МАЛ ҰРЛЫҒЫНЫҢ АЛДЫН АЛАЙЫҚ

Мал шаруашылығы халқымызға аталарымыздан мирас болып қалған шаруашылықтың бірі ретінде есептеледі. Себебі, тарихтардан қазақ ұғымы пайда болған кезеңдерден мал шаруашылығы туралы да мәліметтер кездеседі. Яғни, мал шаруашылығы қазақ халқының дәстүрлі кәсібі. Осы тұрғыда ауданымыздағы елді мекен тұрғындары негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Шаруаның бұл түрі жергілікті тұрғындардың қосалқы, кей жанұялардың негізгі күн көріс көздерін құрайды. Ол, бүгінгі күні азық қана емес нағыз табыс көзіне айналуда.
Нарықтағы еттің бағасы өскен сайын, мал бағасының құны да көтеріліп, шаруашылықтың бұл түріне қызығушылық артуда. Дегенмен кейбір теріс ниеттегі адамдар бұндай табысқа бейнет арқылы емес, шаруаның қанша еңбегімен өсірген малын жасырын жымқыру арқылы оңай олжаға қол жеткізуді көздейді. Елді мекендерде майда малды (қой, ешкі) пада, кезек арқылы бағу жолға қойылғанымен, осындай бағу әдістері сиыр малын бағу бойынша толық ұйымдастырылмай, аталған түлік қараусыз жайылуда. Ал, жылқы мен түйе малы бұндай бағу әдісіне көнбейтіндіктен оларды өз еркімен жайылымға жібереді және сауын малынан басқасы алыс жерлердегі өрістерде жайылады. Көп жағдайларда ұрының нысанасына ілінетін осы ірі малдар. Олардың қараусыз жүруі мал ұрысы үшін ең оңтайлы сәт. Яғни, малды қараусыз қалдыру арқылы мал иесі ұрының олжалы болуына өзі жағдай жасайды. «Мал ашуы – жан ашуы» - деген халық арасында нақыл сөз бар. Сондықтан, малымыздан шашау шықпай, түгел жүруіне өзіміз әрекет етуіміз қажет. Қазіргі кезде мал бағуға және оны сырттай бақылап отыру үшін заманауи құрылғылар көптеп пайдаланылуда (мысалы, дрон, GPS трекерлер, т.б.). Малды бағуға немесе күнделікті қарап тұруға мүмкіндік болмаған жағдайда, осы заманауи тәсілдерді қолдану қажет. Одан бөлек, қараусыз жүрген малдар автокөлік жолдарына шығып кетіп, жол көлік оқиғаларына да себеп болуда. Тұрғындардың осындай салғырттығы жол көлік оқиғаларынан туындайтын дауларға, ал кей жағдайларда адам өміріне қауіп төндіріп, орны толмас қайғыға әкеп жатады. Құрметті аудан тұрғындары малдарыңызды қараусыз қалдырмаңыздар. Мал қоралардың толық, тиянақты жабылуына назар аударып, сақтық шараларын қолданыңыздар және көлік қатынасы көп жолдар арқылы өріске баратын малдарыңызға жарыққа шағылысатын құрылғылар тағуды сұраймыз. Сонымен қатар, малдарыңызды сырғалап, таңбалап, деректер базасына енгізілуін және құжаттарының сәйкестендірілуін қамтамасыз ету қажет. Малыңыздың ұрланғаны белгілі болған немесе осындай күдік туған жағдайда дереу полиция органдарына (102 номеріне) хабарласыңыз.
Серікбай СЕЙТМАХАН,
аудандық прокуратураның прокуроры