Ерлік ешқашан ұмытылмайды

Мамыр айының алғашқы күндері келетін ел тарихындағы маңызды мерекелер – Отан қорғаушылар және Ұлы Жеңістің 80 жылдығын қатар атап өтудеміз. Бұл қос мереке – әрбіріміз үшін терең мағына мен тағылымға толы ұлы күн.
Бүгінгі елдігіміздің еңселі болуы – Ұлы Жеңістің жемісі. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Біз майдангерлеріміздің және тылда аянбай еңбек еткен азаматтарымыздың ерлігін, Отанға деген шексіз сүйіспеншілігін, жанқиярлығын ешқашан ұмытпауға тиіспіз. Бұл – өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге, патриоттық тәрбие көзі» деді.
Шын мәнінде, өткен ғасырдың отты жылдарындағы ата-бабамыздың жанкешті ерлігі – бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалады. Біз тарихты тек еске алып қана қоймай, одан тағылым алып, келешек ұрпаққа аманат етуіміз керек. Себебі, тарихты құрметтеу – болашақты бағалау. Әрбір ерлік, көз жас пен төгілген тер – бүгінгі бейбіт өмірдің өтеуі.
Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында ауданнан 5 мыңға жуық азамат майданға аттанып, олардың тең жартысы ғана елге аман оралды. Бұл – әр отбасына түскен ауыр қайғы мен ел басына төнген қасіреттің дәлелі. Сонымен қатар, тылда еңбек еткен ерлердің маңдай тері мен қажырлы еңбегін естен шығаруға болмайды. Күндіз-түні қажырлы еңбек еткен тыл ардагерлерінің толассыз тауқыметі – Жеңістің басты тірегі болды.
Қазақстан мемлекеті Ұлы Отан соғысында 4 кавалериялық дивизия, 7 атқыштар бригадасы мен 50-ге жуық жеке полк пен батальон құрды. Жауға атқан он оқтың тоғызы қазақтың жерінде өндірілген қорғасыннан құйылса, 500-ге жуық қазақстандық Кеңес Одағының батыры атанды. Солардың қатарында біздің аудан топырағынан түлеген жерлестеріміз, Кеңес Одағының батырлары Әнуар Әбуталіпов пен Александр Дмитриевич Романов, ерен ерліктің үлгісін көрсеткен танкист Айтманбет Нақыпов пен Үрзімат Мәдиев, Халықаралық «Қызыл Крест» қоғамының «Флоренс Найтингейль» медалінің иегері, дәрігер Рәзия Ысқақовалармен қатар бес мыңға жуық жаңақорғандық Ұлы Жеңіске жету жолында күресті.
Міне, биыл тарихта өшпес із қалдырған, ұрпақтар жүрегінде бабалар ерлігіне деген тағзым мен мақтаныш сезімін ұялатқан Ұлы Жеңіске – 80 жыл! Бұл – мәңгілікке ұмытылмайтын қасиетті күн. Жаудан жығылмаған, қиындыққа мойымаған ержүрек майдангер бабаларымыздың біздерге тарту еткен ең ұлы сыйы. Демек, Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күні – халқымыздың батырлық пен отансүйгіштік рухын дәріптейтін қос мерекесі. Бұл күндер – ел тарихының ең маңызды беттері, ұрпақтар сабақтастығы мен ерлік дәстүрінің жарқын көрінісі. Батыр бабаларымыздың ерлігі – бүгінгі бейбіт күннің тірегі, болашақтың берік негізі.
Дабыл АЯНҰЛЫ,
Жаңақорған ауданы прокуроры