№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (8808) 7

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » «Әйел – Ана. Әйел – Ару. Әйел – Гүл»

«Әйел – Ана. Әйел – Ару. Әйел – Гүл»



Адам баласы үшін ананың орны қашанда биік. Жұмақ - ананың табанының астында деген сөздің мәні аяулы жанның қадірін ерекше асқақтатып тұрғандай. Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербететін аналарға жүрекжарды лебізімізді күн сайын білдірсек те артық етпейді. Шұғылалы көктемнің 8-ші жұлдызы Халықаралық әйелдер күніне орай аудандық мәдениет үйінде «Әйел – Ана. Әйел – Ару. Әйел – Гүл» атты мерекелік кеш ұйымдастырылды. Алдымен қонақтар мәдениет үйі фойесінде естелікке суретке түсіп, ерекше әсерге бөленді. 
Салтанатты шара мың бұралған бимен басталып, әсем әуенмен жалғасты. Мәдениет үйінің азаматтары бірінен соң бірі аяулы қыз-келіншектерге арнап өлең оқып, көрермен залында отырған ақжаулықты аналарға гүл шоқтарын тарту етті. Әдемі өрілген көріністен соң аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Бекболат Шәріпбеков нәзік жандыларды шуақты мерекесімен құттықтап, бір топ ардагер ұстаздарға, батыр аналарға және түрлі салада еселі еңбек етіп келе жатқан аруларға құттықтау хаттар табыс етті. – Әлемдегі кез-келген ұлт алдымен ананы құрметтейді, ананың алдында басын иеді. Қазақ халқы әйел затының қадір-қасиетін жоғары бағалап, беделін биік қойған. Жер – ана, Отан – ана, тілдің өзін анаға теңеп, оның құдыретін осылай бағалады. Тіпті, Сырдария бойындағы киелі мекенді Сыр – ана деп атауымыз тегін емес. Міне, біз ана ұғымын осындай мәртебелі еттік. Асыл дінімізде де «Анаңды Меккеге үш рет апарсаң да ақ сүтін ақтай алмайсың», «Жұмақ ананың табанының астында» деген киелі ұғым бар. Сондықтан қай қоғамда болмасын нәзік жандылардың орны – төр. Кешегі ел егемендігін алған алмағайып, тоқырау тұста азаматтарға тіреу болып, маңдай терін төгіп, елді осынау тығырықтан аналар алып шықты. Қазір де әйел қауымының қоғамдағы қызметі орасан. Мәселен, біздің ауданның білім саласының 73 пайызын, медицина саласының 85 пайызын, мемлекеттік қызметкерлердің 25 пайызын біздің қыз-келіншектер құрайды. Қазақ қыздың тәрбиесіне де ерекше көңіл бөлді. Қыз өмірге келсе қуанып, шаңыраққа ырыс-береке кірді, қазына келді деп сүйіншілейді. Оларды отанның ұйытқысы, ары, ұяты деп биік қойды. Өйткені, қыз ертеңгі ана, ертеңгі елдің данасы. Сондықтан барша аруларды, аналарды, ақ самайлы әжелерді Аналар мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! – деп аудан басшысы ыстық лебізін білдірді. Одан әрі сан салада қызметте жүрген жандарға, ардагер еңбеккерлерге құрмет көрсетіп, алғысын білдірді. Ауданның әлеуметтік-экономикалық өсіп-өркендеуіне үлес қосып жүрген мамандық иелерін марапат мінберіне көтерді. Әуелі, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иелері Гүлнұр Аблазимова, Жамила Оштанованың кеудесіне медаль тағып, мақтау қағазымен марапаттады. Жаңақорған топырағында алтын алқа иелерінің қатары күн санап артып келеді. Оны жылдағы бала туу көрсеткішімен өлшеуге болады. – Бізді осылай құрмет төріне шығарып, мерейімізді үстем етіп отырған баршаңызға алғыс айтамын. Әрине, анаға деген махаббат ештеңемен өлшенбейді ғой, 7 нәрестені өмірге алып келгенім үшін Жартақанға сансыз шүкіршілік етемін. Бала Алланың берген сыйы ғой, бұйыртып жатса қазақтың санын көбейтіп, ұлағатты ұрпақ, иманды ұл-қыз тәрбиелеуге тырысамын. Өзімнің замандастарымды, ізімізден ерген аруларды мерекемен құттықтаймын, – деп жеткізді ізгі тілегін алтын алқа иегері Гүлнұр Абдулаханқызы. Сондай-ақ, облыс әкімінің «Алғыс хатымен» Талап ауылдық округі әкімі аппаратының заңгері Қаракөз Мадалиеваға, Нұрсұлу Аширбекова, Гүлназ Бектұрғановаға табыс етілсе, аудан әкімінің «Алғыс хаты» халыққа қызмет көрсету саласының ардагері Шарипа Ибрагимоваға, Жаңақорған ауданаралық аурухананың балалар дәрігері эндокринологы Баян Орынбаеваға, темір жол саласының ардагері Кенжегүл Бахтыбаеваға, байланыс саласының ардагері Ариягүл Молдабаеваға, көп балалы ана, кәсіпкер Баян Убайдуллаеваға, пошта саласының ардагері Үміткүл Раманқұловаға, көп балалы ана Мейрамкүл Төртбаеваға, Қыраш ауылдық округінің кітапхана үйінің меңгерушісі Гүлжахан Бейсеноваға, 1 топ мүгедегі Ақнұр Сматоваға, Жаңақорған аудандық емханасының бас мейіргері Тұрғаш Данееваға, 1 топ мүгедегі Рауза Ашироваға, 1 топ мүгедегі Қалдыгүл Құламетоваға, аудандық тарихи өлкетану музейінің меңгерушісі Ажар Жанаеваға, аудандық прокуратурасының іс жүргізуші инспекторы Фарида Байдалиеваға, «Күміс алқа» иегері Камила Пазыловаға, жеке кәсіпкер Гүлзира Талғатқызына, аудандық зейнетақы төлеу орталығының маманы Ақниет Жұмабаеваға, «Заңғар» бастауыш меңтебінің меңгерушісі Гауһар Тұрғанбайқызына, аудандық емхананың «көз көру бөлмесінде фельдшерсубординатор» Гүлмира Сыздықбаеваға, жұмыспен қамту орталығының маманы Нұргүл Сыланбековаға, Қожакент ауылдық округі әлеуметтік қызметкері Сәпия Абдуллаеваға, «Қыран» негізгі орта мектебінің мұғалімі Ханзада Дошанға табыс етілді. Ана көңілінің дархандығына, ана жүрегінің ізгілігіне тең келер құдірет жоқ. Ана алақанының жылылығынан асқан жылулық жоқ. Бойға қуат, көңілге шуақ дарытатын күш те ананың жүзінде, бір ауыз сөзінде, жүрегіндегі мейірбандықта жатыр. Бір сөзбен айтқанда, мына жарық дүниедегі ең күшті құдірет – ана мейірімі. Сондықтан оларға ілгері ізет, көшелі құрмет арта береді. Көктеммен бірге келген мейрамға орай ұйымдастырылған кеш аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына жалғасты. Әуезді ән, мың бұралған бимен өріліп, көрермендерге керемет көңіл-күй сыйлады. Міне, адамзаттың анаға деген құрметі шексіз екенін осыдан көруге болады. Өйткені, анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды. Сондықтан аналарымыз аман болсын, мереке құтты болсын, арулар!

Әсел РЗАЕВА
08 наурыз 2024 ж. 327 0