Соңғы жаңалықтар

№92 (8906) 2

02 желтоқсан 2025 ж.

№91 (8905) 29

29 қараша 2025 ж.

№90 (8904) 25

25 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
» » Ұлылар салған жолдардан – бабалар ізін іздеген

Ұлылар салған жолдардан – бабалар ізін іздеген


Жексенбі күні ауданымыздағы Садір Шаих кесенесі аумағында «Ұлылар салған жолдардан – бабалар ізін іздеген» тақырыбында ғылыми-танымдық конференция өтті. Конференцияға қатысушылар алдымен «Қойлақы ата» кесенесіне зиярат жасады. Осы күні Садір шаих бабаға арналған монументтің лентасы қиылды.


Садір ата – Қожа Ахмет Яссауидің туған бауыры, ал Қойлақы ата (шын аты Мәулана Сайфуддин) Қожа Ахмет Яссауидің немере інісі әрі ілімі мен насихатын жалғастырған ғұлама дін өкілі. Осы орайда ХІІ-ХІІІ ғасырдың бедерінде Сыр елінде өмір сүріп, халықтың жүрегіне имандылықты еккен ағайынды қос ғұлама туралы бізге жеткен ғылыми шежіре – насабнамаларды тереңдеп зерттеп, бағасын берген ғалымдардың тұжырымы соңғы кездері қоғамға сыналай еніп, сананы шатастырған түрлі ағымды ажыра­ту параметрлерін анықтап беруімен көңілге орныққанын айтуға тиіспіз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде: «Ислам дінінің Ұлы дала төрінде таралып, тамыр жаюына орасан зор үлес қосқан, түркі әлеміндегі сопылық ілімнің негізін қалаған Қожа Ахмет Яссауи мұраларын терең зерделеп, дәріптеуге де айрықша назар аударған жөн» деген болатын.
Баба кесенесіне жөндеу жүргізіп, айналасын тазартып, есімдерін санада жаңғыртуға жол ашқан жергілікті халықтың зор ынта-жігермен атқарған еңбегі өздері өмірден өтіп кетсе де игі ниетті жамағатты бір тілек, бір мүддеге тоғыстырған қасиетті тұлғаларға құрметімізді одан әрі бекемдей түскендей. Ел тәуелсіздігімен бірге тірілген теберік тұлғаларымызды тануға құштарлық, сайып келгенде, салиқалы ұлт болып ұйысуымыздың ұйытқысы болып саналатын ұлыларымызға шынайы баға беруден басталады.
Жиын алдында ауданның бас имамы Ә­б­ді­халық Нематов құран оқып, әруақтарға дұға бағыштады.
Садір Шаих кесенесінің маңында ұйым­дастырылған жиынға арнайы шақырылған абыз ақсақал, мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті ғалым, ҚР Ұлттық ғылым Академиясының академигі, «Парасат» және «Барыс» орденінің иегері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, химия ғылымдарының докторы, 600-ден астам ғылыми еңбектің және 100-ден аса өнертабыстың иесі Мұрат Жұрынов құттықтау сөзін арнады.
– Бұл жиын жалпы қазақ елі үшін маңызы зор тарихи іс шара болып саналады. Сондықтан осы бабаларымыз – Садір шайх пен түркі халықтарының пірі болып саналатын Әзірет Сұлтан Құлқожа Ахмет Яссауидің немере інісі Қойлақы атаға арналған ғылыми-танымдық конференция мен ас беру рәсіміне қатысқан барша ағайын-досқа үлкен ризашылығымды білдіремін, – деді.
Одан әрі мемлекет және қоғам қайраткерлері, Жаңақорған ауданын басқарған әкімдер Ибрагим Сражаддинұлы және Нәжмаддин Түркпенұлы, баба ұрпағы, филология ғылымының докторы Исмайл Сайфназар, ұлт жанашыры, облыстық мәслихат депутаты Жанкелді Ысқақ, Жаңақор­ған ауданының құрметті азаматы Молдахмет Ибрагимовтер конференция жұмысына табыс тіледі.
Келесі кезек ғалымдардың баяндамаларына ұласты. Алдымен сөз алған тарих ғылымдарының кандидаты, «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің ғылыми қызметкері Зікірия Жандарбектің сөзі төмендегіше өрілді:
– Мен өткен ғасырдың сексенінші жылдары­нан бері Қойлақы бабаның жазып қалдырған насабнамасын жүйелі зерттеп келемін. Насаб­намада ислам діні Түркістан жеріне қашан келді, кімдер бастап келді деген сауалдың нақты жауабына кездестім. Көпшілігіміз исламды қазақ жеріне 951 жылдары арабтардың ізімен келді деп жүрміз. Насабнама ислам дінінің қазақ жеріне 766 жылдары келгенін көрсетеді. Әбдірахым бап, Әбдіжәлел бап, Ысқақ бап бастап келген рухани ілім бұл жерді ислам­ның негізгі ғылыми орталығына айналдырды. Исламда Пайғамбарымыз (С.А.У) өмірден өткен соң ахлал рай және ахлал хадис деген екі топ пайда болды. Тегі арап еместі мұсылман емес деп санайтын вахаб-салафилер ұстанымы ахлал хадистен бастау алады. Ал Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың жолы ахлал райдан арна тартады. Осы рухани ілімді алып келген жоғарыдағы үш баптың еңбегінің арқасында исламның ғылыми бағыты Түркі жерінде дүниеге келді. Міне, осы Мұхаммед Ибн-Ханафи бағытына сенімді қалпына келтіріп, Қожа Ахмет бабаның көрсетіп кеткен жолына біріге алумен адамзат тамырына балта шабуға ұмтылған жаһандану дауылынан түп тамырымызды сақтап қала аламыз.
Бүгінде өздерін діннің қорғанымыз деп есептейтін вахабшы-салафиттер халықты дәс­түрі мен мәдениетінен ажыратқысы келсе, тәңіршілдер ұлтымызды рухани тірегі – исламнан ажыратуға барын салып жатыр. Сонда 1250 жыл бойы қалыптасқан қазақтың руханиятынан не қалады?
Бұл мәселені Президент жайдан-жай айтып отырған жоқ. Осы бағытта Әзірет Сұлтан музейі жанынан ашылған Яссауи мұрасын зерттеу орталығына енді осы ілімді жүрекке жеткізу міндеті тұр, – деді ғалым. Келесі кезекте сөз алған философия және теология ғылымдарының докторы, прфессор Досай Кенжетай исламның шартты түрде арабтар, парсылар, түріктер деп үшке бөлінетініне тоқталды. «Түрік топырағында исламизацияның басында тұрған тұлғалар кім дегенге келсек, бізге жеткен насабнамаларда Түркістанға ислам ашу үшін келген Қожа Ахмет Яссауидің ұстазы Мұса Шейх деп көрсетілген. Оның лақап аты – Арыстан бап, Яссауидің ең алғашқы қол берген пірі де осы кісі. Ал бүгін арнайы ас беріп отырған тұлға Садір шайх Қожа Ахмет Яссауимен бірге туған. Ендігі мақсатымыз – Қожа Ахмет бабамыздың, Садір шайх және оның ұрпағының бізге қалдырған мұраларын әлі де толықтай зерттей түсуіміз қажет.
Кезінде кеңестік саясат Фараб деген топо­номиканы тек қана Отырармен байла­ныс­тыру арқылы ислам өркениетінің ізін тарыл­туды көздеді. Қазір егемендіктен кейін тарихқа көзқарас өзгеріп жатыр. Алатау мен Қаратау қиылысынан Аралға дейін созылған аумақтың бұрынғы атауы Фараб, одан әрі Ферғана аймағы, оның ар жағында Мәулана аймағы, одан кейін Хорасан, одан кейін Таяу Шығыс, одан әрі Бағдат, Куфа, Басра, Хижазға дейін созылған аймақта ислам өркениетінің іздері жатыр, – деді ол.
Одан әрі теология ғылымдарының докторы, профессор, Яссауи тану институтының директоры Сайфунов Бауыржан Насреддинұлы баяндама жасады.
– Садір шайх дін ілімін терең меңгеріп, ел ішіне имамдық еткен әулие. Ол көріпкелдігі, емшілік қасиетімен, ең бастысы, адамды Алла жолына жұмсай білген даналығымен танылған. Өз әулетінің ғана емес, түркі жұртының рухани ұстазы. Ал Қойлақы бабамыз әйгілі насабнаманы – Яссауи әулетінің тарихы ғана емес, тұтас түркі халықтарының рухани тізбегі болып табылатын шежіре еңбекті түркі тіліне аударып толықтырған екен. Сондықтан да Қойлақы атаны біздің рухани кодымызды сақтаған алғашқы мәдени архивист десек болады. Ілім мен дәстүрді тоғыстырған ислам ілімі ұрпақ бойында ең ізгі қасиеттер – сабыр, рақым, кешірім, кеңдік, әділдік, білімге ұмтылысты қайта жаңғыртуы керек, – деді ғалым.
Сафияддин Мәулана Орын Қойлақы және Садір Шайх бабаларымыздың ілімі негізінен біздің түркі халықтарының тіл ілімі болатын. Қожа Ахмет Яссауи хикметтерінде мынадай жолдар бар:
«Менің хикметтерім ғаламға нұр ұшқан, жаттап оқығанның көңілін қылар гүлстан» дейді. Әсілінде, Қожахмет Яссауи ілімі сапалы ұрпақ қалыптастыратын ілім еді. Қазіргідей озық технология заманында әлемге атышулы бренд өнім шығарып жатқан мемлекеттер аты озды. Бірақ бүкіл әлем мұқтаж болып отырған сапалы адам тәрбиелеп шығаратын ілімді Сафияддин Қойлақы, Садір шайх аталарымыз Яссауи бабадан бізге мұра қылып қалдырып кеткен. Бізді жан-жағымыздан құрсаулаған мың түрлі пәлекет­тен құтқаратын төл қозқарасты, тура ұстаным­ды осы кісілердің еңбегінен табамыз» деген баяндамашы «Сафияддин Орын Қойлақы мұрасы – Түркі мұсылмандығының генеологиялық жа­ды» деген тақырыпқа екпін берді. «Осы аталған бабала­рымыздың түркі мұсылмандығының қа­лып­тасуына сіңірген еңбегімен қоса жергілікті халыққа ана тілінде құдайын танытып, дін іліміне баулығанын айтты. Бұдан түйеріміз, Яссауи бабамыздың ұрпаққа қалдырған баға жетпес байлығы – ең алдымен тіліміз. Өзбек халқының да, татар халқының да, түрік халқының да өз ана тілінде сөйлеуін сақтап қалған Қожа Ахмет Яссауи бабамыз. Диуани хикмет тілі негізінде ескі шағатай ортақ тілі еді. Ол тілде сөйлесетін болсақ барлық түркі халқы бір-бірін түсіне береді. Бізді қазір қайта біріктіріп, бір жұдырықтай біріктіретін ілім – осы Яссауи ілімі. Бұған дейін де жаһандану процестері жүрген, яғни ежелгі ғасырда аналитикалық грек мәдениеті, одан соң араб-парсы мәдениеті, одан соң кешегі кеңестер одағының орыстандыру саясаты біздің тіліміз бен мәдени құндылықтарымызды жоюға тырысты. Міне, сол замандарда ғылым арап тілінде, мемлекеттік тіл, әдебиет тілі парсы тілінде жүрді. Ал түрік тілі тұрмыста әке мен бала арасында ғана болды. Осы тілді мемлекеттік деңгейге көтерген Қожа Ахмет Яссауи. Ол дүниеден қайтарда ұрпағы Сафияддин Мәулана Орын Қойлақиді өзінің орнына ұстаз етіп қалдырады. Содан бері Қожа Ахмет баба ілімі Алтайдан Монғолияға, Батыс Еуропаға дейін жалғасты. Ал Қойлақы бабаның өзі соның орталығы – осы жерге ілімін жайды. Осы уақытқа дейінгі шежірені арапшаға аударып түрік тілінде жарыққа шығарды. Бұл кісінің тарихи тұрғыдан тілімізді сақтаушы болғандығы жөнінде еңбектері келер буынның зерттеу обьектісіне айналуы керек. Бұл тұлға­лар жазып қалдырған насабнамалар да әулет тарихы дәрежесінен биік тұр. Ол тарихи тұрғы­дан да, мәдени-филолсофиялық тұрғыдан да, дінтану тұрғысынан да баға жетпес, біздің ұлт­тық иденфикациямызды, ұлттық бірегейлігімізді ажы­ратып тұрған түркі халықтарының негізгі кітабы» деп баға берді ғалым. Осы уақытқа дейін бабалардың сопылық жолын сопылық ағым деп халықты қағынан жерітіп, түрлі айла-шарғы қолдануды бастап кеткен жат пыйғылдылардың негізгі мұраты – ұлтымызды төл мәдениетінен айыру болып отыр. Сондықтан да Яссауи баба еңбектерін жастар оқып түсініп өссе жат діни мәдениеттен, жат діни ағымнан қорқуға болмайды. Әлеумет бойына Яссауи бабамыздан қалған кемелдік ілімін сіңіріп, «толық адам» ретінде қалыптасқан теріс ағымға шатылмайды, деді ол. Бабалар қолжазбасын тауып, ғылыми айналымға қосқан Зікірия ұстаздың еңбегіне де тоқталып өтті. Келесі сөзді алған Әзірет Сұлтан музейі ғылыми қызметкері Жүнісбаев Ұлық­бек Дәулетұлы «Садір шайх пен Қойлақының және оның ұрпақтарының Яссауи баба ілімін таратудағы ролі» деген тақырыпта баяндама жасады.
Құранда айтылады: «Құдайтағала ол жұртқа сондай мейірім шапағат қылды. Өз арасынан олардың білмегенін үйретіп, адамшылықтың шыңына – кәміл адам дәрежесіне жеткізетіндер болса» деді. Шейхты талап қылыңдар, ол қытайда болса да дейді. Бұл жерде Шайх атауы дүниені тәрк етіп, жүрегіне сол хикметті ұялатқан адам. Пенде бойындағы мерезді сылып алып тастайтын рухани емші деген сөз. Міне, осы тұрғыдан келгенде насабнамада айтылатын шейхтарға Қызыр алейассаламның батасы тигені жөнінде тоқталды. Садір шейх, Қойлақы аталарымыздан тараған ұрпақтары да қаншама жылдарға дейін рухани жетекші ретінде халықты түрлі адасудан, індеттен, айып-әдеттерден құтқаруда сіңірген еңбегі ұшан-теңіз екенін айтты. Анығында, иман байлығына жететін байлық жоқ. Өркениетке жету үшін осы сапамызды биік дәрежеге көтеруіміз керек. Ол немен айқындалады? Бабаларымыз тауып айтса бес жасар баланың да сөзіне тоқтаған. Бұл жас баланың ілімінің тереңдігін, даналығын білдіріп қана қоймайды, сондай баланы мойындап, сөзге тоқтап, сыйлай білген халықтың тереңдігін де білдіреді. Ғалым одан әрі сөзінде бабалар мекені болған Аққорған қаласы атауы арап жазбаларында да кездесетініне, тарихи ескерткіштер тізіміне алынған көне қала орнының келешек туристік орталыққа айналдыруға жағдай жасау мәселелеріне ел назарын аударды.
Конференция жұмысын ел ағасы Асыл Айтжанов жүргізді. Жиналған көпшілік конференциядан соң бабалар рухына арналып жайылған дастархан басында жалғасқан лебіздерге ден қойып, үлкен әсермен тарқасты.

Баян Үсейінова
18 қазан 2025 ж. 1 053 0