» » Нитратпен піскен өнімдердің денсаулыққа зияны

Нитратпен піскен өнімдердің денсаулыққа зияны


Жаз мезгілі басталғаннан бастап түрлі көкөніс, жеміс-жидектер, қауын-қарбыздар ерте сатылымға шыға бастайды.  Қазіргі уақытта бақша өнімдері арасындағы қауын мен қарбыздан улану фактілері жиі кездеседі. Қарбыздар саудаға маусым айынан бастап түсуде. Бірақ тұрғындар бұл кездегі қарбыздардың көпшілігі қауіпті екендігін есінде сақтағаны жөн. Өйткені ерте піскен қарбыз құрамында нитрат мөлшері шамадан тыс болады. Мамандардың айтуынша, ең жылдам пісетін қарбыз сұрыптарының өзі шілде айының соңына қарай пісуге тиіс. Сондықтан қарбыз жеудің қолайлы уақыты – шілде айының соңы мен тамыз айы. Бұл – өнімнің нағыз пісетін уақыты. Әрі осы кезде жергілікті өнімдер де саудаға шығады.

Айта кетейік, нитратсыз бұл дақылдардың өсуі қиындау. Сол себепті де, шаруалар мұндай қоспаларды пайдалануға мәжбүр.
Өнімді көп және тез арада жинау мақсатында жеміс-жидек пен көкөніске тыңайтқыштар қосылады. Оның бірі азот қышқылының тұзы – нитраттар. Тыңайтқыштың аз мөлшері біздің ағзамызға өз зиянын тигізбегенімен, олардың шектен тыс мөлшері өте қауіпті.
Адам ағзасына түскен нитраттар тотығу үдерісінің нәтижесінде нитриттерге, яғни уға айналады. Нитриттердің нитраттардан айырмашылығы, олар қан эритроциттеріне кері әсер етеді. Эритроциттердің құрамындағы гемоглобинмен нитриттер байланысып, метгемоглобин құрайды, бұл өз кезегінде оттегін тіндерге тасымалдау қабілетін қиындатады да нәтижесінде адам ағзасының оттегімен тыныс алуы нашарлайды.
Бұл, әсіресе, балаларға, егде жастағылар мен жүкті әйелдерге өте қауіпті. Сондай-ақ, нитраттар аллергияға себеп болып, қалқанша безі, зат алмасу және орталық жүйке жүйелерін зақымдайды. Ал оның шектен тыс мөлшері улануға, кей жағдайда адам өліміне де әкеліп соқтырады.
Қарбыз құрамындағы нитраттарды анықтаудың бірнеше халықтық тәсілі бар. Егер өнімді қақ ортасынан бөлгеннен кейін бетінде ақ немесе сары талшықтар көзге көрініп тұрса, оны жеуге асығудың қажеті жоқ. Екінші тәсіл бойынша, қарбыздың мәйегін алып, ыдыстағы суға салған жөн. Су алқызыл түске боялса, бұл өнімнен мүлде бас тартқан абзал.

Ж.Нұрсұлтанова,
Жанқорған аудандық СЭББ басшы орынбасары
20 маусым 2025 ж. 171 0