Амал мерекесі. Бүгін 14 наурыз – Көрісу күні

Көрісу күні – қазақ халқының көнеден келе жатқан ұлттық мейрамы. Бұл күн– тек бір-бірімен сәлемдесіп, амандық сұрасу ғана емес, ата-бабадан қалған рухани байланыстарды нығайтатын ерекше дәстүр, халықтың бір-бірімен бауырмалдығын арттыратын, жақындық пен татулықты нығайтатын мейрам.
Көрісу күні таңертеңнен басталады. Адамдар бір-бірінің үйіне кіріп, қол алысып, төс қағыстырып амандасады. «Жаңа жасың құтты болсын!» деген ізгі тілектер айтылады. Қариялар ақ батасын беріп, жастарға өмірде сәттілік тілейді.
Көрісу күнінің тарихы тереңде жатыр. Кейбір зерттеушілер бұл дәстүрдің тамыры көне түркі дәуірінен бастау алады деп болжайды. Қазақ халқы үшін қыстан аман-есен шығу – үлкен қуаныш болған, сондықтан осы кезеңде адамдар бір-бірімен қауышып, жылы лебізін білдірген.
Бұл күннің тағы бір ерекшелігі – қазақ қоғамындағы үлкенге құрмет көрсету дәстүрінің жарқын көрінісі болуында. Кіші жастағы адамдар ауылдың, отбасының, әулеттің үлкендеріне арнайы барып, сәлем беріп, батасын алады. Бұл – тек әдептіліктің ғана емес, халықтың мызғымас салт-дәстүрінің белгісі.
Кейбір зерттеушілер Көрісу күнін Наурыз мерекесінің алғашқы күні деп санайды. Өйткені дәл осы күні қазақ халқы қыс мезгілінен шығып, көктемді қарсы алған. Адамдар қыс бойы көріспеген туыстарымен, көршілерімен қауышып, ақ тілек айтқан. Бұл – табиғаттың жандануы ғана емес, адамдардың жүрегіне жылулық ұялататын күн.
Ежелгі сенімдер бойынша, Көрісу күні амандасып, қол алысқан жандарға жаңа жылда жақсылық еселеніп келеді. Қазақ халқы бұл күні әсіресе ата-аналар мен ақсақалдардың батасын алуға тырысқан. Өйткені қариялардың берген батасы – өмірдің мәні мен бағыты деп есептелген.
Фото: ашық дереккөз