№48 (8862) 1

01 шілде 2025 ж.

№47 (8861) 28

28 маусым 2025 ж.

№46 (8860) 24

26 маусым 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031 
» » ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ МЕН УАҚЫТТЫҢ ҮНДЕСТІГІ

ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ МЕН УАҚЫТТЫҢ ҮНДЕСТІГІ




Ұлттық құндылықтар – әрбір ұлттың болмысында ғасырлар бойы атадан балаға мирас болып келе жатқан асыл мұра. Жас өреннің бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру бүгінгі күннің басты талабы. Осы мақсатта, Түгіскен ауылындағы «Асылназ» бөбекжай балабақшасы жеке мекемесінде «Ұлттық тәрбие мен ойынның үндестігі» тақырыбында аймақ балабақшаларының оқу- әдістемелік семинары өткізілді. Шараның басты мақсаты – ұлттық тәрбиенің үлгісін бүгінгі күн талабымен үйлестіру әрі ұлттық тәрбиені ойын арқылы бала бойына дарыту жолдарын талқылау, тәжірибе алмасу және үздік әдістәсілдермен бөлісу.
Семинарға білім беру саласының мамандары, мектеп мұғалімдері, жоғары оқу орындарының оқытушылары, мәдениет және қоғамдық ұйым өкілдері, сондай-ақ атааналар мен студент жастар қатысты. Айтулы шарада балабақша меңгерушісі Зағипа Ибадуллақызы сөз алып, аймақтық семинар жұмысына сәттілік тіледі.
– Бала тәрбиесі – ұлт болашағының іргетасын қалыптастырудың басты кепілі. Сондықтан ұлттық құндылықтарды балабақшада насихаттау және балалардың санасына сіңіру – аса маңызды мәселе. Баланы тұлға ретінде қалыптастыратын қасиетті мекенде балақандар бойына келешек өміріне азық болар рухты тәрбиені қалай сіңіре аламыз. Қайткенде жас өрендерді жаһандық көштің бәсекесінде озық өресімен таныта аламыз деген сұрақ төңірегінде ұсыныс-пікірлеріңіз маңызды, – деді.
Семинар барысында, әдіскер Айнұр Қожаева “Сұңқар” мектеп алды даярлық тобында “Ұлттық құндылық-ұлттық мұрам” тақырыбында сабақ өтсе, “Балғын ” ересек тобы “Асыр салып ойнаймыз, Ойынға біз тоймаймыз “ тақырыбында іс-әрекет ұйымдастырды.
Сонымен қатар, тәрбиешілер Гүлжан Мақтымқұлова, Ләззат Үсеиінова, Несібелі Абдурахманова, Салтанат Оспанова семинарда арнайы сабақтар өтіп, балаларды ерекше сергітті. Семинар барысында ұлттық тәрбиенің тарихи негіздері мен оның заманауи форматта жаңғыру жолдары кеңінен талқыланды. Қатысушылар ұлттық тәрбиенің тұлға қалыптастырудағы рөлін, қазіргі ақпараттық қоғамдағы өзгерістерге бейімделу қажеттілігін және рухани құндылықтарды сақтаудың тетіктерін сөз етті. Қазақтың ұлттық ойындары балаларды шыдамдылыққа, батылдыққа, тапқырлыққа тәрбиелейді. «Қыз қуу», «Теңге алу», «Асық ойнау» сияқты ойындарды балабақшада ұйымдастыру балалардың денсаулығын нығайтып, ептілікке баулиды. Балаларға ұлттық оюөрнектердің мәнін түсіндіріп, оларды сурет салуға немесе қолөнер бұйымдарын жасауға үйрету шығармашылық қабілеттерін дамытады.
Сондай-ақ домбыраның үнімен таныстыру, ұлттық ән-күйді тыңдату арқылы өнерге деген сүйіспеншілікті оятуға болады. Тәрбиешілер ұлттық құндылықтарды балалардың жас ерекшелігіне сай қызықты әрі түсінікті түрде жеткізуі қажет. Олар ұлтжанды, мәдениетті, тарихты жақсы білетін маман болуы тиіс. Балабақшада ұлттық құндылықтарды дәріптеу – балалардың болашақта өз халқының тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін құрметтейтін, өзіне сенімді, елжанды азамат болып өсуіне жол ашады. Бұл – ұлт ретінде мәңгілік ел болуымыздың кепілі. Семинар соңында қатысушылар ортақ жоба жасап, ұлттық тәрбиені заманауи білім беру жүйесіне терең енгізу қажеттігін, оның ұлт болашағына әсер ететін маңызды фактор екендігін атап өтті. Ұлттық код пен заманауи дүниетаным арасындағы үндестікті сақтау – болашақ ұрпақтың жан-жақты дамуына жол ашады. Осындай игі бастамалар арқылы жас ұрпақтың бойында елжандылық, рухани тазалық пен мәдени сана қалыптасары сөзсіз.

Әсел Рзаева

05 маусым 2025 ж. 152 0