Сәби қуанса – әлем жадырайды

Жас өскін де – сабағы жаңа ғана қылтиып бой көтерген бәйшешек сынды, күн шуағынан молынан нәр алған сайын күлтесі жарқырай гүл ашып көзге қуаныш сыйлайды. Олай болса, бөбектеріміздің жүзі жарқын, болашағы бекем қалыптасуы үшін оларға жан-жақты қамқорлық керек.
Ауданымызда №28 «Алпамыс» санаториялық бөбекжай балабақшасының денсаулығында күрделі кінәраты жоқ, десе де қаназдықпен тіркелген немесе мантуы ісіп есепке алынған өспірімдерді толықтай күтімге алып аяққа нық қоюға бағытталған емдеу-сауықтыру жұмысын жолға қойғанына қырық жылға жуықтады. 90 орындық бөбекжайда балақандар толықтай күтімге алынған. Олар жас ерекшелігіне қарай төрт топқа бөлінген.
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні аясында ересектер тобының балабақшамен қоштасу кеші өтіп, соған арнайы барып қатыстық. Жүректі елжіретерлік бір көрініс, ертеңгілікке ерте бастан әзірленіп, бүлдіршіндердің бойындағы бар өнерін жарқыратып көрсетуіне жанын сала ұмтылған «Дарын» тобының төл тәрбиешісі Бибімария Тоқымованың балаға берілген ықыласы бір бөлек, құйтақандай кезінен көз алдында құлдыраңдап жетіліп келе жатқан желкеннің әрбір қылығына көңілі еріп, қоштасуға қимаған бала бағбандарының жанарындағы жас, көңіліндегі толқыныс еді.
Бұл топтағы балақандардың бәрі өнерлі екен. Жеке-жеке шығып тақпақтарын айтып, ән салып, би биледі. Әсіресе, періштенің қанатындай сахнада жеңіл қалықтаған бүлдіршіндер вальсін тамашалап, музыка маманы Гүлбаршын Ахметованың ерекше еңбегіне тәнті болдық. Музыканы жан-дүниесімен түсініп, ырғағына бейімделе білген өрен ертең үлкен өмірде уақыттың жүрдек тынысынан қалыс қалмай, көшті бастайтынның нағыз өзі болады. Ал музыканың қыр-сырынан мақұрым қалғанға қуану да, ренжу де, жақсы нәрсеге мейірлену деген сезіміңіз де жат, мінезі де қатыгездеу, қаталдау қалыптасары анық. Осыны дұрыс түсінген ата-ана да титтейінен ұл-қызының музыкаға құштарлығын қуаттайтыны анық.
Бұл күні мерекеде бойындағы бар өнерін сарқыған балақандар – Айару, Шахимахмұд, Айлин, Айым, Дәулет, Хадиша, Ханшайым, Диас, Айзере, Інжу, Сұлтанай, Сырым сынды ботақандардың ата-анасының қуанышында шек жоқ, сахна көркі болған балапандарының өнеріне мәз болып, мақтанып, былай шыға бере тойлап беруге пейіл. Ата-аналар атынан Мөлдір Жүсіпова мен Ұлданай Ерназарова алғаусыз ақ тілегін осылайша ақтарды. Осы күні қалтқысыз қызметімен танылған бала бағбандарына алғысын жеткізген балабақша меңгерушісі Гүлмира Сейілова өзінің балалар мекенінің жұмысын жан-жақты жандандыруға тырысқан табанды талабына таяныш болып келе жатқан баршасының еңбегіне тоқталды. Олардың қатарында аға тәрбиешілер Набат Жаханова мен Тұмар Айтқұлованы облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен марапаттады. Тәжірибелі жетекші мамандар, бала бағбандары Несіпкүл Мұстиярова, Ғайныш Шойбекова, Ләззат Сексенбаеваға, әдіскер Қарлығаш Айымқұловаға, психолог Бақтыгүл Омароваға, аға тәрбиеші Бота Оспановаға өз атынан Алғыс жариялады. Балабақша кәсіподақ ұйымының төрайымы Мира Ибрагимова да сөз алып, тәрбиешілер Бибігүл Тоқымоваға, Гүлбаршын Ахметоваға, көмекші тәрбиешілер Ұлманат Қалмырзаеваға, Қарлығаш Рүмтемоваға, суретші-безендіруші Зульфия Абжаловаға, тәрбиешілер Сәуле Абутұраповаға, Гүлнар Камаловаға, Ақмарал Сейсеноваға, Сәуле Сейсенбаеваға ұжым атынан Алғыс хат тапсырып, арнайы сый-сияпатын табыс етті. Балабақша тынысында елеулі қолтаңбасы бар, бүлдіршіндердің сүйікті мамалары, аспазшы Эльмира Абдукаримованың, қоймашы Балқия Қалдыбекованың, кір жуушы Дина Көкішеваның қажырлы еңбегіне ризашылығын жеткізді.
Баланы қуанту – қандай ғажап. “Аманат” партиясы Жаңақорған аудандық өкілдігі төрағасы Арман Мажитов мерекеге арнайы қатысып, бүлдіршіндерге құрамалы екі бассейн тарту етті.
Баян ҮСЕЙІНОВА