Кие жатыр қос ішекте ұғына алсаң

Қазақ халқының төл өнері хақында сөз қозғағанда, ең алдымен, домбыра еске түседі. Қадым заманнан бері ұлттық болмысты айшықтап тұратын қос ішекті, көп пернелі аспаптың бүтін бітімінде көненің киелі күмбірі, ұлы даланың тамыры терең тарихы мен сан ғасырлық шежіресі жатқаны анық. Қазақтың рухын қос домбыра үнімен жеткізіп жүрген өнерпаз Алпамыс Тілесханның бойынан сөнбес оттың алауын көргендейміз.
«Қыз Жібек» фильміндегі керемет көрініске арқау болған «Аққу» күйін білмейтін қазақ жоқ шығар. Шығарманың авторы және сол кинодағы нұсқасын алғашқы орындаушы әйгілі күйші Нұрғиса Тілендиевтің қос домбыраны қатар шертетін өзгеше өнері талайдың таңдайын қақтырған-ды. Бүгінде дәулескер күйшінің қағысын айна қатесіз қайталап, елдің назарын аударып үлгерген жерлесімізді үлкен додаға дайындық барысында жолықтырдық.
– Домбыраға деген қызығушылығым бала кезден оянып, ойыншық домбыраны ойнатып, ата-әжеме ән салып өстім. Мектеп жасына жеткенде әкемнен домбыра қағыстарын жаттап, бір-екі әуен үйрендім. Арнайы үйірмелерге қатысып, талабымды шыңдадым. Қызылорда қаласындағы домбыра сыныбында білім алып, қос домбыра шертудің алғашқы қадамдарын үйрендім. Ұстаздарым Төлеш Арман, Қалмаш Асқат ағайлардан дәріс алдым. 2022 жылы республикалық «Жібек Жолы» байқауының бас жүлдесіне ие болып, халықаралық «ALASH STAR» байқауының гран-при жүлдесін алып, үлкен өнер додаларына қатыса бастадым, – деп бастады әңгімесін жас талант.
Күйшілік – қанмен келетін қасиет десек, Алпамыс Тілесханның түп-тамырында ұлттық өнерді дәріптеушілер аз болмапты. Арғы атасы Дүйсенбі қобыз шалып, домбыра тартып, көптеген музыкалық аспаптың киесін ұққан. Өз заманында ақын болып, Нартай Бекежановты жеңген Қызыл ақынды жеңген. Атасы Тілесхан, әкесі Жомарт та күй өнеріне қанық. Әулеттерінде көкесі Асқар Дүйсенбі суырып салма ақын болса, бабасының күйшілік өнері Алпамысқа дарыған. Нағашылары да өнер саласынан кенде емес. Нағашы атасы Акбар жастайынан домбыраның құлағында ойнап, мандолина шерткен. Нағашы ағасы Нұржан Төлендиев сахна өнерінің майталманы. Бір сөзбен айтсақ, жеті бабасынан дарыған асыл қасиеттің ұшқынын өшірмей, ұлттық құндылықты асқақтатуға бел байлаған дарынның шабысы да тым бөлек.
«Қазақстан» ұлттық арнасының «Таңшолпан» бағдарламасының арнайы қонағы болып, алты алашқа өнерін паш етіп, қос домбыраны қатар сөйлетіп, «Аққу» күйін төгілте орындаған ұланның бағындырар белесі әлі алда.
Болашағынан зор үміт күттіретін өнерлі жас №286 тірек мектебінің 9-сынып оқушысы. Сыныпта үздік оқушылардың бірі, мектепішілік парламент мүшесі ретінде қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып келеді.
– Осы мектепке келгелі жаңа тынысым ашылып, жоғары жетістікке жетіп келемін. Ұстаздарым ізденісімді қолдап, талабымды шыңдап келеді. Өзім секілді дарынды жастардың ортасына түсіп, бір-бірімізді дамытуға күш біріктірудеміз. Қазіргі таңда Әлшекей Бектібайұлы атындағы өнер мектебінде музыкалық білімімді шыңдап жүрмін. «Сарыарқа» ұлттық аспаптар ансамбліне мүшелікке қабылдандым. Біз секілді өнерлі жастарды қолдап, әрдайым жанымыздан табылатын мектеп директоры Ләззат Мәшбекқызына, барша ұстаздарға, ата-анама алғыс айтқым келеді, – дейді ол.
Жас күйші Алпамыс Тілесхан қос домбырада күйді еркін орындай алады. Тіпті ол аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық байқауларда жеңімпаз атанып жүр. Әсіресе, қос домбырамен қатар орындалатын «Аққу» күйімен бір емес, бірнеше мәрте бас жүлдені қанжығасына байлапты. Өзіне жеңіс әкелетін бұл шынайы шығарма жайлы, жалпы қос аспаптың құлағында еркін ойнай алатын керемет қабілеті туралы сұрағанымызда, мына оқиғаны баяндап берді:
– Астанадағы Халықаралық өнер байқауында бас жүлдені жеңіп алып, елордамызды аралауға шығып, Ақордадан, Парламент үйіне келгенде Қызылорда облысынан сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мұрат Ергешбаев пен Мұрат Әбенов ағаларыммен кездесіп, баталарын алдым. «Теледидардан тікелей эфирден көрдік. Осы бағыттан айнымай, дара жолың ұзақ болсын, айналайын» деп ақ батасын берді. Мен де ел ағаларының ортасына тұрып, естелік суретке түстім, – дейді кейіпкеріміз.
Арманы асқақ өнерпазым домбырадан басқа да музыкалық аспаптарды меңгерген. Жуырда облыстық байқауда гитарамен сахнаға шықпақ ниетте екен. Наурыз мейрамы қарсаңында байқауға Түркия мемлекеті, Стамбул қаласында өтетін халықаралық өнер байқауына қатысады. Сондай-ақ, Өзбекстан Республикасы, Ташкент қаласында өтетін Халықаралық ұлттық өнер байқауында бақ сынайды. Дүбірлі додада топ жарып шығуы үшін дайындықты күшейткен ұстазы Гүлжан Әлімбайқызы шәкіртінің бәсі биік болатынына сенеді. Біз де жерлесіміздің қадамына сәттілік тілейміз.
Мемлекет басшысының қолдауымен күнтізбемізге Ұлттық домбыра күні қосылса, өңір басшысының бастамасымен руханиятқа көңіл бөлінуде. Бұл – халқымыздың ұлттық өнерін ұлықтау мақсатында жасалған игілікті істің бірі. Домбыраны ұлықтау – ізгілік атаулыны ұлықтау деп білемін. Оның мәртебесі – ұлттық өнеріміздің мәртебесі. Сондықтан биік өнерді мақсат еткен жерлестердің әр жетістігі ортақ абырой дер едім.
Мақпал МАРҚАБАЙ