№32 (8846) 30

30 сәуір 2025 ж.

№31 (8845) 29

29 сәуір 2025 ж.

№30 (8844) 26

26 сәуір 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
» » БАС ИЕМІЗ, АНА ДЕГЕН ТӘҢІРГЕ...

БАС ИЕМІЗ, АНА ДЕГЕН ТӘҢІРГЕ...


Адам баласы үшін ананың орны қашанда биік. «Ана – бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» демекші, әлемде ананың құдіретіне, ананың мейіріміне тең келер ешнәрсе жоқ.


ЖҰМЫСШЫ-АРУЛАРҒА ҚҰРМЕТ


Аудан әкімі Мажит Самитұлы 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай түрлі салаларда жұмысшы мамандықта тер төгіп жүрген әйел-аналарды қабылдап, гүл шоқтары мен тарту-таралғысын табыс етіп, ардақты жандарды төл мерекелерімен құттықтады.
– Сіздерді 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Ерекше мереке қарсаңында өздеріңізбен жүздесіп отыр­ғаныма қуаныштымын. Өздеріңіздей құрметті жандардың мерекесі көктемнің шуақты күндерімен қоса қабат келуінде мән бар.
Сіздер тек отбасының ғана емес, тұтас Отанымыздың тірегі, бірлігіміздің алтын діңгегі­сіз­дер. Әрбіріңіз ауылшаруашылығы өндіріс, коммуналдық салада, кәсіпкерлікте және өзге де нысандарда қызмет етіп, ауданымыздың әлеуметтік - экономикалық, мәдени-рухани дамуына үлес қосып келесіздер.
Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» болып жарияланды. Осыған орай, мереке қарсаңында өз ісіне адал, кәсіби біліктілігімен және қажырлы еңбегімен ерекшеленген жұмысшы мамандары және қарапайым еңбек адамдарымен кездесіп, құрмет көрсетуді жөн көрдім. Бұл марапат – сіздердің еңбектеріңізге деген шынайы құрметіміз бен алғысымыздың белгісі, – деді аудан басшысы.
Мерекелік қабылдауға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірсерік Тақырбасов, кент ардагерлер кеңесінің төрағасы Серқожа Ыдырысов қатысып, ізгі тілектерін жеткізді.
Кездесу соңында ардақты аналар өздеріне көрсетілген құрметке алғыс айтып, ауданның өркендеуіне тілектестігін білдірді.

«Әйел – Ана. Әйел – Ару. Әйел – Гүл»

Мерекелік шара аудандық мәдениет үйінде «Әйел – Ана. Әйел – Ару. Әйел – Гүл» тақырыбымен өрбіді. Алдымен қонақтар мәдениет үйі фойесінде естелікке суретке түсіп, ерекше әсерге бөленді. Салтанатты шара шымылдығын бишілер тобы ашты.
Аудан мәдениет саласы майталмандары аяулы қыз-келіншектерге арнап өлең оқып, көрермен залында отырған ақжаулықты аналарға гүл шоқтарын тарту етті. Әдемі өрілген көріністен соң аудан әкімі Мажит Самитұлы нәзік жандыларды шуақты мерекесімен құттықтап, бір топ ардагер ұстаздарға, батыр аналарға және түрлі салада еселі еңбек етіп келе жатқан аруларға құттықтау хаттар табыс етті.
– Әлемдегі кез-келген ұлт алдымен ананы құрметтейді, ананың алдында басын иеді. Қазақ халқы әйел затының қадір-қасиетін жоғары бағалап, беделін биік қойған. Жер – ана! Отан – ана! Міне, біз ана ұғымын осындай мәртебелі еттік. Асыл дінімізде де «Анаңды Меккеге үш рет апарсаң да ақ сүтін ақтай алмайсың», «Жұмақ ананың табанының астында» деген киелі ұғым бар. Сондықтан қай қоғамда болмасын нәзік жандылардың орны – төр. Кешегі ел егемендігін алған алмағайып, тоқырау тұста азаматтарға тіреу болып, маңдай терін төгіп, елді осынау тығырықтан аналар алып шықты. Қазір де әйелдер қауымының қоғамдағы қызметі орасан. Мәселен, біздің ауданның білім саласының 73 пайызын, медицина саласының 85 пайызын, мемлекеттік қызметкерлердің 25 пайызын қыз-келіншектер құрайды. Қазақ қыздың тәрбиесіне де ерекше көңіл бөлді. Қыз өмірге келсе қуанып, шаңыраққа ырыс-береке кірді, қазына келді деп сүйіншілейді. Оларды отанның ұйытқысы, ары, ұяты деп биік қойды. Өйткені, қыз – ертеңгі ана. Сондықтан барша аруларды, аналарды, ақ самайлы әжелерді Аналар мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! – деп аудан басшысы ыстық лебізін білдірді.
Одан әрі сан салада қызметте жүрген жандарға, ардагер еңбеккерлерге құрмет көрсетіп, алғысын білдірді. Осы күні «Алтын алқа» иегері Назгүл Оразбековаға, «Күміс алқа» иегері Нұржайна Шәріпбековаға және Гүлназым Наметоваларға құрмет көрсетті. Ардагер ұстаз Зөрегүл Сапабековаға “Еңбек ардагері” медалін табыс етті.
Ауданның әлеуметтік-экономикалық өсіп-өркен­деу­іне үлес қосып жүрген мамандық иелері марапат мінберіне көтерілді. Осы қатарда Күләш Жұманқызы, Бақытгүл Нұртайқызы, Зағипа Бегманқызы, Шынар Қожанқызы, Зәуреш Бәкірқызы, Лейла Әуезханқызы, Алия Әбдіманапқызы, Нұрсая Сабитқызы, Мақпал Марқабайқызы облыс әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды. Сондай-ақ, 20-дан аса қыз-келіншектер аудан әкімінің «Алғыс хатына» ие болды.
Мерекелік кеште әнші Кенже Әкімбаева мен Әйткүл Камалованың орындауындағы «Әйелдер мәңгі жасасын» әні қазақ аруларына рух сыйлады. «Ару ана» әнін домбыра мен баянмен орындаған Талғат Тұрсынбаев пен Фархат Бакировке көпшілік ілтипат білдірді. «Арман жырым – аруларым» әнін әуелеткен Әлімхан Ақтаевқа, «Әйел күннің шуағынан жаралған» әнін орындаған Әбсұлтан Байкенжеевке көрермен қошеметпен қол соқты. «Гүл сыйлайық әйелге» прологымен өнер көрсеткен өнерпаздарымыз көрермендер залындағы барша аналарға құшақ-құшақ гүл ұсынғанда ақжаулықты аналарға деген құрмет-қошеметтің мәңгілікке жалғаса беретініне көз жетті.
Халықаралық әйелдер мерекесінде марапат мінберінен көрініп, қуанышы еселенген Назгүл Оразбекова анамыз:

– Бізді осылай құрмет төріне шығарып, мерейімізді үстем етіп отырған баршаңызға алғыс айтамын. Әрине, анаға деген махаббат ешнәрсемен өлшенбейді. 7 нәрестені өмірге алып келгенім үшін Жаратқанға сансыз шүкіршілік етемін. Бала Алланың берген сыйы ғой, бұйыртып жатса қазақтың санын көбейтіп, ұлағатты ұрпақ, иманды ұл-қыз тәрбиелеуге тырысамын. Өзімнің замандастарымды, ізімізден ерген аруларды мерекемен құттықтаймын, – деді ағынан жарыла.

Ана көңілінің дархандығына, ана жүрегінің ізгілігіне тең келер құдірет жоқ. Ана алақанының жылылығынан асқан жылулық жоқ. Бойға қуат, көңілге шуақ дарытатын күш те ананың жүзінде, бір ауыз сөзінде, жүрегіндегі мейірбандықта жатыр. Бір сөзбен айтқанда, мына жарық дүниедегі ең күшті құдірет – ана мейірімі. Сондықтан оларға ілгері ізет, көшелі құрмет арта береді.
Көктеммен бірге келген мейрамға орай ұйымдастырылған кеш аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына жалғасты. Әуезді ән, мың бұралған бимен өріліп, көрермендерге керемет көңіл-күй сыйлады.

Мақпал МАРҚАБАЙ
08 наурыз 2025 ж. 180 0