Жұқарған жүйке, амалсыз күй ме?

Соңғы бес жылдың статистикасын сөйлетсек, жүйке жүйесінің бұзылысы анықталған науқастар саны артқаны байқалады. Денсаулық сақтау департаментінің мәліметінде науқастардың көбі жасөспірімдер екені айтылуда. Жүйке жүйесі ауруларының қалай алдын алуға болады? Неврологиялық ауруға шалдыққан адамға қандай күтім керек? Осы және өзге де сұрақтар төңірегінде тарқатамыз.
КӨЛІКТЕГІ ОҚИҒА
Таңсәріден бірі жұмысқа, бірі оқуға ағылған халықтың арасында түрлі жәйттердің орын алатыны заңдылық. Осындай бір оқиғаны сөз етсем, жол бойынан көлік тоқтатқан егде әйелдің өктем даусы өңменімізден өтіп кетті.
– Әй, таксит бала, жылдам айт, емханаға апарасың ба?
– Иә, отырсаңызшы, жүрейік.
Тик-токтағы ақпаратқа тойып алған адамның сөзі. «Бес минутта жет, болмаса ақша жоқ» деп бақырайып қарап тұр. Екеуінің сөзіне тоқтам салайын деген бір апамыз «Неменеге асығуы керек, жалғыз отырған жоқсың, аман-есен жетсек болар» дегені сол еді, әлгі әйел ауызына келгенді көкіді. Ой, тоба-ай, діттеген жерге келгенде жолақысын да төлемей тайып тұрды. Білетіндер, ол кісінің күндегі қылығы осылай жалғаса беретінін айтты. «Жүйкесі тозған-ау» дестік.
Айналамызға зер салсақ, мұнан да зоры бар. Жүйкесі жұқарып, болмашыға ашу шақыратын өкпешілдер көп. Психикалық бұзылу адамның өзіндік жай-күйінің ауытқуынан ғана емес, ол негізінде экологиялық фактор мен психологиялық титықтауға жататын «психосоматикалық аурулар» деп аталатын жағдаяттар есебінен де көбейіп келеді. Ең алдымен, қоғамдағы өзгерістер, әлеуметтік саланың нашарлауы жүйкесі жұқа адамдарға қатты әсер етті. Жұмыссыздық, халық тұрмысының төмендеуі, жетіспеушілік, тағы басқа себептер де жағдайды шиеленістіріп тұр.
МАМАН ПІКІРІ
Психологтардың мәлімдеуінше, екінің бірі депрессия шеңберінде өмір кешуде. Тарқатып айсақ, қызметтегі кикілжіңдер, кездейсоқ жұмыстан шығып қалу, жақыныңнан айрылу, қымбат дүниені жоғалту кезінде адамның психикасына әсер береді. Жүйке дертіне шалдыққандардың жүрек ауруына ұшырау қаупі сау адамдарға қарағанда екі есе жоғары. Жүйке жүйесі аурулары адам ғұмырын қысқартып, тез қартайтады. Бұл туралы емхананың невропотологы Жанна Искендрова тарқатты.
– Жүйке ауруларының тағы бір жиілеп кетуінің себебі – сырт көзге дені сау көрінетін көптеген адамдар қоғамдағы, отбасындағы түрлі қарама-қайшылыққа толы жағдайларды ойлап, жан күйзелісінде жүреді. Іштей сарыуайымға бой алдырып, жан күйзелісінде жүретін адамның ағзасында кінәрат бар екенін сырт адам байқай қоймайды, – дейді маман.
Егер жүйке ауруының бастапқы сатысында ем алмай асқындырып алса, кеселдің психиатриялық сырқатқа ұласып кетуі әбден мүмкін. Бастан жарақат алу, дене қимылын жасамай бір орында тапжылмай отыру да жүйкенің ырғақты жұмысын әлсіретіп, жон арқаның ауруы, жұрт арасына кеңінен тараған остеохондроз сияқты ауруларға ұшыратады. Мұндай аурудың асқынған түрінің алдымен инсульт алдыртып, соңы өлімге душар етуі мүмкін. Оған мидағы кейбір қан тамырларының жіңішкеріп, ағзаға тарайтын қан ағысына бөгет жасауы түрткі болады. Медицинада қанның қоюланып, ұйыған түйіршегінің тамырды бекітуін тромб деп атайды. Бұл өте қауіпті. Егер ондай адамға дәрігерлер дер кезінде көмек көрсетпесе, ондай адамның ажал тырнағында кетуі ықтимал.
АГРЕССОРЛАРДАН СОРЛАП ЖҮРМІЗ
Жыл басында Астана қаласында өз туыстарын қынадай қырған агрессордың оқиғасы интернетке тәуелділіктің арты немен тынып жатқанынан хабыр берді. Өзгені сөз етпейік, өзіміздің ауданда да агрессорлар сор болып тұр. Мектеп жасындағы балалардың көбі интернет желісіне тіркеліп, желілік ойындарды қыздырып отырғаны жасырын емес. Кибер әлемнің алдау-арбауына бұғанасы қатпаған балаларымыздың арбалып жатқаны жанымызға батады.
Статистиканы сөйлетсек, өткен жылы невропотологтан өткен балалардың 90 пайызында ауытқушылық басым болған. Мұны дәрігерлер телефон ойындарын көп ойнаудың әсері деп ұғындырады. Интернет ресурсындағы ойындардың жүйке жүйесіне әсері қандай? Біріншіден, жоғарыда айтылғандай, Интернет дәл осы қылмыстық құндылықтар қозғалысына керемет мүмкіндіктер береді, яғни қылмыстық топтар ішінде және олардың арасында байланыс орнатуды қамтамасыз етеді. Екіншіден, бұл орта өз «батырлығыңыздың» «заттай дәлелдерін»: ұялы телефонға түсірілген қатігездік пен агрессия көріністерін көрсетуге мүмкіндік береді. Белгілі болғанындай, көп жағдайда мұндай жазбаларды әлеуметтік желілерге оқушылар салып жатады. Біріншіден, жоғарыда айтылғандай, интернет дәл осы қылмыстық құндылықтар қозғалысына керемет мүмкіндіктер береді, яғни қылмыстық топтар ішінде және олардың арасында байланыс орнатуды қамтамасыз етеді. Екіншіден, бұл орта өз «батырлығыңыздың» «заттай дәлелдерін»: ұялы телефонға түсірілген қатігездік пен агрессия көріністерін көрсетуге бейім келеді. Белгілі болғанындай, көп жағдайда мұндай жазбаларды әлеуметтік желілерден байқауға болады. Демек, біз өз балаларымдың жүйкесін сақтау үшін телефонында өткізетін уақытын қадағалау керек.
ТҮЙІН. Жүйке жүйесі бір бұзылса ұзақ уақыт ем-дом жасалады. Қамшының сабында қысқа өмірде ең қымбатымыз денсаулықтың қадірін білмеу қасірет. Мейірімнен ада етіп, жауыздыққа жетелейтін жайттардан іргемізді аулақ салар кез келді. Сондықтан, баға жетпес уақыттың қадірін қал-қадірімізше ұғана түссек болғаны.
Мақпал МАРҚАБАЙ