Ғылым мен руханият тоғысқан күн

Қ.А.Ясауи университетінде “Қазақ тілінің бүгіні мен болашағы, ғылыми жүйедегі маңызы мен әлемдік бәсекедегі рөлі” тақырыбында халықаралық форум өтті. Үш күнге созылған мәжілісте түрлі талқылаулар мен зерттеу жұмыстары сараланды. Алдымен «Қазақ тілі-Ғылым тілі», «Ғылым мен технологиялар тоғысындағы қазақ тілінің болашағы» симпозиумы бастау алды. Одан кейін, «Жасанды интеллект және терминология» симпозиумының ашылу салтанаты өтті. Мақсаты – қазақ тілінің өзекті мәселелерін анықтап, жасанды интеллект арқылы қазақ тілінің терминологиясын дамыту. Симпозиумда алдымен, «Жаһандық жас ғалымдар» фото көрмесі көрсетілді. Жиында университет ректоры Жанар Темірбекова, Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, ҚХТУ өкілетті кеңес мүшесі Дархан Қыдырәлі, вице-президент Шерубай Құрманбайұлы, Bilig журналының редакторы Фырат Пуршат алғы сөз алып, негізгі бағыттар бойынша қысқаша тоқталды.
Профессор Нұғман Аралбайдың басшылығымен жүзеге асқан жоба нәтижесінде «Асыл ағаш, асыл шөп» атты 16 томдық еңбектің тұсауы кесіліп, таныстырылды. Бұл кітап салалық лингвистиканы дамытуға қосылған маңызы бар дүние. Кітаптар қазақ тілі ғылымын дамытуға, биологияны қазақшалауға қосқан ұжымның еңбегі. Жасанды интеллект және терминология тақырыбындағы халықаралық симпозиумының пленарлық мәжілісі аяқталып, соңы секциялық мәжіліске жалғасты. «Жасанды интеллект және терминология» симпозиумы тақырыбы талқыланды. Жиын барысында «Халықаралық ғылым дипломатиясы» атты Workshop өтті. Бұл симпозиумға түрлі ғылыми платформалары мен журналдары қолдау білдірді. Симпозиумға қатысқан жас ғалымдар мен студенттер үшін бұл өз зерттеулерін таныстырып, пікір алмасуға таптырмас мүмкіндік болды.
– Қазіргі таңда қазақ тіліндегі ғылыми журналдардың халықаралық деңгейге шығуы – маңызды міндеттердің бірі. Сондықтан осы симпозиумда ғылыми мақалалардың сапасын көтеру, журналдардың индекстелуі мен дәйексөзденуін жақсарту мәселелері жан-жақты қарастырылмақ, – деді университет ректоры Жанар Темірбекова.
Сонымен қатар, ректор өкілі Нажи Генч халықаралық ғылыми журналдардың маңызы мен редакторлардың рөлін атап өтті. «Бүгінгі симпозиумға қатысушыларға алғыс білдіремін. Бұл жиын түркі әлеміндегі ғылыми басылымдарды бір ортаға тоғыстырып, маңызды мәселелерді талқылауға мүмкіндік береді» деді ол.
Одан бөлек, жасанды интеллекттің ғылыми мақалалар жазудағы рөлін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, ЖИ зерттеу еңбектерін іздеуде, дұрыс сілтемелер ұсынуда және ғылыми жұмыстардың сапасын арттыруда маңызды құралға айналып келеді. Workshop барысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілі Қарлығаш Сәкенова сөз алып, жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың қазақ тілін ғылым тіліне айналдырудағы маңыздылығына тоқталды. Ал Bilig журналының редакторы Фырат Пурташ ғылыми журналдардың жұмысы, зерттеу мақалаларын жариялау процесі және халықаралық стандарттарға сай болудың маңыздылығы туралы баяндама жасады. Workshop аясында келесі тақырыптар бойынша қызықты пікірталастар өтті. «Халықаралық индекстелетін базалардағы журналдардың мақала және жариялау саясаты». «Сапалы мақала жариялау процесін ұйымдастыру техникалары және жасанды интеллект мүмкіндіктері» және «Ұлттық және халықаралық индекстелетін базаларға ену жолдары» тақырыбы талқыланды.
Симпозиумда профессорлар, докторанттар, магистранттар мен студенттер өздеріне көптеген пайдалы ақпарат алды.
Бұл симпозиум бізге не берді? Осыны нақтылап алайық. Студент ретінде мен үшін бұл іс-шара ғылымдағы жаңа трендтермен танысуға, жасанды интеллекттің мүмкіндіктерін көруге және ғылыми мақалалар жазу процесін тереңірек түсінуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ, қазақ тіліндегі ғылыми журналдардың дамуы мен халықаралық деңгейге шығуы туралы құнды ақпарат алдым. Мұндай ауқымды іс-шаралар елімізде қазақ тілінің ғылым тілі ретінде дамуына серпін беретініне сенімдімін.
Симпозиумның соңғы күні руахни шарамен түйінделді. Университет ауласында Наурыз тойы кеңінен аталып өтті. Киіз үйлер тігіліп, ұлттық ойындар ойналды, ән айтылып, күй тартылды. Қонақтарға наурыз көже мен ұлттық тағамдар ұсынылды. Сонымен қатар қойылымдар қойылды. Онда шашу, тұсаукесер сияқты қазақтың салт-дәстүрлері көрсетілді. Бұл күн ғылым мен руханияттың үйлесімді тоғысқан сәті ретінде есте қалмақ.
Дильнұр СҰЛТАНБЕК,
студент