№21 (8835) 23

23 наурыз 2025 ж.

№20 (8834) 18

18 наурыз 2025 ж.

№19 (8833) 15

15 наурыз 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31 
» » Мамандық таңдау – арманыңа самғау

Мамандық таңдау – арманыңа самғау


Жаңақорған кенті орталығында жаңадан пайдалануға берілген Оқушылар үйінің тыныс-тіршілігі де мүлде жаңарған. Көрнекті безендірілген кең залында өткелі жатқан кезекті шара – мамандық таңдау тақырыбына арналды.


Бұл күні орталықта жас жеткіншектер елге еңбегі сіңген, өз саласында табысқа жеткен тұлғалармен жүздесті. Кеш көрермені – аудан орталығындағы «Зерек» интеллектуал­ды мектебінің жоғары сынып оқушылары екен. Кеш шымылдығын түрген Оқушылар үйінің директоры Тоқболат Жолдыбаев орталықтың жұмысы жөнінде ақпар беріп, білімгерлерді келген қонақтармен таныстырды.
Келесі кезек оқушылар сауалдарына жалғасты. «Сіз механизаторлық мамандықты таңдағаныңызға өкінбейсіз бе? деген алғашқы сауалға «Ұрпақтан-ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Әзия Қыстаубаева былай деп жауап берді.
– Өз өмір жолымнан өнеге тарқатар болсам, жұмысты ер-әйелдікі деп бөле алмайтын тәріздімін. 1974 жылы мектеп бітірген соң бес қыз Социалистік еңбек ері Кәмшат Дөненбаева апамызға еліктеп, аудан жастарына үндеу көтеріп, механизаторлар дайындайтын курста оқыдық. Күріш ектік. Кісі бір кәсіппен шектеліп қалуға болмайды. Өндірісте жүріп Алматы ауыл шаруашылығы институтында оқып, экономист-бухгалтер мамандығын алдым. Сунақата ауылында бригадир, партком хатшысы болдым. Көп жылдар ауылдың әкімі болдым. Аудандық әйелдер ұйымын басқардым. Осы уақытқа дейін қоғам қызметінен қол үзгенім жоқ. Әрине, отбасы мен қызметті қатар алып жүру әйел адам үшін жеңіл емес. Екеуін де еңсеру үшін үйлесімді бұзуға болмайды.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылы Мемлекет басшысының қабылдауында болғанымда «Мен қызметте әкім болсам да үйде әйелмін, отбасы, ошақ қасының тізгіні қолымда. Ол қызметімнен мін жібермеуге тырысамын» деген едім. Асылында солай болу керек. Сонда жанұядан береке кетпейді.
Еңбек адамының жағдайын жақсы түсінетіндігімнен болса керек, кезінде техника тізгіндеген, диқан болған көзі тірі аналарды жиі іздеп барып, сәлем беруге тырысамын. Өйткені олар нағыз ер-азаматтың жұмысын еңсерген ер аналар. Барлығы да лайықты марапаттың иелері. Сондықтан ауыр-жеңіл демей, көңілі қалаған істі таңдағанның жолы әрдайым ашық болады дегім келеді, - деп жауап берді.
Білімгерлер осы кешке арнайы шақырылған қонақ – «Жаңақорған тынысы» газеті бас редакторы Баян Үсейіноваға сауал тастап, журналистік мамандықтың қыры мен сыры туралы айтып беруін өтінді. Сондай-ақ, Мәдениет саласының үздігі, әкесінің қара баянын отыз жылдан бері қолынан тастамай келе жатқан өнер саңлағы Әбсұлтан Байкенжеевтің әңгімесі де көптің көңілін тербеді. Одан әрі аудандық емхананың дәрігері Жансая Искакова сөз алып өз кәсібін шын сүйген оның ауыртпалығына мойымайтыны туралы айтса, ауданда қоғамдық мәдени шаралармен қатар отбасылық той-думандарды мазмұнды өткізуге атсалысып жүрген өнер иесі Жансая Төреманова сөз алып, осындай қабілет берген тағдырына риза еткенін айтты.
Кент орталығындағы Асхан атындағы «Зерек» интел­лектуалдық мектебінің бейіндік оқыту істер жөніндегі меңгерушісі Меруерт Оспанованың мамандыққа келу тарихы тіпті қызық. Онжылдықты сексенінші жылдары бітірген қойшының қызы алғашқы жылы емтиханнан құлап қалғанына ауылға қуанып келіпті. Әкесінің жанынан ұзағысы жоқ. Онда қасымда жүріп кәсіп үйрен деп әкесі алдына бір отар қой салып беріпті. Қайсар қыз осы бейнетті еңсерген. Партия қатарына кезексіз өтіпті. Көзге түсіп, жоғары оқу орнына жолдамамен барып Алматы пединститутының түлегі атаныпты. Отыз жылдан астам уақыт аудан орталығындағы №125 мектепте ұстаздық етіпті.
«Бүгінде ер балалар жағы қара жұмысты атқарудан қашқақтайды. Мобилография саласын терең меңгерген маман ретінде сіздің бұған пікіріңіз қандай?» деген сұраққа кеш қонағы – Аманжол Әбдіхамитұлының жауабы жан-жақты мазмұнды өрілді.

– Мен полиграфия саласы бойынша білім алдым. Дизайнермін. Қоғамдық жұмысқа белсене араласамын. Мәдени шараларды техникалық көркемдеп түрлі контенттерде бөлісіп отырамын. Осының қабатында еріктілермен тізе қосып, халыққа жәрдем-көмектің басынан табылуға тырысамын, Өткен жылы су тасқыны төтенше жағдайында көрші облыстарда волонтер жігіттердің қатарында болдым. Бұдан айтпағым, жастар-ел ертеңі. Олар қиындықтан қашпауы керек. Өзін барлық сында ширатып, кәсіби тұрғыда ғана емес, физикалық тұрғыда да шыңдалып отыру керек, – деген кеңестерімен бөлісті.

Кеш қорытындысында мектеп басшылығы мағыналы басқосуды ұйымдастырған Оқушылар үйінің қызметкерлері – Гүлмира Қалқожаева мен Гүлмира Айдарбековаға алғыс айтты. Бағдарламаны музыкалық әрлеп, өзі де әдемі әннен шашу шашып, көрермен көңіліне шуақ құя білген кеш жүргізушісі Жансая Төремановаға үлкен-кіші ризалық ықыласын жеткізді.

Жасұлан Сейдеметов
23 наурыз 2025 ж. 99 0