» » Ашықтық жемқорлықтың жолын кесті

Ашықтық жемқорлықтың жолын кесті

Сыбайлас жемқорлықпен күрес әр мемлекеттің межелі міндеті. Себебі сыбайластық етек жайған, парақорлық тамыралған, жемқорлық дағдыға айналған елдерде даму болмайды. Сыбайлас жемқорлық азаматтардың ертеңгі күнге деген сенімін төмендетеді, халықтың теңдігі мен заңның әділдігіне деген күмәнін еселейді. Сондықтан, өркениет көшіне бет түзеген елдердің қай-қайсысы да жемқорлықпен күреске бірінші кезекте көңіл бөледі. Қазақстан да жегі құртқа қарсы ымырасыз күрес жүргізіп, сыбайлас жетқорлыққа қарсы қадамдарын заңмен шегелеген мемлекеттің бірі. Бұрынғы кеңестер одағының шекпенінен шыққан елдерар асында Қазақстанның алғашқы болып «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» туралы заң қабылдауының өзі кеселді түбірімен жоюға деген жоғары ынтасын көрсетеді.
         Бұл құқықтық құжат 2015 жылы қоғам қажеттілігін, азаматтар сұранысын ескере отырып, жан-жақты толықтырылып «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл» туралы заң болып жаңғыртылды. Аталмыш заң жегі құрттың салдарымен күресіп қоймай, себебін айқындауға, негізгі тетіктерін әшкерелеп жоюға бағытталған. Құзырлы органдар да осы заңды басшылыққа ала отырып өз әлеуеті шегінде сыбайластықпен күресуде. Соның қатарында еліміздің Жоғарғы Соты да бар.
Отандық сот қызметі сот жүйесіндегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алуды мақсат етеді. Оң нәтижеге жету үшін індетке қарсы күрес барынша жүйеленген. Мәселен, Жоғарғы Соттан бастап, облыстық, аудандық соттарға дейін жемқорлыққа қарсы қызметті үйлестіру және міндеттерді айқындау ішкі қауіпсіздік және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бөлімдері жасақталған. Олар азаматтардан түскен арыз-шағымдарды тексеріп, мониторинг жасап, кемшіліктерге жол бермеуге айрықша мән береді. Судьялар корпусы мен сот қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлық факторларының алдын алу үшін және жедел әрекет ету мақсатында «сенім телефоны» үздіксіз жұмыс істейді. Бұл хабарламалардың жауапсыз қалатын кезі жоқ. Кемшіліктерге жол бермеу мақсатында әр хабарламада айтылған деректер терең зерделенеді.
         Сот жұмысында сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қоюдың тағы бір жолы – ақпараттық, насихат жұмыстарымен тікелей байланысты. Мұндай сауаттандыру шарасынан судьялар да, сот қызметкерлері сырт қалмайды. Жаңа заңдарды таныстыру, заңнамаларға қатысты сауалдарға жауап беру, заңдарды қолдану практикасымен бөлісу жақсы жолға қойылған. Өйткені, өркениетті елдердің озық тәжірибесі көрсетіп отырғандай, құқықтық тұрғыдан сауатты азаматтар көбейген сайын, жемқорлық тәуекелдері де азаяды. Сауатты адам сергелдеңге түспейді. Өзінің заңды құқығы мен мүдделерін білетіндіктен, мұндай азаматтардың жемқорлық құрбаны болмайтыны түсінікті. Сондықтан, құқықтық білім мен мәдениетті көтеру жұмыстары бірсәт те тоқтамауы тиіс.
         Сыбайлас жемқорлықтың етек жаюына ықпал ететін тетіктің тағы бірі – қызметтегі түсініксіздік, қолдан жасалған кедергілер. Мысалы, таусылмайтын кезек, қажеті болмаса да сұралатын көпанықтамалар, құжаттағы белгісіздік азаматтарды мемлекеттік құрылымдардан таныс іздеуге, пара беруге мәжбүрлейтін. Осы жағдайларды ескере отырып қазақстандық соттың онлайн қызметтер санын көбейтуге, ашықтық пен жеделдік принципін басшылыққа ала отырып жұмыс жүргізіп келе жатқанына біраз уақыт болды. Жаңа технология жетістіктеріне сүйенген сот құрылымында электрондық сервистердің, онлайн қызметтердің қатары көбейді. Тек «Сот кабинеті» сервисінің өзі сот жұмысын айтарлықтай жеңілдетіп, бірқатар қызметті қашықтан алуға мүмкіндік беріп отыр. Арыз-шағымын, сұранысы мен сауалын онлайн сервистер арқылы жолдап, өзіне қажетті анықтамаларды онлайн алғандықтан азаматтар да сот қызметін кедергісіз, оңай пайдаланып келеді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл сот жүйесінің табысты және кәсіби жұмысының, сондай-ақ халықтың сотқа деген сенім деңгейінің өсуінің кепілі. Бұл ретте сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу ісіндегі ең пәрменді шара сот қызметінің ашықтығы, қолжетімділігі, сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністеріне «нөлдік» төзімділік қалыптастырудың байланысы десек қателеспейміз.
Болат Пазылов,
Жаңақорған аудандық сотының судьясы
Фото: gov.kz
18 наурыз 2025 ж. 53 0