқылы кең таралуда. Бір күнде 30-35 науқасқа дейін қабылдап жатырмыз. Суық тию барлық балалар арасында бірінші орында тұр. Олардың иммунитеті аурулармен күресе алмайды. Сондықтан күн суытып, ауа-райы өзгерген кезде, ата-аналар балаларына аса мұқият қарағаны абзал. Әйтпесе, балаға суық тигенді емдеуге көп уақыт кетеді. Менің таң қалатыным, екі-үш айлық балаларды емдеп жатырмыз. Аналары омыраудан шығарып жіберген, қосымша тамақтандырады, – деді бөлімше басшысы Әсел Есдәулетқызы.
– Осы тұста айта кетіңізші, баланың иммунитетін қалай көтеруге болады?
– Әдетте күзде өрши түсетін тұмау, өткір респираторлық вирус ауруларынан сақтану керек. Себебі бейғамдық танытқандардың имммунитеті әлсіреп, дерт дендеп кетуі мүмкін. Сондықтан да, әрбір ата-ана баласының денсаулығына мұқият болып, түрлі ауруларға ұласып кетпеуін қадағалағаны жөн. Ата-аналардың, ең алдымен өз баласына тұмауға қарсы дәрі-дәрмектерді бермес бұрын учаскелік дәрігермен кеңесу керек. Дене температурасының көтерілуі, бас ауруы сияқты симптомдар менингит ауруының алғашқы белгілері болып саналатындығын да ұмытпаған жөн. Емдеу кезінде вирусқа қарсы және микробқа қарсы баланы жиі суықтан қорғау үшін иммундық жүйені нығайтатын және эпидемия мен тұмау кезінде инфекция қаупін төмендететін алдын алу шараларын жүргізу қажет екен. Ол үшін бөлмені желдету, салауатты өмір салты, дұрыс тамақтану, түрлі дәрумендер, жеміс-жидектерді рационға қосу қажет. Толыққанды демалыс та үлкен маңызға ие. Мәселен, 7 жасқа дейінгі балаларға күндізгі ұйқы қажет, ал кейбір балалар тіпті 8 жасқа дейін түстен кейін демалуды әдетке айналдырады. Ұйқының өзіндік пайдасы бар. Ұйқы кезінде дене жұмсалған энергияны қалпына келтіреді, бұл иммундық қорғанысты нығайтуға көмектеседі, – дейді ол.
Медициналық статистикаға сүйенсек, өткен аптамен салыстырғанда балалар арасындағы вирустық аурулармен тіркелген жағдайлар 20–25 пайызға артқан. Негізі, тұмаудің басты жұғу көзі – ауа тамшылары арқылы тарайтын вирус. Сондықтан баланы көпшілік жиналатын жерлерге апармау, үйді жиі желдетіп, тазалықты сақтау, балаға жылы киім кигізу, иммунитетті нығайту үшін дәруменге бай тағам беру, балада тұмау белгілері байқалса, өздігінен ем қолданбай, дәрігер кеңесіне жүгінген жөн.
Аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы осы бағытта білім беру ұйымдарына түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Мектептерде күн сайын таңертең балалардың температурасын өлшеу, сынып бөлмелерін жиі желдету, кварц шамын пайдалану секілді алдын алу шаралары қолға алынған. Бұл туралы, аудандық санитариялық эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Шынар Айдаровадан білдік.
– Аудан бойынша 2025 жылдың 10-айына жедел респираторлы вирусты инфекциямен ауырып 2907 науқас есепке алынды, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында – 2583 жағдай тіркелді, 100 мың халыққа шаққанда аурушаңдық көрсеткіш 3566,2 құрап отыр.
2025-2026 жылдың эпидемиологиялық маусымында, яғни қазан айының 1-нен бастап 05.11.2025жыл аралығында 836 науқас жедел респираторлы вирусты инфекциямен ауырып емдеу орындарына қаралып есепке алынды, оның 68 пайызы, 574 жағдай 14 жасқа дейінгі балалар арасында тіркелді, 2024 жылы эпид маусымда – 496 науқас тіркелген, биыл эпид маусымның алғашқы айында аурушаңдық 1,7 есеге жоғарылау орын алды.
Аудан бойынша тұмауға қарсы вакцинациялауға жататын қауіпті топтағы 8072 адам жоспарланған, қазан айында 8072 адамға тұмауға қарсы вакцина алынып егумен қамтылды, оның ішінде 296 жүкті әйелдер, 1948 жиі ауыратын балалар, диспансерлік есепте тұратын 5160 ересектер, 30 жабық мекеме балалары, 638 медицина қызметкерлері арасында тұмауға қарсы егу ұйымдастырылды, – дейді.
Жергілікті дәріханаларда да халықтың вирусқа қарсы дәрілер мен дәрумендерге деген сұранысы күрт көбейген. «Соңғы екі аптада тұмауға қарсы сироптар, мұрын тамшылары мен С дәрумені көбірек өтіп жатыр. Кей дәрілер тіпті уақытша тапшылыққа айналды», – дейді кент орталығындағы дәріхана қызметкері Мөлдір Сәрсенова.
Бірақ мамандар дәріні тек дәрігердің нұсқауымен пайдалануға шақырады. Өйткені өзін-өзі емдеу балалардың жағдайын асқындырып жіберуі мүмкін. Маусымдық тұмау – жыл сайын қайталанатын, бірақ алдын алуға болатын ауру. Қарапайым тазалық ережесін сақтау, дұрыс тамақтану, жылы киім және уақытылы екпе – баланы аурудан қорғайтын басты қалқан. Бала – болашағымыз. Сол болашақтың саулығы әрбір ата-ананың, әрбір мектеп пен балабақшаның және жалпы қоғамның ортақ жауапкершілігінде екенін ұмытпайық.

Әсел РЗАЕВА
08 қараша 2025 ж. 1 097 0