ЕШКІМ ДЕ, ЕШҚАШАН ҰМЫТЫЛМАЙДЫ!

Мемлекет басшысы Қасым - Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын 9 мамыр мерекесімен құттықтауында «Фашизмге қарсы сұрапыл соғыс халқымызға орасан зор қайғы-қасірет әкелді. Біздің қаһарман жауынгерлеріміз асқан ерлік пен батылдық танытып, азаттық пен әділдік жолында аянбай күресті. Жүз мыңдаған сарбазымыз ұрыс даласында қаза тапты. Тылдағы жұрт та адам айтқысыз қиындыққа қарамастан тынымсыз тер төгіп, Жеңісті жақындатуға өлшеусіз үлес қосты. Біз отандастарымыздың қайтпас қайсарлығы мен қажырлы еңбегін ешқашан ұмытпаймыз. Жанқиярлық пен ерліктің озық үлгісін көрсеткен батырларымыздың есімін әрдайым ұлықтаймыз»,- деген болатын.
Ұлы жеңісті ұлықтап, майдангерлер еңбегін кейінгі ұрпаққа насихаттап, құрмет көрсету бағытында өңірді ауқымды іс-шаралар өтуде.
Бүгін аймақ басшысы, ҚР Парламенті Сенаты және Мәжілісі депутаттарының қатысуымен «Тағзым» алаңында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Ұлы Жеңіс – ұрпаққа аманат» атты еске алу шарасы өтті.
«Ешкім де, ешқашан да ұмытылмайды!» деген ұранмен өткен тағылымды шараға «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының ұжымы, депутаттық фракция мүшелері, бастауыш партия ұйымдар мен «Жастар Рухы» ЖҚ мүшелері қатысып, Отан үшін от кешіп, жанын қиған боздақтарымыздың рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.
Атап өтейік, биыл еліміз бойынша бес жүзге жуық көшені қаһарман ерлеріміздің атымен атау туралы шешім қабылданса, Сыр өңірінде 146 көше майдангерлер есімімен аталатын болады.
Біз қаһармандық пен қайсарлықтың теңдессіз үлгісін көрсеткен майдангерлердің рухына әрдайым бас иіп, тағзым етеміз. Боздақтарымыздың ерлігі ұрпақ жадында мәңгі сақталады.