№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ғаламтордағы алаяқтық

Ғаламтордағы алаяқтық



Мемлекет басшысы өткен жылы құқық қорғау органдарына қаржы пирамидалары мен интернет алаяқтығына қатысты кешенді әрі нақты шаралар жұмыс жасауды тапсырған болатын. Өйткені Қазақстанда қазір интернет алаяқтығына тыйым да тоқтау да болмай тұр. Технологияның тілін мықты меңгерген әккілердің құрығы ұзарып, күн санап мыңдаған адам жапа шегуде.

  Рас, интернет пен цифрлы технологиялардың кеңінен таралуы жаһанданудың үлгісін ғана емес, қылмыс әлемінің сипатын, соның ішінде қылмыс түрін түбегейлі өзгертті. Қазір бәріміздің өмірімізде цифрлы технологиялар маңызды рөл атқарады. Олардың көмегімен әлеуметтік желіде көрсетілетін қызметтер мен өнімдерге қол жеткіземіз. Бүгінде осы әлеуметтік желілер түрлі ақпарат алмасудың емес, сауда-саттықтың негізгі алаңына айналды. Ал компьютерлендірудің салдары соңғы 10 жылдың ішінде қылмыстық құқық бұзушылықтың санын арттыруға сеп болуда.

 Полиция мен банк қызметкері, қаржыгерлердің сан рет айтқан ескертулеріне қарамастан аңқау халық адал ақшасынан күн сайын айырылып қалып жүр.

 Мәселен, өткен жылы елімізде интернет алаяқтыққа қатысты 21 мыңнан астам дерек тіркелген екен. Ал бұл сан 2020 жылы 14 мыңның айналасында болған. ІІМ мәліметіне сенсек, 1200-ден астам деректе жәбірленушілер «фишингтік» интернет-ресурстарға жеке деректерін ерікті түрде өздері енгізген. Ал 2 мыңға жуық алаяқтық түрлі жоба, онлайн ойындар, инвестициялар мен бәс саудаларда «үлкен ұтысқа ие боласыз» деген желеумен жасалған.

 Жыл басталғалы елімізде интернет алаяқтықтың дерегі аз тіркелген жоқ. Мұны жауапты сала мамандары қарапайым халықтың ақшасын алаяқтық жолмен алдап алу қазіргі таңда ең көп тіркелетін қылмыс түріне айналғанын жеткізді. Оның айтуынша, статистикаға сәйкес еліміздегі барлық қылмыстың оннан бір бөлігі алаяқтыққа қатысты екен. «Соның ішінде, интернет алаяқтыққа құрық салу күннен-күнге қиындап барады. Уақыт талабына сай технологияның дамуымен қатар алаяқтықтың әдістері мен саны да өсіп келеді. Мұндай қылмыстарға жол бермеу, алдын алу еліміздің ғана емес, қазіргі таңда бүкіл әлем елдерінің өзекті мәселелерінің біріне айналып отырғанын күнделікті өмірде естіп жүрміз.

 Интернет алаяқтықтың тым көбейіп кетуі қоғамдық резонанс тудырып отырғаны да белгілі. Қазақстанда бұл қылмыс түрінің ең көп таралған тәсілдерінің бірі интернеттегі түрлі хабарландырулар бойынша тауар немесе қызмет үшін алдын ала төлем алу. Бүгінде интернет алаяқтықтардың жартысы дәл осындай жолмен жасалған. Екіншісі, микрокредиттік ұйымдардың сайттары арқылы онлайн қарыз рәсімдеу. ІІМ мәліметіне қарағанда, жыл басынан бері осы тәсілді қолдану арқылы алаяқтар 3 мыңға жуық қылмыс жасаған.

 Жиі қолданылатын үшінші тәсіл – азаматтардың жеке деректеріне қол жеткізгеннен кейін банк шоттарындағы бүкіл қаражатты жымқыру. Өкінішке қарай, қарапайым халық әккілердің тұзағына тез ілігіп қалады. Мәселен, соңғы уақытта өздерін банк қызметкерлері ретінде таныстырып, ауыстырмалы нөмірден қоңырау шалатын алаяқтар көбейді. Әдетте олар өздерін екінші деңгейлі банктің қауіпсіздік қызметіненмін деп таныстырады. Сенімге кірудің тың тәсілін жақсы меңгеріп алған олар азаматтардың есепшотын біреулердің бұзып кірмек болғанын айтып, қауіпсіздік үшін шоттағы қаржыны басқа банк шотына аударуға кеңес береді. Осылайша, бүкіл қаржыны үптеп кететіндер қаншама жанды сан соқтыруда.

 Кейде жәбірленушілер жауапты органға арызданған уақытта өздеріне хабарласқан телефон нөмірін көрсетіп, «Қылмыскерлерді неге осы нөмір арқылы-ақ таппайсыздар?» деп реніштерін білдіріп жатады. Алайда әккілердің ауыстырмалы нөмір арқылы кез келген адамның телефон нөмірімен қоңырау шала алатынын бәріне бірдей түсіндіру қиын. Жалпы, интернет алаяқтықтың дәл осы тәсілін әшкерелеу өте қиын.

 Интернет алаяқтықтың күн өткен сайын күшейіп бара жатқанын алға тартқан полиция қызметкерлері азаматтарға күдікті қоңырау мен хабарламалар алғанда бірден банкке хабарласуға кеңес берді. Егер сізге белгісіз біреулер хабарласып, қандай да бір банктің атын атап банк карточкасы жайлы ақпарат немесе басқа да жеке мәліметтерді сұраса, ең алдымен сол банктің сенім телефондарына қоңырау шалып, ақпараттың расөтірігін анықтап алған артықтық етпейді. P.S: Демек, әрбір адам құқықтық жағынан жетілуі және сақ болуы қажет. Жеке деректерді ешкімге бермеген жөн. Себебі сақ болсаң, уайымсыз жүретінің де ақиқат.

Жасұлан НҰРЛАНҰЛЫ
06 сәуір 2023 ж. 424 0