Ақнұрдың тәттілері

Келінтөбе тұрғындарының жартысынан көбін тәтті тортпен қамтамасыз етіп отырған Ақнұр Әбдібекқызының цехына жолымыз түсті. Аядай ғана ас үйінде тәттілердің түр-түрін пісіріп, тұтынушыларына жеткізіп отырған нәзік жандының еңбекқорлығы сүйсіндірді. Ауылда өзінің брендін қалыптастырып үлгерген кәсіп иесі енді аудан және көршіліес Түркістан өңірінің нарығына жол тарта бастапты.
Қазіргі таңда әйелдер қауымы отбасында ғана емес, қоғамдық жұмыстарда да белсенді. Сан саланың дамуына үлес қосып, кәсібін дөңгелентіп отырғандары да жетіп жығылады. Олардың арасында жастардың көптігі көңіл қуантады. Іскер әйелдер өндіріс, білім, ғылым, денсаулық сақтау, мейрамхана ісі салаларында көп жетістікке жетіп жүр. Кейінгі кездері ауыл шаруашылығымен және басқа да кәсіп түрлерімен айналысып жүрген нәзік жандыларды аз кездестірмейсің. Әсіресе, ірі сауда орындарының сөрелерінде ауданның бренд өнімдері самсап тұрады. Іштей қуанады екенсің, отандық өнімді қолдау деген осындайдан басталады емес пе?
Келінтөбеде төрт мыңға жуық тұрғын болса, тең жартысы Ақнұр Қарабалаеваның торттарына тапсырыс береді екен. Тіпті, ауылда туылып, көршілес өңірлерге қоныс аударғандар да Ақнұрдың өніміне сұраныс жібереді. Біздің бұған көзіміз жетті, өйткені, көше бойын аралап, кез келген тұрғыннан Ақнұрдың өнімін сұрағанда 80 пайызы тұтынушы екендерін мойындады.
– Бұл кәсіпті 2018 жылы бастадым. Бұл бір қызық оқиғамен ұласты. Ауылдағы акушерка құрбым таксиде бірге келе жатып ой тастады. Қолымнан қандай іс келетінін сұрап, нартәуекелге бел бууымды ұсынды. Бірден әлеуметтік желі арқылы үй жағдайында түрлі бәліштерді дайындап, жақын жандарға ауыз тигіздім. Кейіннен ағайын-туыс, көрші-қолаңнан тапсырыс түсе бастады. Содан белді бекем будым да, білек сыбана іске кірісіп кеттім. Бастапқыда қорқыныш болды, өз қаражатыммен басталған шаруаның соңы не болар екен деп күмәнданған едім. Былтыр мемлекеттік грантты жеңіп алып, сәл болса да қолым ұзарды. Шүкір, қазір шағын кәсібім жолға қойылып, ауыл той-жиынына, өзге де мерекелік шараларға тапсырыс толассыз түсуде.
– Күніне қанша тапсырыс түседі?
– Мереке күндері 20-ға дейін тапсырыс түсіп жатады. Былайша күндері он шақты сұраныс келеді. Әрине, бір өзіме ауырлау болады. үлкен қызым Шұғыла жәрдеміме жарап тұр. Көп таныстар тұңғышымды кішкентай кәсіпкер деп те атайды. Негізінен өзім алты перзенттің анасымын, жан-жарым Әділет ер азығы түзде деп, алыс жолдарға сапарлап, тапсырыс орындайды. Яғни, жүк көлігін айдайды. Маған қолдау көрсетіп, демеу болған осы жан-жарым.
– Қазіргі тұтынушылардың талғамы тым биік. Қандай торттарға тапсырыс келеді?
– Бізде торттар тек қана табиғи өнімдерден жасалады. Қызыл бархат, вупи пай, сүтті қыз сынды торттарымызға сұраныс жоғары. Жалпы саны 10-нан аса өнім бар. Алдағы уақытта өзге де жаңа торт түрлерін шығарып, халыққа ұсыну жоспарда бар. Осылайша тұтынушыларымды қуантқым келеді. Өзім осы ауылға келін болғаныммен, көрші Түркістанның тумасымын. Мамандығым аспазшылық, 4 разрядты аспазшы деген статусым бар. Бұған дейін Астана қаласында жұмыс жасап, біраз тәжірибе жинақтағаным бар. Қазір телефон арқылы және үйге арнайы келіп тапсырыс беріп жатады. Әлеуеметтік желі арқылы өнімді жарнамалауға мүмкіндігім болмай жатыр. Өйткені, оған уақыт өте тығыз, тапсырыс көп. Тек «Инстаграм» арқылы аздап жұмысымды жарнамалап тұрамын, – дейді ол.
Әли ТЕМІРБЕК