Қырғызстанда өлім жазасы енгізілетін болды: Садыр Жапаров заңға өзгеріс енгізуді тапсырды

Фото: istockphoto.com
Бұл туралы оның баспасөз хатшысы Асхат Алагөзов Facebook парақшасында мәлімдеді.
Оның айтуынша, Садыр Жапаров Президент әкімшілігінің құқықтық қамтамасыз ету басқармасының жетекшісі Мұрат Укушевке заңға өзгерістер енгізуді жүктеген.
«Әңгіме балаларды зорлағаны үшін, сондай-ақ әйелдерді зорлап, артынша өлтіргендерге өлім жазасын енгізу туралы болып отыр. Президент Садыр Жапаровтың айтуынша, әсіресе балалар мен әйелдерге қарсы жасалған қылмыстар жазасыз қалмауы тиіс», – деп жазды ол.Мұндай шешімге себеп болған оқиға – Қаракөл қаласында 2008 жылы туған оқушының аса қатыгездікпен өлтірілуі. Қыз бала 27 қыркүйекте жоғалып, екі күннен кейін оның денесі Жел-Арық ауылы маңынан табылды. ІІМ дерегінше, жасөспірім зорланып, тұншықтырылып өлтірілген. Күдікті – 1984 жылы туған, бұрын сотталған ер адам. Ол Бішкекте ұсталды.
Бірыңғай қоғамдық талқылау порталында да өлім жазасын қайтару жөнінде азаматтық бастама көтерілді. Онда кәмелетке толмағандарды өлтіру, аса қатігездікпен жасалған кісі өлтіру, сондай-ақ жыныстық зорлықпен байланысты қылмыстар үшін ең жоғарғы жаза қолдану ұсынылған.




