№21 (8835) 23

23 наурыз 2025 ж.

№20 (8834) 18

18 наурыз 2025 ж.

№19 (8833) 15

15 наурыз 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31 
» » СӘЙГҮЛІК МІНІП, САДАҚ ТАРТҚАН СЫР СҰЛУЫ

СӘЙГҮЛІК МІНІП, САДАҚ ТАРТҚАН СЫР СҰЛУЫ


Қазақ қызының қайраттылығы мен батылдығы, тапқырлығы мен сұлулығы ежелден-ақ әлем назарын өзіне аударған. Бұған Томирис ханшайымның жүректілігі, Мәншүк пен Әлияның ерлігі тамаша мысал бола алады. Тағылымға толы тұлғалардың тектілігін жалғап, ұлттық ат спортында ұтымды әдіс-тәсіл өрнегін көрсетіп, еліміздегі дүбірлі додада облыстың намысын қорғап жүрген бұрымдының бірі – Алтынай Срайлды ұлыстың ұлы күні қарсаңында жолықтырып, ел біле бермейтін сырын бөліскен едік.


Бір көргеннен-ақ қос бұрымы иығында бұлғақтаған бойжеткеннің қайсарлығы мен байсалдығы аңғарыл­ды. Ағаларының ізінен еріп, атжалын тартып ұста­ған балаусаның алғашқы бапкері де өз әкесі екен. «Ағаларының ізінен ерген ерке қызым ер мінезді, өзі тым елгезек болды. Жастайынан тай баптап, мал шаруа­сына қолқанат болды. Тиянақты жұмыс істейтіндіктен, мал жамырату, қозы бөлу, су, жем-шөп беру, мал өрістету, тұяқ қағу, қырықтық, қой бауырлату және т.б істерді көріп өсті», – дейді әкесі ағынан жарыла.
Сыр ауылдарының өзіне еліктіріп алатын тұмса табиғаты болады емес пе? Ауасы – саф, суы – бал ауылдың тіршілігіне қанық қыздың мақсаты еліміздің чемпионы атану екен. «Жамбы ату» өнерін меңгеріп жүрген мерген қыз ат үстінде садақ атудың қас шебері.
– Қолым қалт етіп, бір-екі күн демалыс бола қалса, көкеме көмектесуге келем. Тіпті, кейде күн өткізе алмай кетем. Ауылға жеткенде тынысым ашылып, қозы-лақтарымның маңырағанын, жылқының кісінегенін естіп ерекше қуаттанам, – дейді ол.
Ат спортының бапкері Ғалымжан Өміртаев мерген қызды аудандық ат спорты мектебіне алып келіпті.Ол алғашқы қадамынан-ақ биік белестерді бағындырып келеді. Ауданның мақтанышына айналған жастайынан жабағыны жалынан тартып мінген жас, бүгінде арғымаққа қонған. Республикалық «Қыз қуу» өнерін насихаттап, шашасына шаң жуытпайтын жүйрік екенін мойындатқан шебер. Соңғы жылдары «Жамбы ату» өнерін меңгеріп, сайыста шеберлігін шыңдап жүрген жастың тәлімгері Ұлттық ат спортының жетекшісі Ислам Боранбаев: «Алтынайдың ат үстіне қонғанын алғаш көргенде-ақ, жүзден жүйрік боларын білгенмін. Бала күннен ат спортының техникасын меңгерген. Спортшы ретінде оның алар асуы әлі алда», – деп сеніммен айтты.
Бәйге жануары мінезді келеді. Тұяғымен жер тепсініп, танауымен осқырынып тұрған асауға ерлердің өзі жолай бермейді. Мал киесін таныған шопандардың сөзін бақсақ, жүйрік жылқы – жүрегі таза, ниеті адал адамға ғана жалын ұстататын көрінеді. Оның арғымаққа қарғығанын көрген тәлімгер қарулы қыздың қасиетін аңғарыпты. Бүгінде аламанда аты озған «Қырғыз торы» атты сәйгүлікті ауыздықтаған. Асаудан жүрексінбеген қыз: Қазақ халқының құндылығы – пырағы. Жылқы – ақылды дос, сенімді серік. Жануар да адамның іс-әрекетіне қарап, мінезін бағамдайды. Адам көңіл-күйі шабысына күш береді, – деді ол.
«Жылқыда жеті жасар баланың миы бар» деп үлкендер текке айтпаса керек. Көңілі жабыққан кезде қара терге малынғанша шауып, өзінің жігерін қамшылайтын қыздың болмысынан нағыз қайсар қыздың бейнесін аңғардық. Осы секілді басынан кешкен оқиғалармен бөліскен шабандоз мықты болудың сырын ашты.
– Таза табиғатпен тыныстаған, табиғи өнім тұтынатын жанның ауруға қорғанысы мықты болады. Жүрегі таза болса, ешкімге қиянат жасамаса жүйке жүйесі берік болады. Мен осыны түйдім, – дейді ол. Жауабы қысқа болғанымен салмақты ой тастады. Әрі қарай бәйге атын қалай таңдайтынын айтты.
Ер-тұрманды әзірлеу мен жүйрік малды тануды әкесі үйреткен. «Қырғыз торы» секілді тұлпарды қалай тануға болатынын сөз еткен шабандоз ең алдымен бітім-болмысына мән береді екен. Сирағы ұзын, бауыры кең жылқы нағыз жүйрік аты екенін айтты. Оның сымбаты мен сұлулығы кем түспейтін сәйгүлікке қызығушылығы өзгеше екенін бағамдадым.

Мақпал МАРҚАБАЙ

23 наурыз 2025 ж. 127 0