» » ҰБТ: ТАЛАПКЕР НӘТИЖЕСІ ҚАНДАЙ?

ҰБТ: ТАЛАПКЕР НӘТИЖЕСІ ҚАНДАЙ?


Соңғы қоңырау салтанаты жақындаған сайын мектеп бітірушілерінің жүрегі алып ұшып, өскен ұясына қимастық сезімі ұлғая түсетіні анық. Үкілеген үмітпен үлкен өмірге қадам басқалы тұрған жоғары сынып бітірушілері Ұлттық бірыңғай тестінен жоғары балл жинау үшін бар күш-жігерін салып, зейінін білімге бұрады. Талапкерлеріміз талабы қалай? ҰБТ көркеткіші не дейді? Топ жарып, жоғары көрсеткіш жинағандардың қуанышымен бөлісу үшін арнайы аудандық білім бөлімінің әдіскері Жанна Нұрмағанбетованың мәлімдемесін тыңдадық.


Жалпы, білім беруде соңғы жылдардағы ең үлкен ерекшелігіміз – ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) моделінің жүзеге асырылуы. Бұл біріншіден, білім берудің күнделікті сапалық деңгейін, білім стандартының орындалу барысын жүйелі көріп отыруға мүмкіндік беретін, бірыңғай педагогикалық мониторинг бақылау, екіншіден, оқушының он бір жыл алған білімін, мемлекеттік стандарттың орындалу деңгейін нақты анықтайтын өлшем жүйесі. Ол мектептерде мемлекеттік білім стандартының орындауын қатаң қадағалап, білім сапасының деңгейін нақты көріп отыруға толық мүмкіндік береді. Әлемдегі ең үздік мектептер күнделікті өз жұмысының нәтижесін үнемі бақылап, бағалап отыру арқылы ғана сапалы білім беруді қамтамасыз етеді.
Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, Ұлттық бірыңғай тестілеудің биылғы нәтижесі біршама жоғарылағанын байқауға болады.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы 2 мамырдағы №204 бұйрығымен бекітілген «Ұлттық бірыңғай тестілеуді және кешенді тестілеуді өткізу қағидаларына» сәйкес, Биылғы оқу жылында қаңтар-ақпан айларында 1032 түлектің 1099 түлек 89,1% тапсырып, орташа балл 73,5% құраса, наурыз-сәуір айларында 1032 түлектің 1016 түлек 84% тапсырып, орташа балл 79,7% құрап, ҰБТ көрсеткіші бойынша аудандардың арасында алғашқы екінші,үшінші орындарға шығып отырмыз. Бұл жөнінде Жанна Нұрмағанбетова тарқатты.
– Бұл облыстағы жоғары көрсеткіштердің бірі. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Алдағы кезеңдерде осы межені ұстап қалу үшін әрбір талапкерлердің дайындық жұмысын нығайта береміз, – деді ол.

Түйін. Үлкен өмірге қадам басқалы отырған қай түлектің болмасын мақсаты жоғарғы оқу орнының грант иегері атану. Ал, ол нәтижеге жету жолында көп еңбектенудің қажет екені айтпаса да түсінікті. Қас-қағым сәтте төртінші тоқсанды да орталап қалдық. Даңғыл жолға сапар шеккелі тұрған талапкерлердің де көңілдері алаңдаулы екені түсінікті. Дегенмен, әр оқушы өз білімін жоғары деңгейде дәлелдеп шығарына біз сенімдіміз.

Мақпал МАРҚАБАЙ

15 сәуір 2025 ж. 135 0