Бензин мен газ бағасы да өсті

Доллар бағамының тұрақсыз болуы импортталатын тауарлардың бағасына әжептеуір әсер етуде. Дайын өнімді айтпағанда шикізаттың өзінде үлкен өзгеріс бар. Яғни, шет мемлекеттерден келетін тауарлардың бағасы жыл сайын қымбаттап барады. Оның өзімізде өндірілетін өнімдерге де ықпалы аз емес. Бұл қатарда бензин мен газдың да үлесі басым. Өзімізде өндірілсе де бензин мен көгілдір отынның құны төмендемей отыр. Дәл қазіргі сәтте бензин бағасына қарап, тосылып қалар халықты көрмедік. Қалтаға ауыр болса да тіршілік тоқтамауы керектің күйін кешіп жүр.
Бензин бағасына келгенде сарапшылар мен жауаптылар өзге елдермен салыстыруға дайын тұрады. Бұл дұрыс емес зерделеу, «GlobalPetrolPrices» зерттеу орталығының мәліметінше, елдер арасындағы бағалардың айырмашылығы бензинге салықтар мен субсидиялардың әртүрлілігіне байланысты дейді. Барлық ел халықаралық нарықтардағы бірдей мұнай бағасына қол жеткізе алғанымен, ішкі салықтық реттеулердің салдарынан бензиннің бөлшек саудадағы бағасы әртүрлі. Зерттеу орталығының есебі бойынша, әлемдегі 150-ден аса елдің бөлшек саудадағы бензиннің ең төмен баға мен ең қымбат баға арасындағы айырмашылығы 400 еседен асқан. 20 елде, солардың ішінде Швейцария, Сингапур, Дания елдерінде АИ-95 маркалы бензиннің құны 1 000 теңгеден жоғары бағада сатылады екен. Ал, ең қымбат жанармай 1 848 теңге және бұл Гонконгта тіркелген. Керісінше Ливия мен Иран елдерінде жанармайдың 1 литрін 14-15 теңге аралығында ғана.
Қазір су жаңа көліктердің өзі «АИ-92» бензинді тұтынады. Нарықта ең үлкен сұраныста осы «АИ-92» маркалы бензин. Қысқаша баға құбылысына тоқталайық, 2018 жылдан 2024 жылға дейін Қазақстанда АИ-92 бензиннің бағасы айтарлықтай өзгерді. 2018 жылы бензиннің литрі 158 теңге болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 203 теңгеге жетіп, 28%-ға өскен. 2019 жылы баға 150 теңгеге дейін төмендеді. Бұл – мемлекет тарапынан бақылаудың нәтижесі еді. Бірақ кейіннен қайта өсу басталды: 2020 жылы – 152 теңге, 2021 жылы – 165 теңге. Бұл кезеңде COVID-19, логистикадағы қиындықтар мен инфляция басты рөл атқарды. 2022 жылы бензин 182 теңге болды. Ал 2023 және 2024 жылдары баға 203 теңге деңгейіне тұрақтады. Екі жыл қатарынан өзгеріссіз қалуы нарықтағы белгілі бір тұрақтылықты көрсеткенімен, халыққа оңай болмағаны анық.
Қазақстан жанар-жағармай материалдарын импорттауды біртіндеп азайтуға көше бастады. Отандық мұнай өңдеу зауыттары ішкі нарықты қамтамасыз етуге бел байлағысы келеді. Экспортты сәл бәсеңдетіп, ішкі жүйені ретке келтірулері керек. 2023 жылы Энергетика министрлігінің мәліметінше, 17,7 млн тонна мұнай өңделіп, 14,2 млн тонна мұнай өнімдері өндірілді, оның ішінде 5,3 млн тонна бензин және 5,2 млн тонна дизель отыны. Бұл ретте 5,1 млн тонна бензин, 5,6 млн тонна дизель отыны тұтынылды. 2024 жылы барлығы 14,2 млн тонна мұнай өнімін өңдеген. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда мардымсыз ғана өсім, алайда өндірістің тұрақтылығы және көлемнің құлдырамауы маңызды.
Бензин бағасының өсуі – тек көлік иелеріне ғана емес, жалпы экономикаға әсер ететін фактор. Тасымал қымбаттаса, азық-түлік пен басқа тауар бағасы да көтеріледі.
– Бензин бағасы көтерілсе тек тауарлар ғана емес, көлік жабдықтарының да құны өседі. Содан соң такси бағасы да көтеріле бастайды. Жолаушылардың да реніші туады, Қазір кент ішінде көше таксиінің бағасы 200 теңге болды. Бензиннің литрі 227 теңге болғанымен, сапасы сын көтере бермейтіні рас. Сондықтан, бағаның шарықтау қарапайым тұрғындар үшін ауыр тиеді, – дейді көлік жүргізушісі Болат ағамыз.
Рас, қазір кентте такси бағасы да көтерілді. Такси жүргізушілерін де түсінуге болады. Нәпақасын осылай тауып жүрген жандардың уәжі дұрыс. Ауданда 12 май құю бекеті бар, барлығында баға жобалас. Қымбатшылық бүйірден қысқанда, бензиннің тұрақсыздығы екі есе соққы болып тиюде. Оның үстіне барлық аймақта бейне бақылау камералары орнатылған. Құқық қорғау саласының мамандары қит еткен қателікті кешірмейді, пенде болған соң қателік кетеді. Алайда, заң барлығына ортақ екенін де есте шығармауымыз керек. Қалай дегенде де, бензин мен газ бағасына бақылау немесе шекті мөлшер енгізбесе қалтаға барған сайын ауыр тиіп барады.
Әли ТЕМІРБЕК




