» » Жаңақорған ауданында көрісу күні тойланды

Жаңақорған ауданында көрісу күні тойланды


14 наурыз – Көрісу күні ежелден ұлық мерекелердің бірі. Елдің тыныштығы мен бірлігін көрсететін аталмыш мерекеде жасы кіші үлкенге арнайы барып сәлем беріп, батасын алып жатады. Осы дәстүр бойынша Жаңақорған ауданының орталығында арнайы іс-шара өтіп, жиылған жұрт бір-бірімен қауыша төс қағыстырып, қол алысып, қуана көрісті.
Тағылымды шараға Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасары Бектас Нуридинов арнайы қатысып, барша жиналған жұртшылықты амал мерекесімен құттықтады.
Айтулы мерекеде домбыраны сөйлеткен күйшілер мен жыршылар өнерлерін ортаға салып, "Қамшы ілу", "Қарғыбау" секілді дәстүрлер көрініс тапты. Қазақы нақышта киінген жұрт ұлттық тағамдардан әзірленген дастарханнан дәм татты.
Мерекелік шара аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты.
Айта кетейік, биылдан бастап Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа форматы әзірленді. Осы ретте, 14-23 наурыз аралығында халықтық мерекені тойлауға арналған «Наурызнама» онкүндігі жарияланып, әр күн белгілі бір тақырыпқа арналды.
14 наурыз 2024 ж. 172 0