Соңғы жаңалықтар

№92 (8906) 2

02 желтоқсан 2025 ж.

№91 (8905) 29

29 қараша 2025 ж.

№90 (8904) 25

25 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
» » Отанды сүю – иманнан

Отанды сүю – иманнан


Әскер – Отанның қорғаны. Қай дәуірде де өзі туып-өскен атамекенін сұқ көздерден сақтау міндеті ер азаматтарға жүктелген. Бүгінгідей бейбіт заманда жас қырандарымыздың қанатын бекітіп, табиғатына сай табанды қалыптасуды мұрат тұтуының бір көрінісі әскерге баруға тілек білдіруі дер едік. Ауданымыздан күзгі мерзімге әскерге шақыру бойынша 58 сарбаз сап түзесе, азаматтық борышын атқаруға ерікті бас құраған тағы бір топты салтанатты шығарып салу рәсімі өтті. Жиынға әскери саланың ардагерлері, мектептің жоғары сынып оқушылары қатысты. Алғысөз алған аудан әкімінің орынбасары Бектас Нуридинов ерікті сарбаздарға сәт сапар тіледі.


Қазірде ауданымыздан 182 азамат әскер сапында жүріп жатыр, 30 ұлан әскери оқу орындарында оқиды, 100-ге жуық сарбаз келісім шарт негізінде еліміздің түкпір-түкпірінде ел қорғаны қызметін жалғастырып келе жатқанын тілге тиек етті. Әскери міндетін өтеуге жасы толған азаматтың банктерге қарызы болған жағдайда ол тоқтатылатынын, әскери билетке қол жеткізген соң жоғарғы оқу орнына грантқа қол жеткізу мүмкіндігі артатынын да айтып өтті. Осындай жеңілдікпен ауданда 20-ға жуық жастың білім алып жатқанына тоқталды. Жас қырандарға сәт-сапар тіледі.
Келесі кезекте Жаңақорған ауданы қорғаныс бөлімінің бастығы Есенәлиев Нұрбол Әбдіашимұлы, ата-аналар атынан Жанна Бектібаева, Артур Андрасян сөз алып, жас сарбаздарға ақ жол тіледі.
Ауданның бас имамы Әбдіхалық Не­матұлының жүрекжарды лебізі шараға жиналған баршамыздың көңілімізді тол­қытты.
– Құрметті де қадірлі Отан қор­ғауға аттанып бара жатқан өрендерім. Қадамдарыңа береке берсін. Мұсылман­гершілікте Пайғамбарымыз (С.А.У) «Қан­дай адам жақсы?» деген сауалға «Бір күн, бір түн көз ілмей отанын күзетудің бір ай ораза тұтып, бір ай түнде тұрып намаз оқығаннан да сауабы артық» деп жауап берген. «Қандай көз тозақ отына күймейді?» дегенде «Күнәлары үшін шын өкініп көз жас төккен жанарды тозақ оты шалмайды. Екіншісі, отанын күзету үшін кірпік қақпай елін күзеткен қырағы көз қиянат шекпейді» деген. Міне, осыны түсінгенге қорқыныш жоқ. Отанды сүю – иманнан. Иманы бар адамға өзі туып, өзі өскен топырағын қорғау қасиетті міндет, мәртебе. Кезінде бабаларымыз ұлтарақтай жер үшін жанын қиды. Бауыржан сынды қаһарман ұлдарымыз Мәскеуді жауға бермеді. Осының бәрі Отан үшін отқа түскен перзенттік борыштың тереңдігінен, иманға беріктік пен дәстүр-салтқа адалдықтың арқасы еді. Отанның басына қатер төнді ме, қарсы қылар қайратыңды жанып, атқа мінуге тиіссің. Бейбіт елдің шетін күзетуде шынығу метебінен өтуің керек пе, ол да әскери міндеттілік. Азаматтық борышың. Бұл талқыланбайды.
Қай кезде де Отан деген ұғымның ауқымы үлкен. Отан – ол сенің бүгінің мен келешегіңнің қасиетті төрі, ертеңгі ұрпағыңның ұлық ұясы. Оны көздің қарашығындай сақтау – әрбір саналы азаматқа міндет.
Жеке өз басыма тоқталсам, кеңес үкіметі армиясында үш жыл теңіз флотында қызметте болдым. Ұлымның да әскер қа­тарына баруына дәнекер болып, қаладан шақыртып алып, әскери комиссариатқа сапқа қойдым. Ол да теңіз флотында шыңдалып қайтты. Көп есейіп, көпті көріп-танып оралды. Қазірде Қазақстанның кез келген өңіріне жолы түсе қалса алдынан күтіп алатын жолдастары көп. Барлығы бір қатарда жүріп, әскери тәртіпке арқасын тосқан азаматтар. Қиындықты да, қызық­ты да бірге өткізген күндері сондықтан аяулы, қымбат. Сендердің әрбіріңнің кең байтақ еліміздің әр қиырынан бір орта­да бас қосар қатарларыңның арасында көңіл көкжиектерің кеңейіп, білімдерің артып, адами болмыс-бітімдеріңнің байып оралатындарыңа шәгіміз жоқ. Сапарларың сәтті болсын. Қай жерде жүрсеңдер де анадан адал сүт емген адамдық пен ізгілікті пір тұтқан ұстанымнан айнымағанда ғана абыройларың үстем болары кәміл. Әрбіріңе бір Алла жар болсын! – деген тілегін қосты.

Баян ҮСЕЙІНОВА
06 қыркүйек 2025 ж. 1 095 0