АНТҚА АДАЛДЫҚ


Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжінде кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 36 жыл толған атаулы күнге орай аудандағы ауған соғысы ардагерлерімен кездесу кеші өтті. От пен оқтың арасынан аман келген, Отан алдындағы борышын қалтқысыз орындаудың үлгісін ертегі емес, аңыз емес, жауынгерлердің өз басынан өткен ақиқаты арқылы әңгімелеп берер «Борыш» атты кітапта жарыққа шыққан болатын.

Колледждің алғашқы әскери дайындық пәні оқытушылары осы азаматтарға құрмет көрсетіп, кәсіптік мектепте түрлі мамандыққа тәрбиеленіп жатқан түлектермен жиірек кездесуіне үнемі мүмкіндік жасап отырады. Бұл қадам жеткіншектер бойына отансүйгіштік қасиетті орнықтырып, сертке адалдыққа тәрбиелейді.
Біздің өткен тарихымызда тұтас он жыл, 1979 жылдан 1989 жылға дейін кеңес жауынгерлерінің Ауған жеріндегі ұрыс қимылдарының бел ортасынан табылуы өз уақытында да, бүгін де кеңестік саясаттың өзін ақтап ала алмайтын ақтаңдағы ретінде адамзат айыптаған ауыр сын екені ақиқат.
КСРО бас хатшысының нұсқауы бойынша 1979 жылдың желтоқсан айында кеңес әскері ауған жеріне келіп кірді. Ол кезде он бес одақтас республиканың бір орталыққа бағындырған қуатты кеңестік армиясы қатарында әскери борышын өтеуге міндеттелген интернационалист жастар санасында ортақ Отанын қорғауға қызмет етемін деген қасиетті борышты арқаланған ұлы міндет қана тұрды.
Ауған соғысына қатысушылар қатарында 22 мың қазақстандық жауынгердің мыңнан астамы соғыс даласында көз жұмды. Өз облысымыз­дан аттанған 827 солдаттың 18-і қаза болды. Бүгінде ауданымыздан қатысқан азаматтарымыздың саны елуге де жетпейді. Елге аман келсе де жанға батқан сырқаттың салдарынан ертереу көз жұмғандардың жас өмірі халі өкінішті.
Ұлттар татулығын тірек еткен, тәртіпке бас иген, патриотизмді берік қамал еткен сол отты күндерде жалын ғұмырын отан алдында берген сертке құрбан етіп, қаншама қиындықпен, тіпті ажалдың өзімен бетпе-бет келсе де берілмей, ерліктің үлгісін көрсеткен толқынның ерлігін ұрпақ білуі тиіс.
Колледж залында өткен салтанатты кешке қатысушылар ортаға енген ҚР Мемлекеттік Туын салтанатпен сап түзеп қарсы алды. Мемлекеттік Әнұран орындалды.
Кездесу кешін ашып беру үшін сөз алған жаңақорған аграрлы-техникалық колледждің директоры міндетін атқарушы Тәттімбет Абдраимов төмендегіше ой өрбітті:
– Сенімі ақталмаса да сағы сынбаған, қаншама азапты оқиғаларды көрбен көріп, жаны түршіксе де жігері мұқалмай, елге келген соң да халық қызметінің түрлі саласында қажырлы қызмет етіп жүрген ағаларға құрмет көрсету – борышымыз. Осы аға буынның антқа адал, қайратты мінезінен аларымыз әлі көп. Әрбіріңіз аман жүріп, рухты мінезді ұрпақтың тәрбиешісі болып, тәуелсіз еліміздің тұғырын биіктете беріңіздер, – деді. Келесі кезекте колледж студенті Тасхожа Жаннетта солдат сағынышы өрнектелген «Анаға хат» өлеңін оқып берді.
Қазірде арамызда бірге өмір сүріп жатқан ауған соғысы ардагерлерінің әрқайсысы бір-бір шежіре іспетті.
Майдангер қаруластар қатарында жас өскіннің алдына шығып естелік айтқан Ауған соғысы ардагері Серік Азнабаев ағамыз:
– Ауғанстанға ең алғаш өткендер қатарында 1989 жылы 25 желтоқсанда ауданнан төрт азамат болдық. Біз алғашында алты ай құм арасында әскери дайындықтан өттік. Өзбекстаннан ауған жеріне Термез арқылы кірдік. Біздің алғашқы сезіміміз басқа болатын. Соғыс жағдайы дегеннің не екенін білмеппіз. Оқ астында қалған бірінші күні-ақ өлімді көзбен көріп, жарақаттану дегеннің қасіретін жанымызбен сезіндік. Бірақ сонда да жасып, үрейленбедік. Бұған сол кездегі мықты идеологиялық тәрбиенің де әсері болды деп ойлаймын. Бала кезімізден спортпен шұғылданып, батылдыққа қызығатынбыз. Нағыз ерлерше жүріп-тұрудың үлгісін бойға сіңіруге ұмтылдық. Тіпті армияға сұранып баратындар көп еді. Армияға бармаған жігіттің қадірі жоқ, қыздарға ұнауы қиын, көзқарас солай еді. Сайып келгенде батылдық – бабалардан келе жатқан мінез, ұстанымның үлгісі емес пе?
Әркімнің туған отаны бар. Отанның мүддесі деген болады. Оның жауынгері ретінде борышымызды атқарып, атымызға сын келтірмесек дедік.
Майданға менімен бірге аттанған жауынгердің бірі – Мұхтар Нарымбетов ауған даласында қайтыс болды. Қалған екеуі мүгедектік халде үкімет қамқорлығында. Бастысы, бұйрықты орындауда бұғып қалмаған жауынгер ретінде арымыз таза, еңсеміз биік. Батыр аталарымыздай алдыңғы қатарда жүрдік. Ер азаматтың міндеті – елді қорғау. Бәріңнің де озық білім мен денсаулықтың иесі болып, тәуелсіз еліміздің мықты қорғаны болып жүрулеріңе тілектеспін, – деді.
Түлектер ардагер жауынгерлер алдында «Жас ұлан» әскери патриоттық ұйымына өтіп салтанатты түрде ант қабылдады. Ұйымның арнайы төсбелгісін тағу үшін Жаңақорған аудандық қорғаныс істер бөлімімінің әскерге шақыру және әскерден тыс жұмыс бөлімшесінің бастығы, майор Бағдат Сағатұлы және аудандық ауған соғысы ардагерлері бірлестігінің төрағасы Қуаныш Әбіләкімов мінбеге көтерілді.
Осы кеште облыста өткен ҚР Білім саласының үздігі Сексенәлі Рахановты еске алуға аоналған техникалық және білім саласы өкілдері арасында өткен стол теннисінен жүлделі екінші орынды жеңіп алған колледж қызметкерлер облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасына ие болды. Ең басты жүлде-кубок табысталды. Сондай-ақ сайыста арнайы номинация иегері Сымбат Қалдарбековаға марапаты тарту етілді. Шараны колледж директоры орынбасары Алмат Мампаев қорытындылап, келген қонақтарға рахметін айтты.

Баян ҮСЕЙІНОВА
15 ақпан 2025 ж. 133 0